Атырау, 24 наурыз 01:56
Таңертең ашық+10, күндіз +13
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 376.40  € 427.36  P 5.86

Көтер басыңды - жүгір, жүз, жұлқы, соқ, ат!

13 желтоқсан 2012 00:00

17 желтоқсанда «Тірек-қозғалыс аппараттары зақымданған мүгедектерге арналған дене тәрбиесі және спорт» Атырау қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 10 жыл толуы аталып өтіледі. Біз осы бірлестіктің басшысы Бауыржан ТАХАУОВПЕН әңгімелескен едік.

«ЖС» мәліметі: Бауыржан Бақытұлы Тахауов, 44 жаста, тірек-қозғалыс аппаратының 3-топ мүгедегі (аяқ протезі), отырып волейбол ойнаудан Қазақстан құрамасының аға бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

- Сіздің қоғамдық бірлестік өз жұмысын неден бастағанын әңгімелеп беріңізші.

- Біздер – тірек-қозғалыс мүгедектері үйде бос отырмас үшін біріктік. Отырып ойнайтын волейбол командасын құруды шештік, иә, осындай паралимпиадалық ойын түрі бар. Сол кезде команда қолында тек бір волейбол добы ғана бар еді.

Бізге жаттығу алаңын «Мұнайшы» спорт кешені мен команда ойыншыларының бірі Аман ӘЖІҒАЛИЕВ дене тәрбиесі мұғалімі болып жұмыс жасайтын №1 мектеп-интернат тегін ұсынды. Жалпы, тұрақты жаттығу залы жоқтығы қашанда үлкен мәселе болатын. Бұл өзімізге жеке орынжай бергенше солай боп келді.

«Атырау» командасында алғашқыда Манас Қожасов, Манас Боқсақбаев, Владимир Ким, Төретай Майлықбаев, Әлібек Әбитов және Аман Әжіғалиев сынды жігіттер ойнады. Екі жылдан кейін 2004 жылы біз тұңғыш рет Қазақстан чемпионатында қола медальға ие болдық. 2008 жылы Қазақстан Кубогын ұтып алдық.

Тәжірибемізді арттыруда бізге Паралимпиадалық Ойындардың қатысушысы, Ресей құрама командасының мүшесі, ауған соғысына қатысушы Танатхан БУКИН көп көмегін көрсетті. 2008 жылы ол Атырауға келіп, «Атырау» командасында легионер ретінде ойнады.

Сол жылы «Мүгедектердің спорт клубы» КМК құрылды. Облыс бюджетінен қаражат бөліне бастады. Біздің команда жаңаша ойын өрнегін көрсетті. Ойыншылар клубтан жалақы ала бастады. Жаттығулардың ұзақтығын арттыратын мүмкіндіктер пайда болды. Біз командаға кәсіпқой, дені сау бапкер Оңғарбек Досахаевты жалдадық. Клуб спортшыларының саны арта түсті.

- Бұрынғы ойыншылар бүгінгі күні немен шұғылдануда? 

- «Атырау» командасымен өз жолын бірге бастаған алғашқы ойыншылар қазір бапкерлікпен айналысуда. Сол кезден бастап «Атырау» командасының мүшелері 2 дүркін Қазақстан чемпионы, Қазақстан Паралимпиадалық ойындарының, Польшаның Эльблонг қаласында өткен халықаралық турнирдің 2 дүркін жеңімпазы атанды. 2010 жылы Құрама Штаттарда болған әлем чемпионатының бірінші дивизионында жеңіске жетті және 2009 жылы Иранда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.

Мен құрама команданың жетістіктерін «Атырау» командасының табыстары ретінде айтуымның себебі, Қазақстан құрамасындағы он бір ойыншының алтауы біздің ойыншыларымыз. Бұлар: Нұрлан Ахметов, Қуаныш Тажиков, Александр Демеуов, Ернар Матеуов, Жанғали Сиуов. Жеткен жетістіктері үшін үш ойыншыға облыс әкімдігі Жилгородоктағы тұрғын үйден пәтер берді. Осы жеңістердің арқасында бүгінгі күні Қазақстан Жоғары дивизионда әлемнің үздік 12 құрамасы арасында ойнайды.

- Жергілікті басқару органдары сіздерге тағы қандай көмек көрсетті?

- 2011 жылы Қазақстанда бірінші рет Атырауда мүгедектерге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДСК) ашылды. Біз басқа да паралимпиадалық ойын түрлерін дамытуға мүмкіндік алдық. Пауэрлифтинг топтары ашылды. Онда Қазақстан тірек-қозғалыс мүгедектері арасындағы чемпионаттың жүлдегері Ильяс Телеуғалиев бапкерлік жасайды. Ол бұдан 5 жыл бұрын біздің қоғамда бапкер Николай Николаевич Занкевичтен тәлім алған болатын. 38 келі көтерген, қазір 117-ні бағындырады. Бұл - біздегі ең әйгілі спорт түрлерінің бірі.

Бапкер Гүлнар Иманалиеваның жетекшілігімен өтіп жатқан үстел теннисі тобы жарты жыл бұрын ғана ашылып еді. Бізде қазір Қазақстан чемпионатының 6 қатысушысы бар. Олардың бесеуі жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарында.

Оқ ату тобы бар, онда бапкер – Юрий Пупукин. Мұнда Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Руслан Айтбаев, М. Боқсақбаев және М. Қожасов жаттығу жасайды.

Жеңіл атлетика тобын бізде Х. Досмұхамедов атындағы университеттің дене тәрбиесі кафедрасының профессоры Нұрлан Мамбетов жүргізеді. Онда көру, есту және тірек-қозғалыс аппараттары зақымданған мүгедектер жаттығады. Мұнда да өз қаћармандары бар: Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Мақсот Қанатбаев, қола жүлдегер Самал Бағытова, 1200 метрге жүгіруден және ядро лақтырудан чемпион Орынбасар Мұқанов.

Біздің облыста 14 мың мүгедек бар, солардың жартысынан көбі Атырау қаласында тұрады. Әр түрлі санаттағы мүгедек балалар 2 мыңға жуық. Мен солардың ата-аналарына балаларыңызды ДСК-ге әкеліңіздер дегім келеді. Бізде көптеген балалар үстел теннисімен айналысады. Оларды ата-аналары әкеліп, алып кетеді. Үйде отырғаннан жақсы ғой.

Біздер садақтан ату тобын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрі. Облыста мұны бірінші рет қолға алғалы отыр. АМӨЗ бізге 1 млн теңге бөлді. Біз осы ақшаға балаларға арналған 4 садақ, 4 ересектер садағын, нысаналар, қолғаптар, сондай-ақ, оқ атуға арналған мылтық пен тапанша алдық. Бапкер Ю. Пупукинді Мәскеуге оқуға жібердік. Келген бойда топ жинауға хабарландыру береміз.

Мүгедектер үшін ағзаны қалпына келтіруде жүзу үлкен маңызға ие. Қазір «Мұнайшы» спорт кешенінің бассейні облыстық дене тәрбиесі, спорт және туризм басқармасының құзырына берілді. Облыстық спорт бөлімінің бастығы Қазбек Иманғалидің шешімі бойынша, дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері 40 мүгедек 1,5 сағат жүзумен шұғылданады. Осындай жаттығуларды ұйымдастырғаны үшін облыс әкімдігіне және облыстық спорт бөліміне алғыс айтқымыз келеді.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.
 

2231 рет қаралдыБасты бет Поделиться:
formulasna.kz

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Басты бет