Асаба Нұртілек: «Той баққаннан қой баққан жақсы ма дедім»

Сурет
4 720 рет қаралды

Елімізде карантин кезінде көп зардап шеккендердің бірі - той саласы. Коронавирусқа байланысты қазіргі жағдайды ескерсек, алда не болары да белгісіз. «АЖ» тілшісі салтанатты шараларда қызмет көрсетіп, соңғы кездері жетістікке қол жеткізіп келген екі адаммен тілдесіп көрді.

Атырауға белгілі асаба Нұртілек елімізде наурыз айында төтенше жағдай жарияланған кезде жылдың соңына басқаруға алып қойған бірнеше тапсырысым бар еді, көптеген жоспар құрғанмын, бәрі орындаусыз қалды дейді.

- Алғашында той тоқтап қалғанда, қиналдық. Бірақ оған да үйренуге болады екен. Мені көбі аптасына 2-3 тойға шығады, ақшасы көп деп ойлайды. Бірақ олай  емес. Мен де көп балалы әкемін. Басымда үш несием бар, - дейді Нұртілек.

Асабалар той иелерінен алдын ала аванс алатынын білеміз. Алған ақшаны кері қайтарып беру қиынға түспеді ме?

- Әрқайсысынан кем дегенде 20-30 мың теңге алдын ала төлем алып қойғанмын. Оның барлығын бір мезгілде қайтарып беруге мүмкіндігім болмады. Ақшасын бірінші болып сұрағандарға қайтаруға тырыстым. Тойларын айдан айға шегеріп, соңында той болмайды деп ақшасын сұрағандарға жағдайды түсіндіріп, кешірім сұраудан басқа амалым болмады.

- Төтенше жағдай кезінде немен айналыстыңыз?

- Үйге жөндеу жасап, ауылға, анамның қасына барып келдім. Бұрын күйбең тірліктен қол тимей көптеген жақындарымыздың жағдайынан хабарсыз қалған екенбіз. Карантиннің тиімді жағы сол болды.

- Қазір көбі тойды үйде өткізетін болар?

- Иә, арасында палаткадағы, кейде үй ішіндегі қонақтықтарға барып жүрмін. Шақырған жерге қалтама антисептик салып,  бетпердемен барамын. Денсаулық өзің үшін керек.

- Алға қарай не істейсіз?

- Кейбір әріптестерім диплом бойынша жұмыс қарастырып кетті, менде диплом да жоқ. Қазіргі жағдай ұзаққа созылса, ауылға барып қой бақсам ба деп ойлап отырмын.   

«15 АДАМ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛДЫ»

Келесі сұхбаттасушым Мақат ауданында той ұйымдастырумен айналысады.

- Ұжымымда әнші, музыкант, видео-фото түсіретін жігіттермен, бишілер мен неке қию қызметі - барлығын қосқанда 15 қыз-жігіт бар. Олардың мейрамханадағы тойдан басқа кәсібі жоқ. Бәрін бірдей үйге шақыра алмайсың. Наурыздан бері тойдың ашылуын тілеп үйде жатырмыз, – дейді ұжымның құрылтайшысы Асылбек ӨТЕГЕНОВ.

Оның айтуынша, ұжымдағы кейбір жігіттер ауылдан уақытша күзетшілік жұмысқа орналасқан. Ал өзі фотостудия арқылы күнделікті табысын тауып отыр. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

27 маусым, 17:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.