Бізге облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының жас буын әртістерінің бірі, өз рөлдерімен киелі сахнаның шырайын келтіріп, өнерсүйер көрерменнің көзайымына айналған актер Нұрбек СЪЕЗХАНМЕН(суретте) әңгімелесудің сәті түскен еді.
- Нұрбек, театрға қалай келгеніңіз жөнінде қысқаша қайырсаңыз.
- Мен өзім Ақмола облысының тумасымын. Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Музыка Академиясын актер өнері және режиссура кафедрасының театр және кино актері мамандығы бойынша тәмамдадым. Сол кездегі Атыраудағы Махамбет атындағы қазақ драма театрының директоры Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ Астанаға барып, біздерді көріп, танысты. Атырау облыстық мәдениет басқармасынан да ұсыныс хат келген соң ойланып, шақырту бойынша 2008 жылдың тамыз айынан бастап осында жұмысқа келген жайым бар.
- Сіздерге жас маман ретінде баспана берілді ме?
- Баспана беріледі деген, бірақ қай кезде екенін нақты айтпаған екен. Қазір де театр басшылығы өзге өңірлерден келген әртістерге үй жалдап беріп, көмектесіп отыр. Бірақ бір пәтерді бірнеше қызметкер бөліседі. Ал мен осы жерге келгесін үйлендім, отбасылы болдым. Жолдасым да осы театрда балетмейстер болып қызмет атқарады. Жанұя болғасын көпшілікпен тұру қиындау ғой, сондықтан қазір бөлек үй жалдап жүрміз.
- Біздің қаланың басқа өңірлерден айырмашылығы қандай?
- Жасыратыны жоқ, осыған дейінгі 4 жылда бұрынғы облыс әкімі мен басшылық спектакльдерге келіп көрмепті. Облыстағы жалғыз театрдың жағдайы қалай, қандай тірлік жасап жатыр деген шын көңілмен келген ешкім болмады. Атырауда театр бар екенін, көптеген жаңа қойылымдар қойылып жатқанын білмейтіндер де бар екен-ау деген де ой келді. Соңғы кездері көптеген ауыс-түйістер орын алып жатыр, жаңа әкім тағайындалды. Ол кісі жақын арада біздің театрға келді, орынбасарлары да қойылымдарды тамашалап, жалпы бізбен танысып жатыр. Оған дейін ондайды көрмеппін. Қарапайым халықтың өзі де театрды түсіне бермейді. Театрда жұмыс жасаймын десең, драма театр ма деп сұрайды, мен айтам «облыста театр біреу-ақ» деп, олар оны филармониямен де шатастырып жатады. Көрермен әртүрлі ғой, шындығына келгенде, көбіне спектакльдерге студенттерді қуып алып келеді. Дегенмен, қазір жақсарып келе жатыр, бәріне күйе жаға беруге болмайды, көрермен жиналатын болды, бірақ әлі аз.
- Аншлаг бола ма?
- Аншлаг болады, мысалы, «Супер келін» комедиясына халық көп келеді, кейде билет таппай жататын кездер де болды. Ол спектакльде өзім де ойнаймын. Халық осындай дүниелерге көп жиналады. Ал классиканы көбі түсіне бермейді, қиынсынады, ауырлау көреді. Бірақ түсіндіру, оны халыққа жеткізе білу - біздің міндетіміз. Қызықтыра алмай жатсақ, көрермен жиналмай жатса, біздің қателігіміз деп ойлаймын. Көрерменді тарта білу керек.
- Қандай рөлдерді сомдадыңыз және өзіңізге ең жақыны қайсысы? Армандағы кейіпкеріңіз қандай?
- Мен театрда барлық спектакльде дерлік ойнаймын. Өзімнің барлық рөлдерімді жақсы көрем. Аса бір дайындықпен, үлкен жауапкершілікпен келетін рөлім – белгілі режиссер Асылбек ЫХСАН қойған америкалық драматург, Нобель сыйлығының лауреаты Юджин О`Нилдің «Шырмауық астындағы шырғалаң» драмасындағы Эбин рөлі.
- Өз жұмыстарыңыз үшін марапаттауларға ие болдыңыз ба?
- Марапаттар, Алғыс хаттар, Құрмет грамотасын жыл сайын аламын. Кезінде басшылардың бірі маған ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Құрмет грамотасын бергенде: «Қашанғы осы бір жапырақ қағазды бере бересіңдер, кілт бермейсіңдер ме?» деп әзілдегенім бар еді (күліп қойды). Бірақ қазір бұл басқарманың да басшылығы ауысып кетті...
- Шығармашылық тоқырауды қалай өткересіз, жалпы өмірде күрескер жансыз ба?
- Бұл шығармашылықта күйзеліс деген болып тұрады. Бастысы - өз жұмысыңды жақсы көруің керек. Жақында үш күн жұмысқа келмей жаттым, үйге сыймай кеттім, жан-дүниеммен осында асықтым. Театрда репитиция болсын-болмасын, осы театрға келмей отыра алмаймын. Бір күнім театрсыз өтпейді. Мен театрмен демалам, театрмен өмір сүрем. Мен өзімді таптым деп ойлаймын.
- Актерлік мамандығыңыздан басқа той-жиындарда асаба болып жүретініңізден де хабардармыз.
- Иә, рас. Себебі осынау қымбат қалада театр жалақысына ғана өмір сүру қиындау. Бірақ, мен үшін бастысы – менің сүйікті театрым.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА