Білім министрі ҰБТ-ға байланысты жаңашылдықтарды атады

332 рет қаралды

Биыл ҰБТ тапсыруға кірер кезде түлектердің бет-әлпетін тану – тұлғаны сәйкестендіру алғаш рет қолданылады. ҰБТ уақыты төрт сағатқа дейін ұзартылды. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Министр биыл ҰБТ қағидаларына бірнеше жаңашылдық енгізілгенін атап өтті. 

"Атап айтқанда, ҰБТ-ға кіру кезінде бет-әлпетін тану "Face ID" көмегімен тұлғаны сәйкестендіру алғаш рет қолданылады. Жылда берілген қағаз сертификатының орнына осы жылы ҰБТ электронды сертификаты және білім беру грантын тағайындау кезінде де электронды куәлікті енгіздік", - деді Аймағамбетов үкімет отырысында. 

Сонымен қатар, SAT және IB халықаралық тестерінің ұпайын ҰБТ балына аудару шкаласы енгізілді, сондықтан осы сертификаттары бар түлектер ҰБТ тапсырудан босатылып, білім грантын тағайындау конкурсына осы ауысқан баллмен қатыса алады. 

Министр шекті балл жинамаған адамдар енді жыл бойы ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие екенін еске салды. 

Педагогикалық мамандықтарға түсушілер үшін  де талаптар күшейтілді. Педагог болу үшін шекті балл биыл 70 ұпайға дейін көтерілді. 

"Талапкерлерден тыйым салынған заттар табылған жағдайда немесе бейнежазбаның сараптамасын қарау кезінде анықталған болса, онда ҰБТ нәтижесі, сондай-ақ білім беру гранты жойылады", - деді ол. 

Бұдан бөлек, тестілеуге қатысатындарға тапсыру орындарында қарапайым калькулятор беріледі. Ал тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан төрт сағатқа дейін ұзартылады.

Айта кетсек, биыл ҰБТ 20 маусымнан 5 шілдеге дейін 15 лекпен санитарлық талаптарды қатаң сақтау арқылы 161 пунктте өткізіледі.

Барлығы 131 755 адам тест тапсырады. 

Осы жылы ҰБТ форматы өзгертілген жоқ. Барлығы бес пән – үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша тестілеу қағаз жүзінде өтеді. Барлық тест тапсырмасының саны – 120, максималды балл – 140.

Дереккөз:  Sputnik Қазақстан

2 маусым, 09:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.