Біздің бүгінгі сұхбаттасымыз – Роман ЛИ (суретте), қалалық білім бөлімінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде құрылған күнінен бастап, яғни, 45 жыл бойына жаттықтырушы болып еңбек еткен жан.
«ЖС» мәліметі: Роман Тхоирович Ли, 69 жаста, жаттықтырушылық еңбек өтілі 48 жыл, «Динамо» ерікті спорт қоғамында жұмыс жасады, «Нефтяник» стадионының нұсқаушысы, 1967 жылдан бастап қалалық білім бөлімінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы болды.
«МЕН ӘЛІ ӨЗ БАБЫМДАМЫН»
- Роман Тхоирович, өзіңіздің тәрбиеленушілеріңіздің жетістігі жөнінде әңгімелеп беріңізші.
- Менің бар өмірім балаларға футболды үйретумен өтті. Олардың бірі қазір осында еңбек етіп, тұрып жатыр, ал, енді біреулері шетелге кетіп қалды, кейбірі о дүниелік болды. Олардың барлығы да менің жүрегімде сақталып қалды.
Менің алғашқы түлектерім - Юсуп Закерьяев, Қанат Ғалямов, Леонид Зак, Анатолий Колобцов. Бұлар мықты және техникалық жағынан шебер ойыншылар болды. Олар 1965 жылы мектеп оқушыларының республикалық спартакиадасында үшінші орынды жеңіп алды. Бұлардан кейін мен «Динамо» командасын жаттықтырдым. Команда құрамында - Халит Жамалетдинов, Виталий Смирнов, Мұрат қалмұратов, Михаил Митрохин, Геннадий Малахов, Дмитрий Златьев, Юрий Федоров, Павел Сутягин, Владимир Мартыновтар болды. Олардың көпшілігі кейін облыстық «Прикаспиец» командасында ойнады.
Біз «Строитель» командасымен (суретте) 1984 жылы республикалық «Былғары доп» турнирінде жеңіске жеттік. Одан соң мен 1959-60 ж.т. балаларды жаттықтыра бастадым, олар - Мәлік Табылдиев, Виктор Болдырев, Владимир Яковлев, Петр Свербихин, Владимир Селезнев. Олар менде допты қуып қана қойған жоқ, хоккей де ойнады. Олардың артынан Владимир Турков, Андрей Лобанов, Руслан Мұхамедьяровтар ілесті. Сол кезде олардың жастарының кішілігіне қарамастан «Прикаспиец» жаттықтырушылары оларды негізгі құрамға тартты. Олармен бірге менің оқушым, қазіргі «Атырау» облыстық командасы жаттықтырушыларының бірі – Иван Азовский да ойнады. Менен кейін ол Алматыдағы спорт интернатында оқыды. «Қайрат», «Целинник» командасында болды және Қазақ КСРО құрамына ойынға шақырылды. Жақында облыстық спорт басқармасы Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы атағын беру туралы өтініш жасау үшін менің құжаттарымды сұратқан болатын. Бұл құрмет Иван Азовскийді тәрбиелегенім үшін көрсетілді.
- Сіз әлі күнге дейін стадионда доп қуасыз, жарыстарға барасыз. Сіздің ұзақ жасауыңыздың сыры неде?
- Жүгіремін, таңертеңгілік жаттығу жасаймын. Сәрсенбі сайын «Балықшы» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ардагерлер командасы үшін ойнаймын. Біздің облысымыздағы футболшылардың ішіндегі ең жасы үлкені мен емес, Ришат Үсейіновтің жасы 80-ге келді. 60-шы жылдардың басында ол бірінші «Строитель» командасы, Гурьев қаласының құрамасы үшін ойнады. Бұл Қазақ КСРО чемпионатын жеңген атақты команда болды. Оның құрамында Владимир Власов, Виктор Бычков және басқалары ойнады.
Менің өзім 60-шы жылдардың басында «Динамо» командасы үшін ойнадым. Біздің жаттықтырушымыз Константин Трофимович Дурманов болды. Команда республика чемпионатының қола жүлдегері болды. Менімен бірге Борис Ламбриониди, Геннадий Никитин, Юрий Карин ойнады. Ал, қазір менімен бірге ардагерлер командасында Қазбек Нұрлығожиев, Сағи Данабаев, Берік Иралиев, Виктор Абакумов, Абай Қаражанов, Аманжан Сегізбаевтар ойнайды.
«АЛАҢ БӘРІБІР ЖЕТІСПЕЙДІ»
- Сіздің бапкерлік тәжірибеңізде табиғатынан ерекше ойыншы боп туған спортшылар кездесті ме?
- Иә, ондайлар болды. Олар Александр Коренблит, Валерий Тарабрин және Владимир Робинок. Саша республикалық балалар құрамасына үміткер болды, Владимир мен Валерий ересек жасқа жеткенде құрамада ойнауға тартылды. Өкінішке қарай, сол кезде облыста шеберлер командасы болмады, сол себепті олардың шеберлік таланттарына сұраныс болған жоқ.
- Сол кездегі ұрпақтың сіздің қазіргі тәрбиеленушілеріңізден қандай айырмашылығы бар?
- Қазір барынша қатал әрі шапшаң футбол ойнайды.
- Секцияға балаларды жинақтау барысында шектеу бар ма?
- Мен келгендердің барлығын аламын. Кейін олардың қатары бірте-бірте сирей бастайды. Оның бәрі баланың қалауы мен оның еңбекқорлығына байланысты екендігі түсінікті. Менің ең сүйікті деген тәрбиеленушілерім 1968 жылы туған Тимур Үкібаев және Радик Ғалиев болып қала береді. Олар «Былғары доп» турнирінің бірнеше дүркін жеңімпаздары болды. Қазір Үкібаев «Атырау» футбол командасы қосалқы командасының аға жаттықтырушысы болып жұмыс жасайды.
1969-70 ж.т. балалар арасында ең таңдаулы болған - Самат Даутов. Жергілікті Марадона. Ол және Семен Бондаренко Қазақстан жасөспірімдер құрамасымен ойнауға шақырылды. Саматтың жүрегі матчтардың бірінде тоқтап қалды...
1972 ж.т. ойыншылар арасынан мен Владислав Борисовтың, Владимир Истоминнің, Николай Солыниннің есімдерін атар едім. Александр Хандохин Ресейге көшіп барған соң халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ол шағын футбол бойынша «Спартак» командасының бас жаттықтырушысының көмекшісі болды. Өкінішке қарай, ол өткен жылы қайтыс болды.
- Бүгінгі таңдағы спорттық инфрақұрылымның бұрынғыдан айырмашылығы қандай?
- Әрине, қазір бәрі жақсы. Біз болсақ, құм үстінде ойнадық. Жаңбыр салдарынан турнирді өткізуді бір аптаға дейін кейінге қалдыратынбыз. Дегенмен, қазірдің өзінде футбол алаңдары жетіспейді. Соның кесірінен футболдан балалар арасында күнтізбелік жоспарлар орындалмай жатыр. Бұрын біздер каникул сайын 70-80 аула командаларын жинап, турнирлер өткізе беретінбіз. «Буревестник» стадионында және «Ривьера» тұрғын үй кешенінде футбол алаңы бола тұрса да, онда бізді жібермейді.
- Қазақстан футболының деңгейін қалай көтеруге болады?
- Біздің елімізде чемпионаттар тек премьер-лига және бірінші лигада өткізіледі. Ал, әрбір ойыншы аз-аздан нақты деңгейдегі командада ойнауға қатыстырылып, кейін шеберлігінің өсуіне қарай барынша жоғары деңгейге өтуі үшін лига ойындарының көп болғаны жақсы.
Мен республикалық федерацияның күзгі-қысқы жұмыс кестесіне көшу шешімімен келіспеймін. Қазақстанның климат жағдайының Еуропаға ұқсас келмейтіндігін ескеру керек. Жылыту жүйесі бар соншама футбол алаңдарын біз қашан салмақпыз?
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор және Р. Лидің мұрағатынан алынды