Атырау, 20 сәуір 17:22
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

"Ханның қызысыз ба?": Әбдіқалықова желіде тараған видеоға түсініктеме берді

Бейнежазба
10 424 просмотра

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұған дейін Жаңақорған ауданының тұрғыны Қызылорда облысының әкімі келеді деп жолды жауып тастағанын айтып, видео жариялаған болатын.

Әбдіқалықованың айтуынша, аймақ басшысы да, аудан әкімі де жолды жабуға ешқандай тапсырма бермеген.

"Бүгін Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы ауруханаларды аралап, дәрі-дәрмекпен, оттегімен қамтамасыз ету мәселелерін қарап жатырмын. Осындай іссапар кезінде Жаңақорған ауданы инфекциялық ауруханасының қасында Сандуғаш Тұрлыбекова деген әйел маған келіп, жолдың жабылғанын айтты", - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар ол осы істің мән-жайын анықтауды облыстық полиция департаменті басшысына тапсырғанын жеткізді.

"Мен жолды жабу туралы тапсырма берген жоқпын, аудан әкімі де ешқандай тапсырма бермеді. Сол жердегі ішкі істер бөлімінің басшысы да ондай тапсырма берілмегенін айтып отыр. Бұл учаскелік полицияның шешімі болса, оның іс-әрекетіне қатысты облыстық департамент басшысы Сұлтан Бектөреге тапсырма бердім", - деді Әбдіқалықова.

Енді полиция департаменті учаскелік полицияның іс-әрекеті қаншалықты дұрыс екенін, қандай кемшілік жібергенін анықтайды.

Айта кетейік, желіде тараған видеода Жаңақорған кентінің тұрғыны Әбдіқалықованың алдынан шығып, облыс әкімі боласыз ба деп нақтылап сұрайды. Содан кейін қоғамдық көлік жарты жолдан тастап кеткенін, жолдың жабылғанын айтады.

"Сіз осында келе жатырмын деп жолды жаптырдыңыз ба? Бізді жолдан түсіріп кетті. Жолды жаптыратын ханның қызысыз ба? Неге келе жатқанда осылай жасайсыздар? Халықты қорлайсыздар, халықпен бірге емессіздер", - деген болатын облыс тұрғыны.

Видеода облыс әкімі жолды жаптырмағанын айтқан.


16 шілде 2020, 18:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.