Пандемия, мұнай бағасының төмендеуі, өндірісті қысқарту туралы ОПЕК+ келісімі және Қазақстан экономикасына теріс әсер ететін басқа да факторлар елді жаппай жұмыссыздыққа әкеледі. Қарапайым факт: тек Теңіз кенішінің өзінде 20 мыңға жуық адам жұмыстан босады, олардың әрқайсысының отбасы бар.
Қазақстанның мұнай сервис компаниялары одағының бас директоры Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ Теңіз кенішінен 23 наурызда мобилизациялау басталғанда «Теңізшевройл» Келешек кеңейту жобасымен (ККЖ) айналысатын мердігер және қосалқы мердігер компаниялардың жұмысшыларына 3 ай мерзімге өтемақы төлейтінін мәлімдегенін «АЖ»-ға хабарлады. Бұл мерзім 23 маусымда аяқталады, бірақ бүгінгі күні өтемақыны одан әрі тоқтап тұрған уақытқа ұзартатындығы жөнінде компаниядан жауап болмаған. Жоба бойынша құрылыс жұмыстарының қай уақытта басталатыны белгісіз.
- Мұнай бағасының төмен болуына байланысты шығындарды оңтайландыру процесі жүріп жатыр. Мәселен, жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары келесі жылға ауыстырылды. Бірқатар жобалар, атап айтқанда NERP (North-EastRingProject - 38 жаңа ұңғыманың құрылысы) те кейінге қалдырылды, - дейді Жұмағұлов. – Ең алдымен мұнайсервис компаниялары Теңіз кенішіндегі базалық өндіріске тартылған қызметкерлер санын қысқартуда. ККЖ-да жұмыс істейтін жұмысшылар әзірге қысқартылмауы керек, өйткені ТШО өтемақы төлеуді жалғастыруы тиіс. Бірақ, біздің ақпаратымыз бойынша, 23 маусымнан кейін төлемдер ұзартылмайды. Осыған байланысты көптеген компаниялар, атап айтқанда, қосалқы мердігерлер штат санын қысқартуға мәжбүр болады.
Жұмағұловтың айтуынша, қосалқы мердігер компаниялар - нақты қиындықтарды бастан өткеріп отырған сегмент: І тоқсан үшін КТС пен ҚҚС бойынша салықты, банк несиелерінің қызметін төлеуі керек. Осы айларда мұнайсервис саласына ешқандай мемлекеттік қолдау болған жоқ.
- «Теңізшевройл» өз мердігерлерін «бизнес-серіктес» деп атағанды ұнатады. Осынау қиын жағдайдың шешімі - өз «серіктестеріне» көмектесу, дәлірек айтсақ, ККЖ-да құрылыс жұмыстары басталғанға дейін қызметкерлерге өтемақы төлеуді жалғастыру, - деді сұхбаттасушым.
- Бизнестің атынан мемлекеттік органдарға «Теңізшевройл» және оның серіктестерімен (Chevron, ExxonMobil, ҚазМұнайГаз) жұмыс басталғанға дейін ККЖ-ға жұмылдырылған жұмысшыларға орташа жалақының 50%-ын төлеу туралы мәселені талқылауды ұсындық.
Бұл шара әлеуметтік наразылықтың алдын алуға, мамандарды ұстап қалуға мүмкіндік береді. Мердігер және қосалқы мердігер компаниялардың басшылары өз тарапынан жұмыс жалғасқан кезде бағаны төмендетуді қарастыруға дайын. Яғни, қазір «Теңізшевройл» шығынға ұшырағанмен, кейін қаржылық шығындардың орнын толтыра алады. Әйтпесе, қосалқы мердігер компаниялардың көпшілігі қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр болады.
- Теңізде қанша мердігер компания бар және қанша қызметкер жұмыссыз қалды?
- ККЖ туралы бөлек айтатын болсақ - 300-ден астам компания ТШО-мен тікелей жұмыс істейді және қосалқы мердігер компаниялар да көп.
Қазір негізгі құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды, 17 мыңнан астам адам үйлеріне қайтарылды. Бұл процесс жалғасуда, тағы 7500 адамды аумақтан шығару жоспарлануда. Бұдан бұрын ККЖ-да жұмысшылардың жалпы саны 30 мыңнан асатын құрылыс жұмыстарының үдемелі кезеңі осы жылдың жазына жоспарланған болатын. Ауысымды ескерсек, бұл санды екіге көбейтуге болады.
- Шетелдіктердің көбі үйлеріне кетті, оларды кері шақырмайды деп естідім. Бір жағынан, бұл оларды алмастыра алатын біздің адамдар үшін жақсы мүмкіндік. Бұл мәселеде қандай өзгерістер бар?
- Мұның айқын мысалы – Қарашығанақ, мұнда қарқынды түрде жергілікті кадрлар алынып жатыр. Техникалық тұрғыдан күрделі шешімдердің өзін жергілікті кадрлардың орындай алатындығы белгілі болды. Теңіз кенішінде де өндірістік базалық өндірісте, ККЖ-да өзіміздің кадрларды қамту бағдарламасы басталды.
Дегенмен, бұл туралы бұған дейін де көп айтылды. Қазақстандық жаңа топ-менеджер отандық бизнестің бұл арманын жүзеге асыра ала ма, көрейік. Бүгінгі күні Теңізде әрбір жеке келісімшарт үшін менеджерлер (contractholder) жауапты және дені шетелдіктер! Сондықтан, отандық мұнайсервис компаниялар тапсырыс берушілермен келіссөздерді оңтайландыру үшін өз штатында шетелдік маман ұстайды.
- Біз үнемі Теңіз кеніші туралы айтып жүрміз, ал Қашағандағы жағдай қандай?
- Ол жерде де мұнай бағасының төмен болуына байланысты шығындарды оңтайландыру жүріп жатыр. Кен орнында күрделі жөндеу 2022 жылдың көктеміне жоспарланған. Бұрғылау бағдарламасы белгісіз мерзімге ауыстырылды. Жыл соңына дейін Қашаған операторы уәкілетті органға әрі қарай игеру тұжырымдамасын ұсынуы керек. Мұнайдың төмен бағасы инвесторлардың шешіміне әсер етпейді деп үміттенеміз. NCOC мердігерлерінде айтарлықтай проблема жоқ.
- Қазақстанның ОПЕК+ келісімі бойынша өндірісті қысқарту міндеттемесі бар. ТШО да, НКОК та өндіріс көлемінің қысқарғаны туралы ақпарат беріп отырған жоқ, бірақ іс жүзінде бұл процесс жүріп жатыр. Бұл мұнайсервиске қалай әсер етеді?
- Мен бұрғылау операцияларының қысқаратыны туралы бұрын айтқан болатынмын. Бұрғылау және ұңғыма салу – мұнайсервис саласының негізі. ОПЕК+ келісімі бойынша Қазақстан мамыр мен маусым айларында өндірісті 23% төмендетуі керек еді, бірақ әзірге бұл көрсеткішке жеткен жоқ. Reuters агенттігінің мәліметі бойынша, Теңізде мамырда өндіріс 17 пайызға, Қашағанда 12 пайызға төмендеді. Операторлардың төмендеу көрсеткіштерін жария қылмайтыны түсінікті, өйткені олардың акционерлері - ғаламдық компаниялар. Бұл компанилардың акциялары қор биржаларында жоғары бағаланады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА