Атырау, 8 қараша 19:30
 бұлттыВ Атырау 0
$ 492.22
€ 529.38
₽ 5.03

Қазақмыс ірі Ақтоғай кен орнын игеруге кірісті

3 515 просмотра

«Қазақмыс» Тобының Директорлар Кеңесі сәтті аяқталған техникалық-экономикалық негіздеменің қорытындысы бойынша Ақтоғай кен орнын игеру жобасын бекітті, деп хабарлайды Компанияның баспасөз қызметі.

«Мен Ақтоғай жобасының бекітілгені туралы қуана хабарлаймын. Ол біздің екінші ірі жобамызды игеруге мүмкіндік береді. Бозшакөл мен Ақтоғай бізді 200 мың тонна мөлшерінде қосымша шығыны аз өніммен қамтамасыз етеді. Кен өндіру жаңа буын карьерлерінде жүргізіледі. Бұл Қазақмыс компаниясын да, Қазақстанның тау-кен өндірісі саласын да жаңа сапалы деңгейге көтереді. Екі жобаға тартылған инвестицияның жалпы мөлшері 4 млрд АҚШ долларынан асады. Мұның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, еліміз бойынша тау-кен өнеркісібінің тұрақты өсімі қамтамасыз етіледі. Сөз соңында Ақтоғай жобасын игеру кезеңіне дейін жеткізген әріптестеріме алыс айтқым келеді», - деді Қазақмыс компаниясының басқарушы Бас директоры Олег Новачук.

«Жоба бойынша капиталдық шығындар шамамен 2 млрд АҚШ долларын құрайды. Қаржыландыру Қытайдың Мемлекеттік даму банкі (ҚМДБ) ұсынған 1,5 млрд АҚШ доллары сомасындағы несиелік желі есебінен жүзеге асады», - делінген хабарламада.

Бұл - Қазақмыс Тобының мыс өндіру жөніндегі Бозшакөл секілді екінші ірі жобасы. Ақтоғай мен Бозшакөл игерілмеген ең ірі мыс кен орыны санатына жатады және бұрынғы Кеңестік елдер аумағы үшін бірегей жоба болып табылады.

Компаниядан атап өткендей, Ақтоғай кен орнындағы құрылыс жұмыстары 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында басталады. Ал кен орнындағы тотықты рудадан мыс өндіру жұмысы 2015 жылы басталмақ. Сульфидті кенді өңдеумен айналысатын фабриканың құрылысы 2016 жылдың басында аяқталады және алғашқы кен де сол жылы өңделе бастайды.

«Кенішті пайдаланудың барлық кезеңінде, яғни 50 жылдан астам уақыт бойы катодты теңгерімдегі мыстың жылдық орташа өндірісі 72 мың тонна болады. Алғашқы 10 жылда мыс өндірісі жылына орташа алғанда 104 мың тоннаны құрамақ. Мыстың орташа құрамы 0.33 пайыз болған жағдайда кен орнындағы минералды ресурстар 1 719 млн тоннаны құрайды. Сульфидті кенді өңдеу барысында ілеспе өнім ретінде молибденді кен өндіріледі», - деп атап өтілген баспасөз парағында.

Ақтоғай Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Қазақстан-Қытай шекарасынан шамамен 250 км жерде орналасқан ашық типтегі ірі кеніш болып табылады. Бұл жобаның артықшылығы ретінде көлік коммуникациялары мен электр тарату желілерін қамтитын қолданыстағы инфрақұрылымды айтуға болады. Ақтоғай жобасының құрылыс жұмыстарына 3000-ға жуық адам тартылмақ, ал жоба іске қосылғанда онда 1500 адам жұмыс істейді. Ақтоғайдың Бозшакөл жобасымен үлкен ұқсастығы бар, соның арқасында Бозшакөл жобасының жобалау-конструкторлық және инженерлік құжаттамаларын көшіру тәсілімен оның тиімділігін арттыру жоспарланып отыр.

Дереккөз: bnews.kz

7 желтоқсан 2012, 09:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.