Атырау, 25 сәуір 16:49
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Министрлік вирус жұқтырғандардың көбеюін жаппай скринингпен байланыстырады

3 519 просмотра

Ақтөбе, Ақмола, Түркістан және Жамбыл облыстарында өткен аптада вирус жұқтырғандардың өсімі 7 пайыздан асып кеткен. Ал СҚО, Алматы облысы, Павлодар облысы, Қарағанды облысында және Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында вирустың тарауы жеті пайызда сәл аз. ШҚО, Қызылорда және Маңғыстау облысында бес пайыздан төмен. Бұл туралы 18 мамырда Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасындағы онлайн сұхбатта тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау комитетінің басшысы Тимур Сұлтанғазиев хабарлады.

Қазақстанда өткен аптада 1350 адамнан коронавирус табылып, дертке шалдыққандар 6,5 мыңға жуықтады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жалпы елде вирустың тарауы 2-5 пайызды құрайды.

Сұлтанғазиев министрліктің осыған дейінгі «мамыр айына дейін елде 5300 адамнан вирус табылады» деген болжамының дұрыс шықпай қалғанын, вирус жұқтырғандардың өсіп жатқанын жаппай скрининг тестің көбейгенімен байланыстырады. Ресми дерек бойынша, қазір Қазақстан күнгі күндері 20 мыңнан астам адамнан анализ алған.

Кейінгі күні Атырау мен Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында вирус жұқтырғандар күрт көбейді. Мәселен, 17 мамырда Атырау облысында 87 адамнан, Шымкенте 60 адамнан, Түркістан облысында 19 адамнан вирус табылды.

Сұлтанғазиевтің сөзінше, Атырау облысында «Теңізшевройл» мұнай-газ кәсіпорны, Шымкенттегі «Петройл Қазақстан» өндіріс орны вирус ошағына айналған. Ал Түркістан облысында COVID-19 дертіне шалдыққандардың көбі «Теңізшевройлдың» вахтасынан келген. Министрлік өкілі «Теңізшевройл» мен «Петройл Қазақстанның» вирус ошағына айналуына жұмыс берушілердің карантин мен сақтық шараларының сақтамауынан деп санайды.

Министрлік Атырау мен Түркістан облысында, Шымкент қаласында карантин шаралары сақталатынын, егер жағдай дұрысталмаса, шектеу күшейтілетінін мәлімдеді.

Министрлік өкілі қалалар мен елдімекендер арасында көлік және теміржол қозғалысына рұқсат беру әлі ерте деп санайды.

"Егер қалалар мен елдімекендер арасында көлікпен жүруге рұқсат берсек, адамдар жаппай көлігін пайдаланып, бір жерден екінші жерге барады. Бірақ ол адамның осыған дейін қайда болғанын, кіммен байланыс жасағанын ешкім білмейді. Бұл қауіпті" деді Сұлтанғазиев.

18 мамырдан бастап Нұр-Сұлтанда Орталық базар, 50 адамдық орны бар кафелер, жазғы кафелер, балабақшалар жұмысын бастады. Алматыда 25 мамырдан бастап Алматыда аумағы 500 шаршы метрді құрайтын сауда орындары, қонақүйлер мен жазғы террассасы бар кафелер ашылады.

Билік карантин шаралары әр аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты жеңілдейтінін мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің 18 мамыр 17.00-дегі мәліметіне сай, елде 6440 адамнан вирус табылды. 3311 адам дерттен айықты. 34 адам қайтыс болды. Министрлік жанындағы комиссия коронавирус жұқтырған кемінде үш адамның өліміне басқа дерт себеп болды деген шешім шығарып, оны ресми статистикаға қоспады.

Дереккөз: Азаттық радиосы

18 мамыр 2020, 17:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.