Атырау, 20 сәуір 00:16
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Атырау экологиясы: министр неге таң қалды

5 770 просмотра

Атырау облысында экологиялық проблемаларды шешудің жол картасы әзірленуде - бұл құжат мұнайлы астанада экология министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұльфұхар ЖОЛДАСОВ, Атырау әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн-кеңесте таныстырылды. Алдын ала айтар болсақ, «жол картасына» өзгертулерді дайындау үшін жұртшылыққа бір апта уақыт берілді, содан кейін ол екі апта ішінде түпкілікті нұсқада ұсынылады.

- Осынша жылдар бойына Атырауда қалыпты жұмыс істейтін тазарту қондырғыларының болмауы қайран қалдырады, - деді Жолдасов. - 2018 жылы біз Атырау МӨЗ-ін тексеріп, биологиялық және механикалық тазарту қондырғыларының өте нашар жұмыс жасайтындығын анықтадық. Сасықсайда тазартылмаған сарқындылардың мөлшері көп.

Оның айтуынша, «Қазгидрометтің» 6 станциясы мен НКОК-тың 20 станциясы «үйлестірілген», ақпарат солардан алынады. Бірақ Атырау МӨЗ-нің 4 станциясынан ақпарат кешігіп келеді, ал ТШО мен НКОК периметріндегі автоматтандырылған станциялар мүлдем мәлімет бермейді. Жиналысқа қатысқан ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ Жолдасовтың осы айтылған сөзіне қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.

- Тағы бір ауа ластаушы – қоқыс полигоны. Тек бір тексеру барысында біз ШРК-ден сынаптың 11 есе асқанын, формальдегидтің 1,2 есе, фенолдың 2,68 есе, күйенің 156 есе, аммиактың 1,55 есе асқанын анықтадық. Полигон үнемі өртенеді, - деді Жолдасов.

ӘКІМ ТІЗІМІ

Қала әкімі Қайрат Оразбаев әкімдік жұмыс жасап жатқан немесе енді қолға алатын бірнеше мәселеге тоқталды

Біріншісі – 20 жыл тазартылмаған 15 шақырымдық Мостовой өзегі.

- Биыл алғаш рет 20 мың текше метр су сорып алдық, бұл жұмыстар жалғасады. Тамызда каналды тазартуға кірісеміз, - деді Оразбаев.

Жабайы қоқыстар – қалада 11 ірі қоқыс алаңы бар. Бүгінде, әкімнің айтуынша, олардың 9-ы толық тазартылған. Бұл мақсатқа 84,7 млн теңге бөлінді.

Полигон – қоқыс сұрыптаудың жолға қойылғанына қарамастан полигонның өз проблемалары бар. Ол жылдар бойына өртеніп, экология тұрғысынан тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп тұр.

- Біз мұны түсінеміз. Оң жағалаудағы полигон құрылысын жандандыру қажет. Инвесторларды тарту мәселесін ойластырып жатырмыз. Бізге заманауи қоқыс полигонын жасау керек, бұл мәселеде көп кешігіп қалдық, - деп мойындады Оразбаев.

Өнеркәсіптік кәсіпорындар қала үшін экологиялық ауыртпалық туғызады.

- AМӨЗ бойынша айтсақ, ол іс жүзінде қала шеңберінде орналасқан. Ауқымды көгалдандыру жүргізілместен, жылдар бойына өнеркәсіптік базалар салынды. Бізде жөндеу жұмыстарын қазіргідей ыстық кезеңде емес, анағұрлым қолайлы күнтізбелік күндерге, яғни, сәуір, қыркүйек айының ортасына ауыстыру секілді бірнеше ұсыныс бар.

Булану алаңдары, Сасықсай - ондаған жылдар бойы сарқындылар төгіліп, еш тазартылған жоқ. Оразбаев кәріздік тазарту станциясының (КТС) құрылысы пандемияға байланысты кешеуілдегенін, жабдықты жеткізуге қатысты қиындықтар болғанын түсіндірді.

- Қазір жабдықтарды алдық, іске қосып, реттейтін мамандарды күтіп отырмыз, жыл соңына дейін КТС-ты іске қосамыз деп ойлаймын. Ал бұл өндірістік қайта пайдалану үшін тәулігіне 70 мың текше метр деген сөз. Бұл булану алаңдарын босатып қана қоймай, сарқынды суларды қайта пайдаланып, Жайықтан су тұтынуды азайтуға мүмкіндік береді.

Атырау әкімі егер КТС құрылысы биыл аяқталса, келесі жылы оң жағалауға қатысты шешім табылады деген үмітін білдірді. Ол бойынша қала әкімдігінің бірнеше нұсқасы бар, негізінен ол суды ауыл шаруашылығына тұтыну үшін қайтаруға арналған.

- Содан кейін бізді тоқтатып, республика бойынша орталықтандырылған шешім болатынын айтты, - деді әкім. - Біз бұл мәселеде қолдау күтеміз: не бізді бөлек жіберу керек, не шешімді тездету керек. Егер бүкіл Қазақстан үшін КТС құрылысы жобасының қолайлы нұсқасы жасалса, бұл өте үлкен шығындарды үнемдейтінін түсінемін, бірақ біздің күтуге уақытымыз жоқ. Біз ондаған жылдар бойы күттік.

2018 ЖЫЛДЫҢ ЖЕЛТОҚСАНЫНДА БАЛЫҚ НЕГЕ ҚЫРЫЛДЫ?

Әрі қарай қоғам белсенділері сөз сөйледі. Арман ХАЙРУЛЛИН қазіргідей бірнеше күннен кейін емес, шығарындылар туралы ақпарат түскеннен кейін бірден тексеру жүргізуге рұқсат беруді ұсынды. Бұдан басқа, оның айтуынша, экология департаментінде бар болғаны 8 инспектор жұмыс істейді, ал бұл өте аз.

- AМӨЗ өз посттары бойынша ақпаратты бір күннен кейін ғана береді. Неліктен министрлік бұған әрекет етпейді? - деп сұрады Хайруллин. АМӨЗ бас директоры Шухрат Данбай түсіндіргендей, 4 постта орнатылған бағдарламалық басқару «Қазгидрометте» орнатылған бағдарламаға қосылмаған.

- Қаржы салып, бейімдейтін бағдарламаны анықтап, сатып алып, қосу қажет. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Танымал экология белсендісі Шынар ІЗТІЛЕУОВА қоршаған ортаны қалпына келтіру шараларына көбірек қаражат бөлуді ұсынды. Ол 2018 жылдың желтоқсан айында Жайықтағы экологиялық апат туралы еске түсірді:

- Әлі күнге дейін жұртшылық балықтың жаппай қырылу себебі туралы нақты жауап ала алмады.

Ізтілеуова экологиялық медицинаны дамыту мәселесін де көтерді. Өйткені Атырауда пневмониямен ауыратын науқастар санының көп болуына үнемі күкіртсутек шығарындысының тасталуы себеп болып отыр:

- Егер коронавирустың екінші, үшінші толқыны болса, экологиялық осал аймақтар халқының иммунитеті нашарлығынан зардап шегетін болады.

«Қазгидромет» РМК бас директоры Данара ӘЛІМБАЕВА Атырау соңғы бірнеше жыл бойына ластану деңгейі жоғары қалалардың қатарында тұрғанын айтты. Ол атмосфералық ауаның жағдайы туралы ақпаратты қала бойынша лед-экрандарда көрсетуді ұсынды. Оразбаев бұл мәселені шешуге уәде берді.

Ендеше жол картасының жүзеге асқанын күтеміз. Тағы да тек айтылған сөз күйінде қалмаса болғаны.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

1 тамыз 2020, 12:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.