Атырау, 30 сәуір 23:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +17
$ 441.44
€ 473.09
₽ 4.75

Қазақты қалай қырды: Қарақожа мен оның әулеті туралы хикая

5 053 просмотра

Бүгінде Сталин заманындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алып отырамыз. Осындай құрбандардың бірі - 1929 жылы тұтқындалған Қарақожа ҚҰЛБАСОВ. Ол халық арасында беделді, бір кездері Тайсойғанның болыс билеушісі болып сайланған адам. Немересі Мұрат Құлбасов мынадай хикаяны баяндап берді.

20-жылдардың соңына дейін Тайсойғанда кеңес үкіметі болған жоқ. Сауда-саттық дамып, мал, киім-кешек, керек-жарақ саудасы қызып тұрды. Уездік билік тағайындаған ауылдық кеңестер жұмыс істеді. Олар ауыл тұрғындарының шаруасына аса көп араласпады. Бірақ содан кейін бәрі өзгерді. 1929 жылы Қарақожа мен бірнеше ауқатты малшыларды бай деп танып, қамауға алып, түрмеге отырғызды. Тайсойғандағы үлкен үй түрме ретінде жарақталды. Кенже ұлы Мағзом (әкем) әкесіне тамақ апарып жүреді. Сол кезде ол әкесінің өлімін көзімен көрген: түрме ауласында намаз оқып жатқан Қарақожа сәждеге жығылып, содан тұрмаған.

…Көзі тірісінде Қарақожа өз бейітін өзі тұрғызыпты. Оған Мырзағали Ахон мешітінің имамы бастаған жергілікті жамағат келіп, көзі тірісінде мазар салу мұсылманға жат қылық екенін айтады. Сол кезде ол: «Қымбаттыларым, уақыты келген кезде, сендер мені көме алмайсыңдар!» деп жауап берген екен.

Сөйтіп, Қарақожаны өзі салған бейітке жерлепті. Әрі қарай елде қуғын-сүргін басталып кетеді. Ауыл тұрғындары үш күндік қадесін өткізіп бола бергенде қызыләскерлер жетіп келіп, оларға затын жинауға екі сағат уақыт береді. Сол кезде бәрі болыс билеушісінің кезінде айтқан сөзін еске түсіріп, әулие адам болған екен ғой деседі.

Тайсойғандықтардың бүкіл малын тартып алып, адамдарды Орынбордың қырына қуады. Мағзом мен оның туыстарының бірнеше отбасын Соль-Илецкіде қалдырып, үлкен ұлы Қапан бастаған Қарақожаның қалған балаларын әрі қарай қуады. Қапан жат елде көз жұмады.

Мағзом әр жерде аштық жайлағанын өз көзімен көріпті. Соль-Илецкде өлген адамдар көшеде жатқан, адамдар тышқан мен егеуқұйрық жеп, талғажау қылған.

Мағзом 1932 жылға дейін үлкен әпкесінің қолында тұрды. Ол ғана емес, Қарақожаның бүкіл әулетіне руы Ысық Оспан деген күйеу баласы қарасқан. Жас әрі қайратты Оспан Татарстаннан ба, әлде Башқұртстаннан ба, жылқы айдап келетін. Соңғы қыста Мағзомның ақ інгені жоғалады, оған жер ауып келгендер жүк артып жеккен еді. Бір күні көктемде Мағзом ләңгі ойнап жүріп, ләңгісі Оспанның шоланының шатырындағы саңылауға түсіп кетеді. Сол кезде Мағзом шоланнан сүйікті інгенінің терісін көріп қалады. Болған жайтты анасына барып айтады.

Анасы бүкіл туыстарын жинап, Оспанды шақырады. Ол үйдің ортасында тізерлеп отырады. «Қазақтар соңғы малына қол көтермеген дейді. Бірақ сенің арқаңда, балам, біз ауыр кезеңнен аман қалдық», - деп анасы күйеу баласының маңдайынан сүйеді. Сол кезде Оспан бала сияқты жылап жібереді.

Сол көктемде үкімет қазақтарға өз жұртына оралуға рұқсат етеді. Оспан бас тартып, келесі қыста отбасымен аштан өліпті.

Жұртына қайта оралған тайсойғандықтардың керуені сүзек пен безгектен қырылып, тірі қалғандары далада бытырап кетеді. Арбада отырған Мағзом безгек ауруына шалдыққан, әлсін-әлі есінен танып қалады.  Бір кезде көз ұшында кетіп бара жатқан керуенді байқайды. Керуеннен бес салт атты бөліне берді, сол кезде Мағзом тағы есінен танып қалады.

Ол есін жиған кезде салт аттылар анасымен әлдене айтып жатыр екен. Олар кеткен соң керуен бұларға қарай бет бұрады. Бұл соңғы болыс билеушісі Әлжанның керуені екен. Бұлардың Қарақожаның отбасы екенін білген соң ол осы жерден үй тігуге бұйрық беріп, фельдшер алып келуге адамдарын жібереді. Мағзом аяғынан тұрып кеткенше, ауыл қырда бір жарым ай тұрақтайды. Әлжан керуенге адамдарын, аттарын қосып беріп, соның арқасында отбасы Гурьевке аман-есен жетеді.

Мағзом тағы бір жыл қаладағы апа-жездесінің қолында емделіп алған соң, балық техникумына оқуға түседі. Үздік бітірген Мағзом Орал педагогикалық институтына емтихансыз қабылданады. Оны тәмамдаған соң ауылдарға бөлу кезінде оны Қаратөбе ауылына жібереді, ал бір айдан кейін әскер қатарына шақырылады. Финдермен шайқастан кейін Ұлы Отан соғысы басталады. Сталинградта, Курскде болады. Варшавада ауыр жараланған Мағзом 1946 жылы еліне оралады. Новобогатта, содан кейін Махамбетте аудандық халық ағарту бөлімінде еңбек етеді. 1953 жылы оны әкесінің болыс билеушісі болғанын жасырғаны үшін партиядан шығарады. «Мен әкем көз жұмған кезде сәби едім, барлық жерге анам бар, әкем жоқ, орта шаруаның ұлымын деп жаздым», деп әңгімелейді Мағзом ұлына. Әрі қарай ол ғұмырының соңына дейін ұстаздық етті.

Мен өзім 17 жыл Оралда дәрігер болдым, 90-жылдары біздің облыстық ауруханада урология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. Бір күні медбике бір қарияға у-шуы көп деп, жатқан палатасы ұнамай жатқанын айтты. Осыдан кейін ординаторлық бөлмеге кеудесіне Ленин ордені мен басқа да түрлі марапаттарын таққан қария кіріп келді. Ол мені құшақтап: «Мен Әлжанның кенже ұлы Айтбаймын» деді. Сөйтсем, ол геология саласында еңбек етеді екен. Теңіз бен Қарашығанақтан кен орындарының ашылуына атсалысқан.

Айтбай Әлжанның тағдырын айтып берді: ол ұжымдастырудың үшінші легіне ілігіп, қайтыс болыпты, балалары балалар үйінде тәрбиеленген...

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттер ашық дереккөзден алынды

1 маусым 2020, 14:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.