Атырау, 22 қараша 20:19
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Челах «Арқанкергенде» не болғанын айтып берді

4 394 просмотра

Талдықорғанда өтіп жатқан сот отырысы барысында басты айыпталушы Владислав Челах «Арқанкерген» заставасында болған жағдайдың өзіндік нұсқасын айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«2012 жылдың 27 мамырынан 28-іне қараған түні сағат 4 пен 8 аралығында нарядқа қарауылға шықтым. Мен 2012 жылғы 28 мамырдың сағат 4-іне дейін күзетте болған ефрейтор Мұқашевті алмастырдым. Пост бойынша кезекші Ағанас болатын, ол маған оғы жоқ екі оққорап салынған қалтасы бар автомат, …АГС нөмірі 650 556, қолшам берді және... Таңғы сағат бес шамасында күн шығып келе жатқанда мен дизелден алыс емес жерде жүрген болатынмын, казарма жақтан қатардағы Ағанастың жүрігіп келе жатқанын көрдім. Нақты білмеймін, меніңше ол казарма жақтан қашып келе жатты ғой деймін. Оның үстінде камуфляжды киім, бушлат, белдігінде оққораптар салынған қалта болды. Жүгіріп келе жатып ол «Қаш, бізге шабуыл жасады!» деп айқайлады. Ағанас маған қарай жүгіріп келе жатқанда мен казарма маңынан бірнеше адамды көзім шалды, меніңше әскери емес, жай киімде болды олар, есімде жоқ. Ол маған жетіп қалғанда мен де қоса тастақ жол бойымен аңшылардың үйіне қарай жүгіре жөнелдік. Ол кезде мен Ағанастың артымнан жүгіріп келе жатқанын естіген болатынмын. Сол сәтте арт жақтан автоматтікіне ұқсас төрт рет атылған оқтың дауысын естідім. Жүгіріп бара жатқанда мен қолымдағы автоматты тастай салдым, себебі онда бәрібір оқ жоқтын. Тез жүгіріп, қорықшы Ким тұратын үйге жеткеннен кейін артыма қарасам, Ағанас жоқ екен. Ол қашан менен қалып, қайда бұрылып кеткенін ұқпай қалдым. Үйге кірісімен мен «Коля ағай!» деп айқай салдым. Мен қорықшының үйіне кіріп үлгерген бетім, Ким үстінде майка, трико немесе қара түсті шалбар ма... сол жақтағы бөлмеден шықты. Мен оған бізге шабуыл жасағанын айтып, көмек сұрадым, ол ештеңе айтпастан маған есі шығып қарап тұра берді. Содан кейін мен қорықшының үйінен шығып, өзен бойымен жоғары қарай қаша жөнелдім, себебі соңымнан қуып келе жатыр деп ойладым. Мен сарқырамаға дейін шамамен жарты шақырым жер жүгіріп келіп, сол маңдағы талдардың арасына жасырынып қалдым. Сарқыраманың қасында мен қараңғы түскенге дейін күні бойы жасырынып жүрдім. Содан кейін ақырындап шығып, не болғанын көру үшін шекара бекетіне қарай бет алдым. Постқа дейін 200 метр қашықтықта талдардың арасына жасырынып қалып, бір жарым сағат бойы бақылап отырдым. Постта бәрі тыныш болды, бірде-бір адам жоқ. Содан кейін постқа барайын деп шештім», - деп әңгімеледі болған жайтты айыпталушы.
Челахтың айтуынша, алдымен ол казарма есігінің алдында жатқан капитан Кереевтің өлі денесін табады, ол бір ғана ішкиімде арқасымен жатқан. Ал казармаға кіргеннен кейін еденде жатқан қатардағы Рейдің денесін көреді.
«Соңыра мен ұйықтайтын бөлмеге кіріп, бірнеше адамдардың мәйітін көрдім, олар төсекте, төсектің астында жатты. Содан кейін мен ас үйге кіріп, жерде жатқан бірнеше автоматтарды көрдім, олардың оққорабы болған-болмағанын байқамадым. Басқа бөлмелерге кірген жоқпын, бірден далаға шықтым, себебі көзіммен көрген дүниеден есім шығып кетті. Далада тұрып ойланып, не істеп, не қою керек екенімді ойлана бастадым. Қорыққаннан және есім шыққаннан мен менің сөзіме, менің қашып кетіп, ешбір адамды өлтірмегеніме ешкім сенбейді деп ойладым, себебі тірі қалған жалғыз мен ғана. Ол сәтте менің басыма мені де осылармен қоса өлді деп есептеу үшін заставаны жағып жіберу туралы ой келді. Кейін мен ішке кіріп, капитан Кереевтің киімін киіп шықтым, ол киім мені ұстап алған кезде бірден тәркіленді, ал өз әскери киімімді, оққораптар салынған қалта мен белдігімді сол жерге тастап кеттім», - деп жалғастырды Челах.
Челахтың айтуынша, ол мерт болғандардың әмияндарын, ұялы телефондарын алған, себебі олардың енді көз жұмғандарға қажеті болмас деп ойлады.
Одан кейін Челах қару сақталатын бөлмеге кірді. Оның айтуынша, бөлменің есігі ашық жатты. Сейфтер де ашық болды. Бір сейфтен ол өзінің әскери билетін алды.
Айыпталушының айтуынша, әрі қарай ол асханаға барды. Тамақ жейін деп жей алмады, аздап шырын ішті. Одан кейін қоймадан бензинге толы канистраларды алып, барлық бөлмелерге шаша бастады.
«Асхана еденіне бензин шашып жүргенде мен бейтаныс азаматтық киім киген азиялық нәсілді ер адамның денесін байқап қалдым. Мен оның үстіне де бензин шаштым», - деді Челах.
Оның айтуынша, ол Киреевтің жанынан Макаров тапаншасын көріп, алып кетеді. Және Челах қараңғы батып кеткендіктен бөлмеде тағы басқа бейтаныс адамдардың мәйіттері бар не жоғын байқамағанын айтты.
Сондай-ақ, айыпталушының баяндауынша, ол бензин бітіп қалғандықтан, басқа канистраны алуға барғанда өрт сөндіру қалқанының жанында Ағанастың денесін көреді. «Оның қай жері жараланғанын байқамадым, қалай жатқаны да есімде жоқ», - деп толықтырды Челах.
Осыдан кейін, Челах қорықшыға не болғанын білу үшін үйіне барды. Үйдің верандасында түрлі жарақаттарымен Кимнің денесін тапты. Үйден фотоаппарат, сөмке, шылымды алып кетті. Осыдан кейін бензинге толы пластмассадан жасалған кішкене бөшкені алды.
Челах осы әрекеттерді «есеңгіреп» істегенін атап өтті.
Оның айтуынша, ол алғашқы жауап беруінде ОҚҮ-де (офицерлер құрамның үйі – агенттік ескертуі) шынылардың болмағандығын және асханада белгісіз біреудің денесінің болғанын есеңгірегеннен айтқан жоқ деді.
Бензин шашып болғаннан кейін казарма мен ОҚҮ-ді өртеп жіберді. Челахтың айтуынша, ол үш атты жекпек болды, бірақ жануарлар одан қашып кетті. Сондықтан, ол таулардың арасымен жаяу кетті.
Челах шабандардың қыстағында қалғанын растады, бірақ сөмкедегі дүрбінің қайда кеткенін білмейтінін айтты.
«Қазіргі жауабымда бәлкім мен өз жасаған әрекеттерімнің ретін шатастырған шығармын. Себебі оқиғадан кейін жарты жыл уақыт өтті. Мен алдын-ала тергеуде қызметтестерімді өлтірмегенімді айтқан болатынмын. Алдында кінәні мойындадым және одан алдын-ала тергеуде бас тарттым. Маған күш көрсетілді, жеке бостандығыма қол сұғып, білікті заңдық көмек көрсетіп, қорғаймыз деп алдағаннан кейін мен кінәні өз мойныма алған болатынмын», - деп айыпталушы ойын қорытындылады.

Дереккөз: bnews.kz

5 желтоқсан 2012, 18:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.