Атырау, 29 қараша 15:48
 ашықВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Желтоқсан, тәуелсіздік, Жаңаөзен

13 000 просмотра

16 желтоқсан: бүгінде бұл күн қалай қабылданып жүр? Біз осы сауалды қала тұрғындарына қойып көрдік. 

Қайрат Көшекенов, құрылысшы, 47 жаста: Мен бұл күнді әдеттегідей мейрам деп қабылдаймын. Бұл - Тәуелсіздік күні ғой.

Әнуар, 23 жаста: Әрине, бұл үлкен мейрам ғой. Бірақ мен бұл күнді ойласам, менің санамда ең алдымен 1986 жыл, содан соң Алматы тұрады. Сол кездері осы тәуелсіздік үшін қазақтың талай қыз-жігіттері аянбады емес пе?!

Артур Масалимов, теңізші, 21 жаста: Бала күнімнен бұл күнді бізге Қазақстанның тәуелсіздік күні деп үйретті. Сондықтан, мен бұл күнді біздің еліміздің ең басты мейрамы ретінде қабылдаймын.

Гүлфайруз Қайырғалиева, АМУ-дың тарих-филология факультетінің деканы: Бұл Кеңес империясының құрдымға кетіп, Қазақстанның айдай әлемге танылған күні.

Талғат Алпысбаев, АМУ-дың «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы:  Бұл күні маған 1986 жылғы жастардың көзсіз ерлігі еске түседі. Менің де студенттік жылдарым, жастық шағым Алматыда өтті. Әр жылдың осы уақытында Алматыдағы достарыммен сол сәтті еске ала, жоғына құран бағыштап, барына амандық тілеп хабарласып тұрамыз.

Айбек У., геолог-барлаушы, 37 жаста:

- Бұрын бұл күн 16 желтоқсан күні – 1986 жылғы жастардың көтерілісімен және 1991 жылы тәуелсіздігімізді жариялаумен астасып жататын. Бірақ, бұл оқиғаларды менің санамнан өткен жылғы Жаңаөзен оқиғасы сызып тастады. Құдды, жүрекке таңба түскендей. Мен билікке басқаша қарайтын болдым. Саясат саласындағы жаңалықтарды қарап, елдегі өзгерістерді күтетін болдым.

Тимур Бектұр, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, ІТ маманы, блоггер:

- Мен үшін бұл күн еркін сөйлеп, еркін ойлап, еркін жүріп-тұрудың парқына көз жіберетін күн. Жаратқанға осы үшін шүкір етелік. Тәуелсіздігіміз баянды болсын. Ол тек қана Нұрсұлтан Назарбаевтың емес, ол сенің және менің жауапкершілігімдегі қастерлі күн.

Жәукен Көшенов, Қазақстан коммунистік халық партиясы (ҚКХП) Атырау филиалының жетекшісі: Мен үшін бұл күн екі оқиғамен байланыстырылады. Біріншісі, 86-шы жылы жастардың Алматыдағы алаңға шығуы. Екіншісі – біз тәуелсіздік алған, өз рәміздеріміз, өз валютамыз пайда болған 1991 жылдың 16 желтоқсаны. Бізді сол кезде басқа елдер мойындай бастаған еді.

Жұмабай Доспанов, қоғам белсендісі: Ең алдымен мен үшін бұл Қазақстанның Тәуелсіздік күні. Сонымен қатар өткен жылдың желтоқсанында Жаңаөзенде орын алған қанды оқиғаны да ешкім естен шығармайды. Менің ақпаратым бойынша, келер жылдан бастап Тәуелсіздік күнін Президент күнімен қатар 1 желтоқсанда атап өтетін боламыз. Шамасы, әйгілі ақсақалдар 16 желтоқсанда қан төгілді, қанеки, Тәуелсіздік күнін басқа уақытқа ауыстырайық деп айта бастайтын шығар. Содан соң бұл орындалады.

Сауалнаманы жүргізген

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА

 

13 желтоқсан 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.