Атырау, 20 сәуір 14:33
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Қызылқоғалық ағартушылар қалай қудаланды

4 517 просмотра
Ғаділше НАУАНОВ отбасымен

Сталиндік басқару жүйесі кезінде көзі ашық, көкірегі ояу, білімді адамдар қудалауға түсіп, «халық жауы» деп жала жабылып итжеккенге айдатып, болмаса ату жазасына кесілді. Солардың ішінде қызылқоғалық ағартушылық қызмет атқарған ұстаздар да бар еді.

Әріптесіміз, журналист Бауыржан Сисеновтың айтуынша, негізі Қызылқоға өңірінде алғашқы мектептің іргетасы 1891 жылы қаланған. Қазан төңкерісіне дейін Қарабау, Кермеқас, Қаракөл «қызыл үйлері» ашылды. Қарабаудағы қазақ-орыс мектебінің түлегі жазықсыз жапа шегіп, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болғандардың бірі Сахи ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ еді. «Бүйрек» құмында дүниеге келген Сахи дәулетті әкесінің арқасында ерте хат танып, Қарабаудағы екі кластық орыс-қазақ мектебін 1915 жылы бітіріп шығады. Сахи оқуға зеректігінің арқасында Жымпиты, Орал (Теке) қалаларына барып, бай-көпестерге қағаз жазушы болып қызмет етеді. Алашорданың Күнбатыс бөлімінде, Жымпиты уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет етеді.

-Сахи Дүйсенғалиев туралы өлкетанушы Көбен Қараұлының мақаласында оның білімді, ой-өрісі кең, сөзге шешен, алды-артын болжай білетін ақылды адам болғандығы жазылады. Елдің тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін дамытуға көп күш салған. Ол жергілікті тұрғындардың кәсіпкерлікке, сауда- саттықпен айналысуға, пәтер салуға, балық кәсіпшілігіне қызығушылығын тудырып, қайық, ау құралдарын алып беріп отырған. Сахи Тасшағылда  жәрмеңке ұйымдастырып, малды сатқызу арқылы шай-секер, кездеме маталарға айырбастауға мүмкіндік жасаған, - дейді Б. Сисенов.  - Ел қамын ойлап, халықты еңбекке баулыған С. Дүйсенғалиев бала оқытуды жадынан шығармайды. Жаңалыққа жаны құмар ол Құбакөл көлі жағасынан асты-үсті тақтайлы, терезесі әшекейлі, орыс пеші бар, алты бөлмелі бала оқытуға арналған үй салдырады.

Алайда 1928 жылы үкімет тарапынан  қудалау басталады. Сахи да «халық жауы» деп тұтқындалып, елден қуылады. Алдымен Ақтөбе қаласы, одан кейін Мордовия еліне жер аударылады. Ол жаңадан салынған үйін елге аманаттап, ол кейін мектепке айналып, отыз жыл «Сахи мектебі» аталып, біраз бала дәріс алып шығады. 18 жыл шет жерде жүріп, 1946 жылы елге оралып, жертөле қазып, үй жасап, бау-бақша егіп, отбасымен күнін көріп отырған Сахи тағы да түрмеге қамалады. Бірнеше жылдан қиыншылық көріп, жүйкесі сыр беріп, мүгедек болған абзал азамат 1954 жылы қайтыс болады. Ұрпақтары бар.

Қарабау, Қаракөл, Кермеқас мектептерінде мұғалімдік қызмет атқарған Ғабдолла ҚАРАБАҰЛЫ 1891 жылы Тайсойған бойындағы 16-шы ауылда дүниеге келген. Әкесінің тәлім-тәрбиесін алған Ғабдолкәрім 1916-1918 жылдары Орынбор мен Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алады. Оқытушылық жұмысты Кермеқас мектебінде бастаған ол 1918-1937 жылдары аталмыш мектеппен бірге Қаракөл, Қарабау мектептерінде дәріс беріп, бірнеше шәкірт тәрбиеледі. 1937 жылдың 22 желтоқсанында ұстап әкетіп, Калмыков түрмесіне қамайды да, кейін Орал қаласына жеткізеді. Бастапқыда оған 10 жылға бас бостандығын айыру жазасы кесілсе, кенеттен бұл шешім қайта қаралып, оған ең ауыр жаза белгіленді. Ғабдолкәрім Қарабалаұлы 1938 жылы атылды.

Оның ұрпақтары Құлсары қаласында тұрады.

Ғаділше НАУАНОВ Тайсойғанда бастауыш мектеп пен интернат ашқан Аяпбергеннің ұлы. Ғаділше де әкесі сияқты білімді, ақылды болды. Ол 1927 жылы тұңғыш жоғары оқу орны болған Қазақ педагогикалық институтының математика пәнінің мұғалімі мамандығын үздік бітіріп шығады, ал 1935 жылы Ленинград университетінің аспиратурасына жіберіледі. Сол жерде «халық жауы» деп ұсталып, «НКВД үштігінің» үкімімен ату жазасына кесіледі...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

31 мамыр 2020, 17:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.