Атырау, 29 қараша 15:23
 ашықВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Кәртішкең болсын қалтаңда

2 326 просмотра

2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап сауда нүктелері төлем кәртішкелері арқылы төлем қабылдайтын арнайы құрылғылармен жарақталуы тиіс. Бұл туралы бізге облыстық салық департаменті бастығының орынбасары Айгүл РЗАҒҰЛОВА хабарлады.

 

АРНАЙЫ ТӨЛЕМ ЖҮЙЕСІ

– Биылғы жылдың 21 маусымындағы «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбін заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы бойынша «Ақша төлемi мен аударымы туралы» ҚР Заңының 11-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өз қызметтерін жүзеге асыратын жерлерде төлем кәртішкелері арқылы төлемдерді қабылдауға арналған жабдықтарды орнатуды қамтамасыз етуге міндетті, - дейді Айгүл Рзағұлова. Оның айтуынша, төлем кәртішкелері арқылы төлемдерді қабылдау туралы заң 1998 жылы қабылданған. Алайда бірқатар себептерге байланысты бұл тәжірибеге енбеген. Кейінірек 2004 жылы үкімет сауда және қызмет көрсету мекемелерінің17 санатын белгілеп, олар төлем кәртішкелері арқылы төлем қабылдауға міндеттелді. Енді жүйені енгізуге дұрыстап кірісті, бірақ ол кезеңмен енгізілетін болады. Жаңа жылдан бастап өз қызметін жалпыға бірдей тәртіппен жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жабдықтарды орнатуы тиіс. Ал заң салық режиміне қарамастан, 2014 жылдан бастап саудамен және ақылы қызметтер ұсынумен айналысатын барлық кәсіпкерлерге қолданылады.

Бұл жаңа ереже әзірге өздері өндірген ауылшаруашылық өнімдерін, аквамәдениет (балық аулау) өнімдерін  бөлшек және көтерме саудаға шығаратын, сондай-ақ, жайма сөрелер (шатырлар, дүңгіршектер, контейнерлер) арқылы сататын  заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге, сонымен қатар, жалпы қолданыстағы коммуникация жүйелері жоқ жерде орналасқан сауда нүктелеріне қолданылмайды, - деп атап өтті Айгүл Рзағұлова.

 

«ТЕРМИНАЛ УАҚЫТША ЖҰМЫС ЖАСАМАЙДЫ»

Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы жаңа ереженің артықшылықтары мен кемшіліктерін атап өтті. Артықшылықтары: қолма-қол ақшаға қатысты, дұрыс есептемеуге (кем беру, артық алу және т.б.) байланысты проблема туындамайды, кезек болмайды, төлем кәртішкесін пайдалану анағұрлым қауіпсіз, оны ұрлау қиынға соғады. Бұл тәжірибе пайданы бақылау мен салық салу жүйесі  үшін қолайлы тәжірибе. Бірақ кемшіліктері де жоқ емес. Халық арасында еңбекақыны кәртішкемен алмайтындар да бар.

Әзірге бизнес үшін ғана проблема көп болады: терминал орнатуға кез-келген жерде техникалық мүмкіндік жоқ қой. Банктер өздерінің POS-терминалдарын пайдаланғаны үшін комиссия алады. Терминал арқылы аз ақша өтетін болса кәсіпкерлер үшін шығынды болатын шығар. Ал банкке күн сайын белгілі бір айналым болуы керек. Тәжірибелі терминал ұстаушылар банктердің ақшаны сол күні аудармайтынын айтады, - деп өз пікірімен бөлісті Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының директоры Нина ТЕМІРБАЕВА. – Ал жалпы бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Тек өтпелі кезең болуы тиіс, кәсіпкерлерге уақыт керек. Ал клиенттің қолма-қол ақшамен бе әлде кәртішке арқылы төлегісі келе ме, таңдауы болуы тиіс. Бүгінгі күні бізде көптеген сауда нүктелері, мысалға, супермаркеттер POS-терминалдарды қолданады. Алайда «Терминал уақытша жұмыс жасамайды»  деген хабарландырудың ілініп тұрғанына және байланыс жоқ немесе кей кәртішкелер қабылданбайды және т.б. деген желеулердің қолданылатынына талай куә болдым.

 

ҚОЛМА-ҚОЛ АҚША ШЕГІ - 1 618 000 ТЕҢГЕ

ҚР Ұлттық банкінің ақпаратына сәйкес, 2012 жылдың 1 қарашасындағы ахуал бойынша, банктер 11,8 млн төлем кәртішкелерін шығарған. Оларды қолданушылар саны 10,7 млн адамды құрады. Дебет кәртішкелері анағұрлым кең таралған, олардың үлесі 81,3%, несиелік кәртішкелер үлесі – 16,5% құрайды. Атырау облысының еншісінде 465,3 мың кәртішке бар (457,5 мыңы дебеттік және 7,8 мыңы несиелік), оларды пайдаланушылар саны – 427,4 мың адам, 1 548 POS-терминалдар орнатылған.

POS-терминалдарды орнату заңды деңгейде қарастырылған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жаңа талаптарды орындамағаны үшін жаза қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, - дейді Ұлттық банктің Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ. – Екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлердің өтініші бойынша жабдықтарды орнатып, оларды қолданғаны үшін 1 пайыз шамасында болатын белгілі бір төлемақы алады. Бұл төлемақының кәсіпкерлер үшін ауыр болмайтынына сенімдімін Ол мөлшері бойынша тіпті ақша есептеп, сұрыптайтын, инкассалау қызметін атқаратын кассир мен есепшінің еңбегін төлеу шығындарынан да аз. Банктің төлем жүйесіне байланысты, соның ішінде ақша аударылымының кешіктірілуіне қатысты проблемаларға келер болсақ, мұндай жағдайда Ұлттық банкке шағым жазу керек.

Егер сатып алушы қолма-қол ақшамен төлегісі келсе, сатушының одан бас тартуға құқығы жоқ. Алайда қолма-қол ақшамен беруге болатын сома енді 1 000 айлық есептік көрсеткішпен (АЕК =1 618 теңге) шектелетін болады. Егер сатып алу сомасы 1 618 000 теңгеден асса, онда ол операция қолма-қол ақшасыз есептеу бойынша жүргізілуі тиіс.

Төлем кәртішкесі арқылы төлеу – көпшілік мақұлдаған дүниежүзілік тәжірибе. Көптеген елдерде еркін айналымда қолма-қол ақша мөлшері өте аз. Қазақстанда заңның орындалуын қамтамасыз етуге келер болсақ: жеке кәсіпкерлер үшін - 40 АЕК, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 60 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 80 АЕК көлемінде айыппұл салынады.  

 

БАНКИРЛЕР ЖЕЛКЕЛЕРІН ҚАСИДЫ

«Бетпердесіз» ашық сөйлесуге екінші деңгейлі банктердің өкілдері келіспей, баспасөз бетіндегі бүкіл жарияланымдардың бас кеңсемен мақұлдануы тиіс екендігін желеуретті. Нақты мақұлдау мерзімін ешкім айтпады. Ал құпиялылық шартымен банкирлер анағұрлым ашық сөйлесті.

Сөйтсек, екінші деңгейлі банктердің өздері де сауда нүктелері мен кеңселерге жаппай POS-терминалдар орнатуға дайын емес боп шықты. Осыншама қысқа мерзімде жабдықтардың көп партиясын сатып алып, оны орнату мүмкін емес екен. Жыл аяғына дейін бар болғаны екі апта уақыт қалды. Ал жабдықтарға тапсырыс беру, оған қоса мамандармен келісім-шарт жасау,  тікелей жеткізу және орнату көп уақыт алатын көрінеді.

Дегенмен екінші деңгейлі банктердің барлығында дерлік осы салада белгілі бір жұмыс тәжірибесі бар. POS-терминалдардың алғашқы қолданушылары - ірі сомаларға операциялар жүргізетін ірі және орта бизнес кәсіпорындары болды. Енді оларға шағын бизнесті де қосу жоспарланып отыр. Банк үшін мұның жақсы екендігінде күмән жоқ. Транзакция өткізу үшін комиссия «өз» кәртішкелері үшін 1 пайыз және «бөгделер» үшін шамамен 3 пайыз құрайды. Банк қызметкерлері мұның кәсіпкерлер үшін қиынға түсетінін жасырмады. Өйткені олардың шығындары артады екен. Неліктен екенін түсіндіріп өтті: банкке жабдықтың өзінің құнын ақтау керек, оған байланыс үшін төлемді қосыңыз. «Бөгде» кәртішкелерге келер болсақ, банк картішкені шығарған банкке пайызын беруі тиіс, оған өз маржасын қосады. Осыған байланысты банктердің алдында жабдықтарды орнату рентабельділігі туралы мәселе тұр. Көп сауда жасайтын және тұрақты түрде қомақты пайда түсіріп отыратын қала орталығындағы сауда нүктелеріне, танымал сауда үйлеріне артықшылықтар берілетін болады. Банкирлердің шамамен есептеулеріне сәйкес, айына 200 мың теңгеден аз ақша түсіретін нүктеге POS-терминал орнату тиімсіз. Ал ақтарыла сөйлеген қызметкерлердің бірі айына 500 мың теңге пайда түсетін дүкен болса да, банк үшін терминал орнатудың мәні жоқ екендігін мойындады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

14 желтоқсан 2012, 16:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.