«Atameken Business» телеарнасында сарапшылар Қазақстанның мұнай сервисі саласының өзекті мәселелерін талқылаған еді. «АЖ» солардың бірқатар маңызды тұстарын белгілеп көрді.
30 МЫҢ АДАМ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛАДЫ
«Атамекен» ҰКП базалық салалар және экология департаментінің директоры Талғат ТЕМІРХАНОВТЫҢ айтуынша, Қазақстанның мұнай сервисі саласында 200 мыңдай адам жұмыс істейтін бір мыңға жуық компания бар. Оның бағалауы бойынша, егер бұл құлдырау жалғаса беретін болса, жыл соңына дейін шамамен 30 мың адам жұмыссыз қалады. Ал, алдағы уақытта жағдай жақсармаса, одан да көп болуы мүмкін.
Атырау облысы Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Нұрия ШАВАЛИЕВА бұл әңгімені растап отыр:
- Бұл шын мәнінде солай, талдау әлі де жүргізілуде. Теңіздегі жұмыс қазір тоқтатылғандықтан, есеп әлі де жалғасып жатыр. Қысқарту бойынша нақты санды қазір айта алмаймыз.
ТЕҢІЗ КЕНІШІ ТУРАЛЫ
«Urker Construction» ЖШС Бас директоры Серболат ШОРАЕВ:
- Атырау облысындағы ең ірі жоба - ККЖ, бірақ ол қазір тоқтап тұр. Бұл жерде мұнай бағасының құлдырауы мен кеніш жұмысшыларының арасында Сovid-19 инфекциясының тез таралуы себеп болып отыр.
Қазақстандық компаниялар негізінен шетелдік ірі мекеменің қосалқы мердігері болып табылады. Шетелдік, негізінен итальяндық, түрік және араб компаниялары өз қызметін тоқтатқандықтан, біздің де мекемелерге жобаларды тоқтатуға тура келді.
Қазір біздің компания 700-ге жуық адамды үйлеріне жіберді. Ең басты мәселе – вирустың таралуын тоқтатып, жағдайды бақылауға алу. Өйткені бұл қорқынышты жағдай. Өздеріңіз жақсы білесіз, Теңіз кенішінде жалпыға бір асхана, бір жатақханада 15 мыңға дейін адам тұрады. Кеше мен сол кен орнынан 17 мың адамның – қазақстандықтар мен шетелдіктердің - шығарылғаны туралы оқыдым.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ АСА ҚАЖЕТ
Қазақстанның мұнай сервистік компаниялары Одағының Бас директоры Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ теңгенің құнсызданып, жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты қазақстандық компаниялардың жағдайы әлсірейтінін айтып отыр:
-Мысалы, қазір Теңізде көптеген қазақстандық компаниялар жұмыссыз қалды. Олар жобаға қатысу үшін дайындалып, несие алды. Қазір жұмыс жоқ болғасын, төлем де болмайды, сондықтан олар жұмысшыларды орындарынан босатуға мәжбүр. Қазақстандық орта деңгейлі компаниялардың аман қалуы екіталай, себебі олардың жұмысшыларға жалақы төлеп, штатты сақтап қалатын ақшасы жоқ. Еуропа банктерінен жеңілдікпен несие алған шетелдік мердігерлік компаниялар мен бас компаниялардың өміршеңдігі ұзаққа созылуы мүмкін, ал қазақстандық мекемелер бір келісім-шарттан екіншісіне дейін жұмыс істейді. Егер ККЖ-дағы жұмысты келесі жылға қалдырса, онда көптеген қазақстандық компаниялардың өз жұмысшыларымен қоштасуына тура келеді. Кейін оларды қайта жинап алу өте қиын болады. Ал, қашан да құлағы түрік жүретін батыстық компаниялар оларға жұмыс ұсынып, оп-оңай шақырып алады.
Қазақстанда мұнай өндіретін 90 компания бар. Нарықта тек 3 ірі жобаның үлесі (NCOC, КПО және ТШО) – 80 пайыздан астам, көлемі бойынша - 10 млрд. доллардан астам, сәйкесінше оларға баса назар аударылады. Бірақ оларда тендер жабық түрде ресімделеді. Операторлар өз қалауы бойынша тендерге қатысу үшін алдын ала кәсіби іріктеуден өткен белгілі бір фирмаларды шақырады. Нарықта құрылыс компаниялары көп, бірақ операторлар кен орындарында базасы бар мекемелермен жұмыс істеуге дағдыланған. Бұл ең алдымен ірі шетелдік мердігер компаниялар. Біз әлі де мемлекет қазақстандық компаниялардың мәртебесін қайта қарайтынына үміттенеміз.
ТАЛАП ҚАНДАЙ?
- Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске өзгерістер енгізу қажет, - деп есептейді Н. Жұмағұлов. - Біздің заңнама шетелдік компанияға Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркелуге және қазақстандық мәртебе алуға мүмкіндік береді. Қазір шетелдік капиталы бар кез келген ЖШС 100 пайыздық қазақстандық қамтуды көрсете алады, ол үшін штатында ҚР азаматтарының 95%-ы болса, жеткілікті. Бірақ барлық пайда бас компанияға түсіп, шетелге шығарылады. Осыны қайта қарау қажет. Біз құрылтай акционерлік капиталындағы ҚР азаматтарының үлесі 50% кем болмауы тиіс деп есептейміз. Мұнымен тең құқылы серіктес БК құруға қол жеткізіп, қазақстандық компаниялардың тендерге қатысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қазақстандық үлесті есептеу әдістемесін өзгертіп, нақты көрсеткіштерге қол жеткізе аламыз.