Атырау, 25 сәуір 19:43
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Арыстағы жарылыс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті

3 874 просмотра

Мамырдың 14-іне Шымкент гарнизонының әскери сотында Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасындағы жарылыс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Бұл туралы Шымкент гарнизонының әскери соты хабарлады.

Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, тергеу жарылыс себептеріне байланысты "№4486 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында қауіпсіздік ережесі сақталмаған, оқ-дәрі шамадан тыс көп жиналған және өрт сөндіру жүйесімен қамтамасыз етілмеген" деген тұжырымға келген.

Сотқа айыпталушы ретінде 16 адам қатысқан. Арасында Арыс қаласындағы әскери бөлім қызметкерлері де, қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды офицерлері де бар. Айыпталушы алты адамға Нұр-Сұлтан қаласынан онлайн режимде қатысуға мүмкіндік берілген. Оларға Қылмыстық кодекстің 453-бабы ("Қызметке салғырт қарау"), 462-бабы ("Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу") бойынша түрлі айыптар тағылып, қылмыстық іс 448 томға жеткен.

Алдын ала тыңдау кезінде айыпталушылардың мәліметтері тіркеліп, процеске қатысушыларға сұрақ қойылған.

Айыпталушылардың бірі, қорғаныс министрлігіне қарасты тыл және қару-жарақ басқармасының зымыран артиллериялық басқармасының бастығы, полковник Ержан Омаровтың қоғамдық қорғаушысы Абай Омаров Азаттық тілшісіне алдын ала тыңдау кезінде "істі қайта тергеуге жіберу жөніндегі шағымдары қабылданбағанын" айтты.

Оның сөзінше, полковник Ержан Омаровқа бірнеше айып тағылған, "әрбір айыпқа жеткілікті уәж келтіріліп, негізсіз екенін дәлелденгенімен тергеуде ескерілмеген. Оған тағылған айыптардың бірінде "әскери бөлім оқ-дәрі қоймасының тұрғын үйлерге жақын орналасқанын, қауіпті екенін біле-тұра қауіпсіздік шараларын қабылдамады делінген".

- Оқ-дәрі қоймасы 1930 жылдан бастап пайдаланылып келе жатыр, 89 жылдың ішінде айналасына тұрғын үйлер салына бастаған. Соңғылары 2000-2016 жылдар аралығында салынған. Бұл кезде Ержан Омаров басқа қызметте болған. Қойма 1990 жылдардың басынан бері 60 мың тоннадан астам оқ-дәріден босатылған. Ержан Омаров зымыран артиллериялық қару-жарақ бас басқармасының бастығы қызметіне тағайындалғаннан бастап, яғни 1 жыл 10 айдың ішінде 4 мыңнан астам оқ-дәріден босатылған. Ол өзіне тиесілі жұмысты атқарған, неге басқалар үшін жауап беруі керек,- дейді Абай Омаров.

Шымкент гарнизоны әскери сотының хабарлауынша сот отырысы қашан басталатыны келесі аптада белгілі болуы мүмкін.

2019 жылы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасы жарылып, 3 адам қаза болып, ондаған адам жарақаттанған. Мыңдаған үйге зақым келіп, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған.

Дереккөз: Азаттық радиосы

15 мамыр 2020, 17:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.