Атырау, 21 қараша 22:40
 ашықВ Атырау +4
$ 495.20
€ 522.34
₽ 4.94

Коронавирус: атқарушы билік

4 621 просмотра

Бергей Рысқалиев пандемиямен күрес жайлы

"АЖ" басылымында Атырау жұртшылығының облыстағы пандемия жағдайы жайында президентке жолдаған хатын жариялағанбыз. Елімізде негізгі мәселе болып тұрған жайтқа орай қарапайым тұрғындардан бастап, бұрынғы шенеуніктерге дейін редакциямызға хабарласып, ұсыныс, тілек, өз ойларын айтты. Солардың ішінен облыстың бұрынғы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен  Асқар Аманғалиұлының ұсыныстарына орай алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

- Асқар Аманғалиұлы, сіз Атырау облыстық әкімдігінде түрлі лауазымды қызметтерді атқардыңыз соған сай басқарушы ретінде тәжірибелісіз деуге болады. Дәл қазір қарапайым тұрғындар ғана емес, атқарушы биліктің өзі үрейде.  Өңір халқы осыған дейінгі әкімдердің ішінде еңбегі зор сіңді деп санайтын әрі жиі айтатын Атырау облысын басқарған Бергей Рысқалиевтің командасында алты жыл еңбек еттіңіз. Сіз жұмыс істеп жүрген кезге осы бір ауыр жағдай тура келгенде қалай күресетін едіңіздер? Мәселені шешудің тиімді әрі жылдам нәтиже беретін төте жолы қандай?

-Бұл адамзатқа ортақ қасіретті сынақ болып тұр. Біз қазірде екінші толқын бола ма деп қорқып отырмыз (мүмкін екінші толқын басталып та кеткен шығар, оны ешкім білмейді), адамдарды үрей билеген, не істерін білмей сабылып жүр. Бірақ қол қусырып отыруға тағы болмайды. Қорыққан жұрт ешкімге сенбейтін болған, дәрігерлерге де, билік өкілдеріне де. Өйткені оларға ешкім көмектеспей жатыр. Әркім өзінің білгенін жасап әлек, өз бетімен дәрі-дәрмек іздеп жүр. Ең сорақысы, өздері ештеңе істемегенімен қоймай, қара халықтың сабылып жүріп тапқан   дәрісін "заңсыз, қолды қылдыңдар" деп тартып алады, өз ақшасына сырттан дәрі әкеліп, лицензиясы бар медициналық мекемелер арқылы халыққа тегін таратқан кәсіпкерлерге шүйлігеді.

Сіздің сұраққа айтар жауабым – мұндай кезде "Америка" ашудың қажеті жоқ. Осы жолдан өткен, әлі де күресіп жатқан мемлекеттердің тәжірибесін алсақ жеткілікті. Сол тәжірибелерді жинақтап, Қазақстан жағдайына сай ең тиімді жолды ұстансақ жеткілікті болар еді. Індет біздің облысты белең алып, жағдай ушыға бастаған кезде мен де бір ауырып тұрдым. Тура сол кезде бұрынғы басшым Бергей Рысқалиев қоңырау шалып, хал-жағдайымды сұрады. Сол сәтті пайдаланып мен одан қиын-қыстау сәтте "облысымызға қалай көмектессек болады?" деп сұрадым. Өзіне қатысты мәселенің бәрін батыс елдерінің сотында шешіп, адалдығын дәлелдеп, ресми түрде ақталған, дүниежүзінде емін-еркін жүре алатын жанды мен ешқашан қылмыскер деп есептеген емеспін. Мен оның күрмеуі қиын мәселелерді қалай шешетінін жақсы білемін, ол барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, күш жұмылдырып, соңынан адамдарды ерте алатын азамат.

Бергей Рысқалиев Атырау облысын басқарған уақытта өзінің іскерлігін сан мәрте дәлелдеді. Екеуміз індет туралы ұзақ әңгімелестік, оның пікірін қойын дәптеріме жазып алуға тырыстым, кей жайттарды мүлт жіберіп алған шығармын. Бірақ есіме түсіруге тырысайын.

Ал енді сұраққа келейік. Коронавирус Қытайда алғаш жайыла бастағанда, қарсы шаралар қабылдағанына қарамастан әлемге тарап кетті. Олар да індеттен қорғанудың түрлі шараларын ойластырды. Шынтуайтында, олардың бір-бірінен айырмасы жоқ.

Өкінішке қарай, біз көп уақыт жоғалтып алдық. Соған қарамастан, біздің командамыз жұмыс істегенде, бұл індетті 10-14 күннің ішінде ауыздықтай алар еді деп сенімді айта аламын.

"ТЕНДЕР ӨТКІЗІП УАҚЫТ ЖОҒАЛТУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ"

Оның үстіне бұл Атырау облысы ғой. Бюджетте ақша болмай қалған күннің өзінде (жоқ болуы мүмкін емес), облыстың қоры көп. Бұл аймақта ірі әлемдік және ұлттық компаниялар жұмыс істейді, тендерлерімізді игеріп жатқан кәсіпкерлер бар. Мұндай кезде Үкіметтен және ұсақ кәсіп иелерінен көмек сұрадың қажеті де жоқ және ол тиімсіз.

1. Бірінші кезекте облысты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Алдымен емдеу әдістерін, хаттаманы және ұсынатын емдеу кестесін Үкіметпен және Денсаулық сақтау министрлігімен талқылап, олардың рұқсатын алу керек. Әр ел бұл дертті өз әдісімен емдеп жатыр, бізге бір ғана кестені алып қарап отырмай, осы ауруды жеңіп шыққан түрлі елдердің тиімді әдістерін қоса қарастыру керек. Атырау сияқты коронавирустың таралуы жағынан алдыңғы орынға шыққан аймақтың өзінің жеке хаттамасы мен емдеу кестесі болуы керек деп есептеймін.

Бірақ бұл мәселе Үкіметтің деңгейінде, сондықтан емдеу әдісіне қатысты нақты тапсырманы солар береді, қандай қажетті дәрі-дәрмекті, құрал-жабдықты сатып алуды да солар айтуы керек. Қалған шаруаны әкімдік шешуі тиіс. Рұқсат алғанға дейін қарап отырмай, шетелдік компаниялармен алдын-ала жеке-жеке келіссөз жүргізіп, қажетті дәрілер мен құрал-жабдықтарды жеткізуге дайын болуын қадағалау қажет.

ТШО компаниясымен келіссе,олар аса қажет дәріні тауып әкелетініне және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететініне сенімдімін. Оған қоса Қашаған жобасында да түрлі еуропалық компаниялар бар, олар облыс халқын дәрімен, ӨЖЖ аппараттарымен қамтамасыз етуде аянып қалмайтыны анық. Әрине, біздегідей дәулетті мемлекетте тұрып, біреуге қол жайып, тегін сұраудың қажеті жоқ. Егер бюджетте ақша болмаса, алдағы уақытта олар салық төлемдерін жүргізген уақытта шығындарын қайтарып алатындай етіп келісімшарт жасасуға болатын еді.

Дәріні іздеп сандалудың да қажеті жоқ. Әлемде дәрілерін, аппараттарын жарнамалайтын, қажет кезде қажетті жерге дейін өндірушінің зауытынан тікелей жеткізіп беретін жүздеген компания бар. Жеткізуге көмектесетін кәсіпкерлерді жұмылдыруға болады. Мұндай қиын-қыстау кезде облысымыздың ірі инвесторлары көмек қолын созатынына сенімдімін, тек олармен дұрыстап келіссөз жүргізу керек.

2. Онымен қоса, Атырау облысында жұмыс істейтін ірі ұлттық компаниялардың, АМӨЗ-дің бірінші басшыларымен (барлық басшылар орталықта, жергілікті жетекшілер ештеңе шешпейді), ірі кәсіпкерлермен кездесу керек. Олардың келісімін алғаннан кейін төлем жөнінде алдыңғыдай келісімшарт жасасып, бюджетке түскен салық есебінен қайтаратын болып келісіп, оларға дәрігерлерге, медбикелерге қорғаныс құралдарын және кереует-төсек орындарын, т.б. жеткізуді тапсыру керек. Құрал-жабдық сынды қажетті заттарды жеткізушілер де көп. Науқастарды орналастыру үшін ғимарат іздеудің қажеті жоқ.

Әлемде мұндай жағдайда көрмелерді, спорттық ғимараттарды пайдалану тәжірибесі бар. Қазір олардың бәрі бос тұр. Бір кездері біз Атырауға 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін (ДШСК) және әрбір аудан орталығына бір-бірден ДШСК салып бердік. Жайықтың сол жақ және оң жақ бетіндегі бір ДШСК және аудандағы ДШСК арнайы бөліп, жергілікті дәрігерлермен келісе отырып, қажетінше кереуеттер орналастырса дұрыс болар еді. Егер мамандан бір жерге мынанша төсек-орандар жеткіліксіз десе, басқа ДШСК-лерді пайдалануға болады. Осы уақытта шұғыл түрде жергілікті кәсіпкерлермен келісімшарт жасасып, (егер ақша болмаса, болашақтағы салық есебінен), қуатты желдету жүйесін (вентиляция), ауа баптағыштар (кондиционеры)орнатып, әжетхана санын көбейтіп, науқастарды емдеу әдісіне сай келетіндей етіп (әрине мұндай жерлерде әлемдік стандарттар болмайды, бірақ ауруларды емдеуге орташа деңгейде жағдай жасауға болады) жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Жергілікті кәсіпкерлермен келісімшарт жасасқан уақытта олардың азғантай табысын да ескеру керек, себебі қазір оларға да оңай соғып жатқан жоқ. Сол кезде әкімдікке науқастарды мамандармен келісе отырып, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ету жұмысы қалады. Дене шынықтыру кешендерінде жүздеген адамға арналған асхана жабдықтаудың қажеті жоқ, карантиннің кесірінен жабылып қалған, банкротқа ұшыраудың алдындағы шағын тамақтану кәсіпорындарымен келіскен жөн. Олардан сапалы тамақ сатып алу керек,екіншіден әрі тұралап қалған бизнесін жүргізесіз.

Ондай компаниялар да жетіп артылады. Ал дене шынықтыру кешеніне әкелген тамақтарды жылытып, науқастарға ұсынса болғаны.Жеткізушілерге, шетелдік компанияларға және жергілікті кәсіпкерлерге 5-10 күннің ішінде дәрі-дәрмек пен жабдықтарды жеткізіп, ғимаратты жөндеп беруін талап ету керек.

-Ол үшін тендер жариялап,басқа да процедураларды сәйкесінше орындау керек. Олар бір айға созылып, тағы да уақыт жағынан ұтылуыңыз мүмкін. Заңды қалай аттап кетуге болады?

- Жоғарыда аталған келісімшарттар бойынша уақыт жеп тендер ойнатудың керегі жоқ. Үкіметтен рұқсат алып, егер облыстың бюджетінде қаражат болса, бір құжаттың атынан төленетіндей етіп ұйымдастыруға болады. Әкімдік олардың бағаны шарықтатып жібермегенін, әрісесе ұлттық компаниялар мен жергілікті кәсіпкерлер тарапынан заң бұзушылық болмауын қадағалайды. Бұл әдіс шетелдік компанияларға да қолданылса. Тексеруге уақыт кетпейді, ол бірден жасалатын жұмыс, өйткені тауарөндірушілердің сайттарында барлық тауардың бағасы жазылып тұрады.

Пара алмайтын депутаттардан, азаматтық белсенділерден, журналистерден, еріктілерден, прокуратура және қаржы полициясы өкілдерінен тұратын Жедел коронавируспен күрес штабын (ЖККШ) құру керек. Көмекке мұқтаж жандарға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін Call-Center (телефон соғу орталығы) және әлдеқалай заңбұзушылық орын алғанда хабарлайтын сенім телефонын ұйымдастыру қажет. Ол алаяқтық пен қылмыс дегеннің алдын алады.Бұл телефондардың бәрі ЖККШ ның офисында болады. 

Бейресми дереккөздерінен естуім бойынша, кей шенеуніктер ауырып жатқанын растайтын қағаз жаздырып, жауапкершіліктен қашып, уақытша демалысқа шығып кеткен. Бұндай жайттар ЖККШ тексеруіне алынып, бақылауында болуы шарт.

Облыстың бюджетін, жалақы мен коммуналдық төлемдерден өзге, аймақты дамытуға бөлінген қаражаттар мен басқа да шығындарды қайта қарап, бәрін қысқартып, бар ақшаны індетпен күреске бағыттау керек.

"ХАЛЫҚ БИЛІКТІҢ АБДЫРАП ҚАЛМАҒАНЫН КӨРУІ КЕРЕК"

- Жақсы, дәрі-дәрмек, ӨСЖ (ИВЛ) аппараттарын алдыңыздар, дене шынықтыру кешендеріне жөндеу жүргіздіңіздер, азық-түлік бар, бәрі дайын. Әріқарай қалай болады?

- Ең алдымен, барлық жерге блокбекеттер қою керек. Облысқа ешкім кіріп-шықпасын. Біздің облысымызбен әуе, теміржол, автокөлік қатынастарын жоқ дегенде 14 күнге тоқтату шарт. Өтіп бара жатқан жолаушылар пойызы тоқтамауы қажет. Облыс халқына осының бәрін жеткізіп, бағдарламамен таныстырып, болжаммен қай күні індеттің толық ауыздықталатынын айтып жеткізу керек. Халыққа дүниежүзінде бірде-бір ел коронавирусқа қарсы вакцина ойлап таппағанын, бірақ аталған жерлерде жұмысты дұрыс ұйымдастырып, жауапты адамдарды жұмылдырып, көптеген елдерде қолданылуға рұқсат етілген дәрі-дәрмектерді тауып, бірлесе жұмыс істесек адам шығынын азайтып, індеттен құтылатын күнге біртабан жақындататынымызды түсіндіру керек. Медицинаның басқа саласында қызмет ететін мамандарды өз еркімен вируспен күреске шақыру, жақында зейнетке шыққан дәрігерлерді, бір кездері басқа салаға кетіп қалған медицина мамандарын, медицина университетінің жоғарғы курсында оқитын студенттерді, құқық қорғау органы қызметкерлерін (әсіресе полицейлерді) жұмысқа тарту, еріктілерді (оларды да толық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету керек) індетпен күреске жұмылдыру керек. Еріктілер дәл қазір көмекке мұқтаж жандарға дәрі-дәрмегі мен азық-түлігін жеткізіп тұрар еді.

Халыққа сіздің вируспен күрес бағдарламаңыз және оның орындалуы мен бақылануы ғана керек. Бағдарламада шаралардың жоспары нақты көрсетіліп, жеткізуге жауапты адамдардың есімі, жеткізу уақыты, өтетін шаралар уақыты егжей-тегжейіне дейін жазылуы керек.

Орындалмайтын шараларды бағдарламаға енгізіп, халықтың сенімсіздігін тудырмаған жөн.  Медиктердiынталандыру үшін жалақысын еңбегіне татитындай бірнеше есеге көтеру шарт. Әсіресе, індеттің ортасында жүрген медицина қызметкелерінің әрқайсысымен келісімшарт жасасу керек. Оларды қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етіп, алда-жалда олар індеттің құрбаны болса, балалары кәмелеттік жасқа толғанша отбасы толықтай демеуге ие болуы үшін өмірлерін сақтандыру қажет. Әкімдік пен әрбір медицина қызметкері арасында жалақы мен сақтандыруға қатысты жасалған келісімшарты нақты орындалуы керек. Облыстың өзінен осындай шартқа келісетін жүздеген дәрігер табылады, тіпті өзге аймақтардан да келіп жұмыс істейтіндер болады деп сенемiн.  Оған қаражат табылуы керек. Егер қолыңыздан келмесе, халыққа уәде бермеңіз.

Ең алдымен, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету керек. Бүгінде халықтың 60-70 пайызы үйде ауырып жатқанын бәріміз білеміз. Олар өздерін өздері емдеумен айналысуда,өйткеніешкімге сенбейді, ешкімнен көмек күтпейді. Жедел жәрдем 4-5 сағаттан кейін келсе, басқасы туралы не айтуға болады? Жабдықталған дене шынықтыру кешендерінің өзінде барлық науқасқа бірдей орын жетпей қалуы мүмкін. Алайда жоспар біртіндеп іске асып, жүйеге түскеннен кейін мүмкіндігінше барлығын арнайы ашылған медициналық мекемелерге орналастыруға болады.

Медициналық қызметкерлер көбейгеннен кейін әкімдік қызметкері мен полицейлерді ертіп алып, қаланың әрбір көшесін, әрбір ауласын, әр үйді түгендеп аралап, қанша адамға көмек керек екенін анықтау керек. Дәрілердің уақытында жететініне көз жеткізгеннен кейін, жекелеген таксистермен 1 айға келісімшартқа отыру керек. Көлігі бар еріктілер табылса, тіптен жақсы. Ол үшін қымбат жедел жәрдем көліктерiн сатып алудың қажеті жоқ. Осы жұмыстар және науқастардың толық тізімі дәрі-дәрмек жеткенге дейін жасалуы шарт. Дәрілер қолға тигеннен кейін жедел жәрдемнің, келісімшарт жасасқан жеке тасушылардың көмегімен, дәрігер немесе медбикелермен, әкімдіктің өкілімен және кезекші полицеймен бірге науқастар жатқан әрбір үйді немесе пәтерді аралап, көмекті бастап кету қажет. Науқас толық жазылғанға дейін күн сайын бақылап тұру мiндеттiболсын. Жағдайы ауыр науқастарды шұғыл ауруханаға жеткізу керек.

Дәрі-дәрмекті мұқият бақылауда ұстау керек. ЖККШ және облыстық денсаулық сақтау басқармасы нақты әр науқасқа бір көзден дәрі бөліп, оны тегін үлестіруі тиіс. Ол дәрілер дәріханаларда сатылмауы қажет, бағаларын көтеріп, қайта сатудың орын алмауын бақылау керек. Күнделікті облыс, қала және аудан әкімдері, денсаулықсақтау басқармасының жауапты қызметкерлері, ІІБ басшысынан бастап блокбекетте тұрған жауапты полцейлердің бәрі күн сайын нақты сандармен есеп беріп тұруға міндетті. ЖККШ-дағылар осы сандарды күн сайын тексерiп, манипуляция жасалмауын қадағалауы тиіс.

Жиналыстардың басым бөлігі ZOOM, SKYPE арқылы онлайн өтуі керек. Маңызды мәселелер және секторлық жиындарда қауіпсіздік ережелері мен әлеуметтік қашықтықты сақтап, тек қана жауапты тұлғалар кездесуі тиіс. Коронавируспен күресте жақсы нәтижеге жеткен көптеген елдер қашықтан жұмыс істеген. Iндетті тоқтату және таратпау мақсатында жасалған профилактикалық жұмыстар БАҚ және билік өкілдерінің әлеуметтік парақшалары арқылы күніне бес рет жарияланып тұруы шарт. Қаланың, аудан орталықтарының барлық көшелеріне коронавирусқа қарсы жарнама плакаттар ілінуі керек (Мәселен, үйде отыр. Денсаулық сақтау саласын қолда. Өміріңді құтқар. т.б. осындай ұрандар). 

Көптеген ел осыған баса назар аударған. Коронавирус толық ауыздықталғанға дейін той, садақа сияқты үйде өтетін шараларға тыйым салу керек. ІІБ басшысы және әрбір участковый осы үшін жауап беруі тиіс. Егер мейрамханада өтсе, әлеуметтік арақашықтық сақталуы және мұндай шараға ІІБ өкілдерінің біреуі міндетті түрде қатысуы керек. Егер арақашықтық сақталмаса, мейрамхана иесіне ғана емес, келген қонақтарға да айыппұл төлету керек. Негiзi, қоғамдық тамақтану орындары тамақты үйге алып кетушілерге ғана сатқаны дұрыс. Өндіріс орындары, кеңселер, дүкендер, халық көп жиналатын жерлер көшеден бастап ғимараттың ішіне дейін әлеуметтік қашықтық таңбаларымен белгіленуі шарт. Бұл мәселеге қатысты халық арасында жергілікті атқару органдары мен полиция өкілдері және кәсіпорындардың менеджерлері бірлескен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруға міндетті.

Біздің облыстағы коронавирус індетін тоқтата алған бойда, дерттің келесі толқынына дайындалуымыз керек (оның қашан болатынын және қалай аталатынын ешкім білмейді). Сондықтан әлем халқы COVID-19 дертінен толық айыққанға дейін жасақталған спорт кешендерін ашық аурухана қалпында сақтап қою керек. Ең бастысы, дәрі-дәрмектің қорын жинап алу мiндет. Коронавируспен күрестің негізгі алғышарттары осы. Дамыған елдердің көпшілігі осы әдісті қолданып, індетті ауыздықтады, ол үшін жаңалық ашудың қажеті де жоқ.

"Атырау облысы республикалық бюджеттің - басты доноры. Бар болғаны 600 мың халқы бар.  Осындай үлкен мүмкіндіктердің арқасында бұл індетті ауыздықтаймыз".

-Бұл ұсыныстың барлығын бұрынғы бастығыңыз айтты ма?

-Бергей Сәулебайұлымен ұзақ әңгімелестік. Бұлар – менің есімде қалғаны және қойындәптеріме жазып алғандарым. Бұл жерде менің де ойым бар. Б. Рысқалиевпен бірге ұзақ жыл түрлі қызметтерде жүріп, оны мықты шаруа, талантты басшы ретінде танып, білімі мен тәжірибесін білетін адам ретінде айтсам, ол коронавируспен күресудің жолын атқарушы билікке нақты суреттеп берді. Iндетпенкүресте болсын, басқа да әлеуметтік - экономикалық мәселелерді шешуде болсын,әрбір білікті басшы жұмыстыжүйелі түрде атқаруы тиiс және қажет кезде жауапкершілік ала білуі керек деп есептеймін.

 -Кадрлық өзгерістер бойынша сұрақ туындай қалса, сіздің командаңыздан басқа кім дәл осы мәселені ушықтырмай шеше алатын еді?

- Атырау облысы - әлеуметтік-экономикалық жағдайы үлкен жауапкершілікті талап ететін аймақ. Сұрағыңызға сай ойыма Бақытжан САҒЫНТАЕВ түсіп отыр. Ол Үкіметті, Павлодар облысы мен Алматы шаруашылығын басқару бойынша тәжірибелі. Алып мегополисте, коронавируспен күресте, салыстырмалы түрде нәтижеге жетуде. Біздің өңірдегі індет мәселесі алдағы уақытта шешіледі деп үміттенемін. 

Қазiргi әріптестеріме індетпен күресте табандылық, азаматтық, әрине, бірінші орында денсаулық тілеймін. Оларға кеңесім мен тәжірибемнің қажеттілігі туып жатса, көмекке әзірмін. Жерлестеріме денсаулық тілеймін!

"АЖ" редакциясы

15 шілде 2020, 15:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.