Атырау, 29 наурыз 21:01
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Тоқаев қоғам сынаған митинг жайлы заңға қол қойды

2 977 просмотра

Бүгін, 25 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

20 мамырда мәжіліс заң жобасындағы сенат енгізген ұсыныстарды мақұлдап дауыс берген. Сенат депутаттары заң жобасындағы алты бапқа байланысты 16 ұсыныс жасаған.

Олардың арасында бейбіт жиын кезінде маска сияқты қорғаныш құралдарын пайдалануға рұқсат беру, митинг орындарын көпшілікке көрінетін орталықтарда ұйымдастыру, жиын өткізетін орындардың санын үшке дейін жеткізу сияқты ұсыныстар бар. Бұған қоса, депутаттар жиын ұйымдастырушысы немесе оған қатысушы заң талаптарын бұзса, олардың бейбіт жиынға қатысуына тыйым салынатыны туралы түзету енгізген. Егер олар заң бұзуды тоқтатса, бейбіт жиын қайта жалғасады делінген құжатта.

Сәуірдің басында мәжіліс мақұлдап, сенат қарауына жіберген заң жобасын бұған дейін Қазақстандағы қоғам өкілдері мен түрлі халықаралық ұйымдар сынаған. Олар заң "құжат асығыс қаралып жатыр, оған ашықтық жетіспейді" деп мәлімдеген. Белсенділер заң жобасында адам құқығын шектейтін тұстар көп деп санайды. Жобаға қарсылық білдіргендер Қазақстан билігін пандемия кезінде елдің қоғамдық-саяси өмірінде маңызы бар заң жобасын қарауды кейінге қалдыруға шақырған.

Норвегиялық Хельсинки комитеті (Norwegian Helsinki Committee) және ЕҚЫҰ аймағындағы 24 құқық қорғау ұйымы "билік заң жобасын өткізу үшін пандемияны пайдаланды" деп айыптап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы да төтенше жағдай кезінде халықтың заң жобасына қатысу мүмкіндігі жоғын айтып, Қазақстан билігін құжатты талқылауды кейінге қалдыруға шақырған еді.

Дереккөз: Азаттық радиосы

25 мамыр 2020, 17:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.