Зауыттың мониторинг стансалары күкіртсутегі бойынша шекті рұқсат етілген концентрацияның 17 есе асып кеткенін көрсетті.
Осы жылдың 31 қазанға қараған түні және одан кейінгі күндері де қаланың мұнай өнімдерінің қатты сасық иісіне тұншыққаны баршамыздың есімізде. Қалалықтардың көпшілігі өздерін нашар сезінді. Өкілетті органдар болса, әлі күнге дейін сол ауаны бүлдірген иістің қайдан шыққанын анықтай алар емес...
«ЗАУЫТТА БӘРІ ӨЗ ҚАЛПЫНДА»
«Қазгидроме» РМК филиалының кезекші синоптиктері өз хаттамаларында сол уақыт шамасында қалаға оңтүстік-шығыс бағыттағы, яғни, АМӨЗ жақтан біркелкі желдің соғып тұрғандығын тіркеп алған. «Газ шабуылына» қатысты бұл ақпарат бізге 4 желтоқсан, сейсенбі күнгі АМӨЗ басшылығының өкілдерімен кездесуге дейінгі белгілі болған мәлімет еді.
«АМӨЗ» ЖШС бас инжене-рінің орынбасары Рүстем БИСАЛИЕВТІҢ айтуынша, арнайы түрде ауаны ластаушы заттарды жинап алып және оны ауаға бірден шығарып жіберетіндей зауытта мүмкіндік жоқ. Бензинді өндірудің үздіксіз циклы бар және кез-келген қондырғының іркілісі кәсіпорын жұмысын толық тоқтатуға әкеледі. «Біз зауытқа компаниялар беретін мұнайдың сапасын қатаң бақылауға алып отырмыз. Өңдеуге келетін мұнайдың 90% «ҚазТрансОйл» АМБ-нан құбыр арқылы келеді, оларда мұнай құрамындағы күкірттің, тұз бен судың құрамы зерттеледі және мұнайдың әрбір партиясына төлқұжат рәсімделеді. Екінші рет мұнайды тікелей өңдеу алдында тексеріп шығады. Мұнайдың қалған 10% зауытқа теміржол цистерналарымен келеді. Алайда, зауытта шикізатты құю толығымен герметикалық ыдыстарға орналастырылады. Облыстық экология департаментінің директоры Ербол ҚУАНОВТЫҢ АМӨЗ-дағы шығарылымдардың мұнайды цистернадан эстакадаға құю кезінде болады деп кінә артуы, негізсіз», - деп мәлімдеді ол. Сондай-ақ, зауыт маманы аминді регенерациялау қондырғыларынан күкіртсутегінің кетуі мүмкін деген болжамды да жоққа шығарды. Өйткені, сұйық амин өзінің бойына мұнайдағы күкірті, азотты және оттекті қоспаларды сіңіріп алған абсорбент рөлін атқарады, ал, кейін күкіртсутегін бөліп шығаратын сұйық не қатты денеге бөліну нәтижесінде түйіршіктелген күкіртке айналады. Р.Бисалиевтің айтуынша, зауыт бұл жүйенің қандай да бір іркілістеріне жол беруі мүмкін емес, өйткені, ол экспортқа жіберілетін сұйық газдың сапасына тікелей жауап береді.
САСЫҚ САЙДАН НЕНІҢ ИІСІ АҢҚЫДЫ?
Дегенмен, күкіртсутегі Атырау қаласы көшелерінен қазанның 30-ы және 31-інде анық сезілді. Бұған қатысты жағдай «АМӨЗ» ЖШС бас инженерінің экология мәселелері жөніндегі орынбасары Абдолла БИКБАЕВТЫҢ сөзімен түсіндірілді. Ол маған зауыт периметрі бойынша орналасқан газ анализаторларының көрсеткіштері жазылған хаттаманы көрсетті. 30-қазанға қараған түні СИЗО-ға баратын жолда орналасқан, яғни, АМӨЗ-ның шығыс жағындағы «Жуып-шаю» стансасындағы құралдар түнгі сағат 3-тен 5-ке дейінгі уақыт аралығында ауадағы күкірт қоспасының мөлшерін текше метр бойынша - 0,135, 0,062 және 0,059 миллиграмм деп көрсетті (күкірсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясы – 0,008 мг/тм). Кейін шекті рұқсат етілген концентрацияның артуын құралдар таңертеңгі сағат 9-дан 11-ге дейін тіркеп алған. Зауыттан шығысқа қарай орналасқан «Химпоселок» стансасында құралдар дабыл қағарлықтай мәліметтерді көрсетті - 0,140 және 0,148 мг/тм. Оның есесіне АМӨЗ-нан батысқа қарай орын тепкен «Перетаска» стансасы күкірсутегінің бар-жоғы 0,012 және 0,049 мг/тм екендігін көрсеткен. Келесі күні де құралдар шамамен осындай көрсеткіштер көрсетті.
Бұл жерден А.Бикбаев мынадай қорытынды жасады: «Атмосфераны бүлдірген АМӨЗ емес». Зауыттың шығысындағы күкірсутегінің негізгі көздері не болуы мүмкін еді? Жауап береміз: бұл ауданда тек Сасық сай деп аталатын қалалық буландыру алаңы ғана бар. Бұған АМӨЗ де өз ағын суларын төгеді.
Зауыттың эколог маманы АМӨЗ тіпті, ұйтқыма желді туғызатын және оның ауаға араласуына жол беретін тұрбалар мен биік қондырғылардың көмегімен қала үшін (зауыттан солтүстік және батысқа қарай орналасқан) ауаны «сүзгіштен» өткізеді деп есептейді.
«ІЗДЕУДЕМІЗ…»
Біз түсінік алу үшін экология департаментінің директоры Е.Қуановқа жолықтық. Ол қазан айындағы шығарылымдарға байланысты облыс әкімінің экологтарға ауаның бүліну себебін анықтауға нұсқау бергендігін айтты. Өлшегіш құралдары А.Бикбаев баяндаған деректерді көрсетіп отыр. «Әлдебір компания Сасық сайға мұнай қалдықтарының рұқсат етілмеген ағындыларын төгуді жүзеге асырып отыр. Бүгінгі таңда бұған қатысты тергеу және АМӨЗ-ның қызметін тексеру жұмыстары жалғасуда», - деп қысқа жауап қайырды Е.Қуанов.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ