Атырау, 22 қараша 03:22
 бұлттыВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Домбыраның құлағында ойнайтын өзге ұлттар

Сурет Бейнежазба
8 242 просмотра

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп келетін Қадыр Мырза-Әлінің өлең шумағы қазақ болсаң домбыра тарта білу міндет дегенге саятындай. Алайда қазіргі кезде қазақ қана емес, қазақтың ұлттық аспабына өзге ұлттардың да қызығушылығы жоғары екені қуантады. «АЖ» тілшісі ұлттық домбыра күніне орай домбыраның құлағында ойнайтын әртүрлі ұлт өкілдерімен әңгімелескен еді.

Сабина МАСТЕРС, неміс ұлтының өкілі, 54 жаста.

Ол Қазақстанға келгенге дейін қобыз, шертер, жетіген, домбыра аспабы туралы мүлдем естімеген.

- Өзім Германияның тұрғынымын, бірақ күйеуім екеуміз жұмыс бабымен көптеген елдерде тұрдық. Соңғы жұмыс орны - Атырау. Қазір карантин салдарынан уақытша отаныма оралдым. Қазақстандағы жылдарым қазақтың ұлттық аспабы – домбыраны үйренуіммен есімде қалды. Өткен жылы ақпан айында Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрінің концертіне көрермен болып бардым. Сол кеште оркестрдің үніне соның ішінде домбыраның дауысына ерекше ғашық болдым. Осыдан кейін домбыраның тек екі ішекті болатынын біле отырып, мықты ұстаздан сабақ алып, аз да болса домбыра аспабын меңгеріп алсам деген ой келді. Сөйтіп, музыка колледжінің оқытушысы, ұстазым Ерлан Сақтановпен кездестім. Ол кісі маған әр күйді ерекше шыдамдылықпен үйретіп, сабақтары бірден баурап алды. Сөйтіп мен жаңа аспапты үйренудің қуанышымен қатар, әр күйдің шығу тарихымен таныстым.

- Қазақтың қанша күйін білесіз?

- Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Қ.Ахмедияровтардың 35-ке жақын күйін білемін. Солардың ішінен өзіме «Адай», «Балбырауын», «Қос алқа», «Мереке», «Қызыл қайың», «Ақсақ киік» күйлері ұнайды. Қазақтың ұлттық мақтанышын, өткендегі мемлекеттілік үшін күресті, ауылдағы немесе киіз үйдегі отбасылық өмірді, сондай-ақ Қазақстанның бай және алуан түрлі мәдениеті мен эмоцияларын осы күй тарихы арқылы түсінемін.

- Бір күйді қанша уақытта үйрендіңіз?

- Менің құлақпен есте сақтау қабілетім жақсы. Кез-келген күйді 1-2 күнде үйреніп аламын. Ең алғашқы үйренген күйім «Кеңес» деп аталады. Қазір күн сайын үйренгенімді қайталап, білімімді толықтырып отырамын. Уақыт өткен сайын орындауым жақсарып келеді (күледі).

- Ауылыңызға барып немесе өз отырыстарыңызда домбыра тартып көрдіңіз бе? 

- Әрине, мен домбыра шерткен кезде олар үшін жаңа аспаптың дауысын сүйіп тыңдайды. 

- Домбырашылық өнеріңізді сынап, байқауларға қатысып көрмедіңіз бе?

- Иә, ұстазым Ерлан домбыра жарыстарына қатысуға ұсыныс тастады. Батыс Қазақстан облысы ұйымдастырған Дәулеткерейдің 200-жылдығына арналған конкурста бағымды сынап, арнайы сыйлыққа ие болдым. Дегенмен мен өте ұялшақпын, көпшіліктің алдына домбарымен шыққанда қатты қобалжимын. Сондықтан өзім танымайтын адамдардың алдында домбырада көп ойнай бергім келмейді. Бірақ, қалай болғанда да, мен өмірді қос шекті аспап - домбырасыз елестете алмаймын!

Иван ЛИ, анасы қазақ, әкесі кәріс, 10 жаста. 

- Ұлым кішкентай кезінде дүкенде жүріп, сөреде тұрған домбыраға қызығып, алып беруімізді өтінді. Қызыққан соң сатып әпердік. Иван оны өз бетімен шертіп жүріп, әртүрлі әуендер шығарып жүрді. Сөйтіп 7 жасында Дина Нұрпейісова атындағы өнер академиясының жанындағы домбыра үйімесіне қабылданды. Қазір ынтасы жақсы, күніне бір музыка үйрендім деп қуантып келеді, - дейді баланың қабілетін жастайынан байқаған анасы.

- Ата-әжем кәсіби домбыра алып беруге уәде етті. Енді олардың сенімін ақтап, белгілі домбырашы болуға тырысамын, дейді Ли Иван.

Венгр ұлтының өкілі Русланды да осы колледжден жолықтырдым. Оның әкесі венгр, анасы орыс, 7 жаста.

- Ұлым кішкентай кезінен музыкаға құштар болып өсті, - дейді анасы Ксения. - Қабілетін ашып, жан-жақтылығын  арттыру үшін қандай курсқа барасың дегенімізде өзі домбыраға қатысамын деп шешті. Қазір үйірмеге барып жүргеніне бір жыл болды. Биыл домбыра күніне орай Қазақстан Ассамблеясы Атырау филиалы ұйымдастырған домбырашылар онлайн конкурсына қатысып, лауреат атанды. Болашағынан үмітіміз зор.

Олегжан АТАНАСОВ, ұлты орыс. 53 жаста.

Олегжан 15 жасынан бастап жанына домбыраны серік етіп келеді. Бүгінге дейін бірнеше республикалық, облыстық ән байқауларына қатысып, лауреат атанған.

- Атырауда Нәсіпқали Төлегенов деген мықты домбырашыдан үйрендім. Ол да мені өзінің шәкірттеріне үлгі етіп, «Міне орыс ендігі үйреніп алды, ал сендер әлі жүрсіңдер» деп өзгелерді жігерлендіретін, - дейді Олег.

Олегжан 90-жылдары Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда ансамбль құрамында өнер көрсеткен. Бүгінде 180-ге жуық қазақ әндерін домбырамен орындайды. Атыраулық ақындардың өлеңіне ән жазып, көптеген әндердің композиторы атанған. 

 -  Артымда домбыраға қызушылық танытып жүрген 12 жасар ұлым бар. Қазір домбыраның қыр-сырын, қазақ әндерінің шығу тарихын сол ұлыма үйретіп жатырмын, - дейді Олег.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті сұхбаттасушылар жолдады

6 шілде 2020, 19:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.