Атырау, 22 қараша 07:26
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Атырауда жүкті әйелді COVID-19-ға жасалған жалған тест кесірінен инфекциялық ауруханаға жатқызған

6 186 просмотра

Қазақстанда болмаған оқиға Атырауда орын алды. Облыстық перинаталдық орталықта COVID-19 жұқтырған деп тіркелген төрт жүкті әйелдің біреуінде коронавирусқа қайта жүргізілген анализ нәтижесі расталмай шықты.

Естеріңізге сала кетейік, 9 мамыр күні жедел штаб  инфекция жұқтырған 4 жүкті әйелдің анықталғанын хабарлады. Олардың үшеуі ОПО патология бөлімінде емделіп жатса, төртіншісі стационарға кеңес алу үшін барған.

- Менің әйелім жақында босану керек, сондықтан өзіне және дүниеге әкелетін сәбиге қауіп төндірмес үшін бір айдан бері үйден шыққан жоқ. Вирусты біз, яғни мен немесе ата-анам жұқтырып әкелсек, бір жөн, бірақ біздің анализдеріміз теріс нәтиже көрсетті. Сондықтан анализдың дұрыстығы күмән тудырды. Адам болғасын, қателесіп кетуі де мүмкін ғой. Біздің ауланы дезинфекциялап, қалай өңдегенін көрдім – хлор деп, әлдебір ерітіндіні әр жерге шашып кетті. Төсек-орын мен ас үйдегі ыдыс-аяқты өңдеген жоқ. Талдауды осы осылай жасайтын болса, онда қате кетуі әбден мүмкін, - дейді сол төртінші әйелдің жұбайы Ерлан ӘМІРОВ

Ол әйеліне қайта талдау жасатуға жұмыстанды. Оны тәуелсіз зертханада жасауды ұйғарды, себебі мемлекеттік зертханада өздерінің «абыройын» сақтап қалу үшін расталғанын көрсетеді деп күдіктенді. Денсаулық сақтау басқармасы, жедел штаб, прокуратураға жүгінді. Алдымен Ерланға ескерту жасалды, содан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салынды, тіпті ол қалалық полиция басқармасында да түнеп шықты. Өйткені, науқаспен байланыста болған адам ретінде өз үйінен шықпау керек еді, ал ол шұғыл штаб кеңсесіне кіру үшін бірнеше рет бұл талапты бұзған.

- Бір қызығы, мені жеке емес, қамалған тағы үш адаммен бірге бір камерада ұстады. Егер әйелім науқас болса, менде ауру бар деген күдік болса, онда неге мені оқшауламады? – дейді Ерлан.

Сонымен қатар, ол әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы өзінің отбасы қандай жағдайға тап болғаны туралы хабарлап отырды. Ақыры, өз дегеніне жетті. 13 мамыр күні жеке зертхананың мамандары жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан жұбайынан екі сараптама алды. Нәтижесі де шықты: оның ағзасынан короновирус табылған жоқ. Бұған дейін Қазақстанда мұндай жағдай кездеспеген. Бәлкім, талдауды қайта тексеруге ешкімнің мүмкіндігі болмаған шығар. Алғашқы расталған нәтижеден кейін адамдарды жұқпалы аурулар стационарына бірден жіберіп отырған еді. Бұған Атыраудың тұрғыны ғана қол жеткізді. Онда да барлық инстанцияға жүгініп, көпшіліктің назарын аударғаннан кейін.

ТӨРТ ТӘУЛІКТЕН КЕЙІН

Мен бұл жағдайға қатысты түсінік алу үшін шұғыл штабқа хабарластым.

«1995 жылы туған Атырау қаласының тұрғыны Covid-19 жұқтырған адаммен жақын байланыста болғасын 9 мамыр күні провизорлық стационарға жатқызылды. Оған ПТР-тесті жасалып, нәтижесінде «әлсіз байқалатын КВИ» диагнозы қойылған. Бұдан әрі іс-қимыл алгоритмі бойынша ол емханалық хаттамаға сәйкес тексеруден өту үшін оқшауланды", - делінген штабтың ресми хабарламасында. - "Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген симптомсыз науқастарды емдеудің жаңа алгоритмі бойынша оған ем берілген жоқ, тек дәрігердің бақылауында болды. Төрт тәулік өткеннен кейін одан тағы анализ алынып, нәтижесі теріс шықты. Осыған байланысты 25 жастағы әйел инфекциялық стационардан карантиндік стационарға ауыстырылды, ол жерден үш тәуліктен кейін шығарылады. Шығар алдында оған тағы сынама-тест жасалады. Естеріңізге сала кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысымен өкпесі ауырып мазаламай, аурудың белгілері байқалмаған жағдайда вирус жұқтырғандар стационардан шығарылып, үй карантиніне жіберіледі. Тұрғылықты жері бойынша медициналық бақылауда болады. Атырау облысында жұқпалы аурулар стационарынан карантиндік стационарға ауру белгісі байқалмайтын барлығы 22 науқас ауыстырылады, олар 12 күн дәрігердің бақылауында болады. Емделушілерге тиісті күтім жасалып, тамақпен қамтамасыз етіледі. Тұрақты негізде термометрия жүргізіліп, зертханалық талдауға анализ алынады. Сондай-ақ симптоматикалық бақылау жүргізіліп отырады. Covid-19 анықтайтын бақылау тесті жасалғаннан кейін оларды үйге шығарады».

«БІЗ ЗАҢСЫЗ ЗАРДАП ШЕКТІК»

Ерлан Әміров жағдайдың осылай шешілгеніне наразы.

– Сонда, 9 мамырдан бастап бізді, яғни, әйелімді жұқпалы аурулар стационарында, мені және әке-шешемді үйде заңсыз ұстап отырған ғой. Оның үстіне, әйелімді жұқпалы ауруы бар науқастар жатқан жерге жатқызып, басын қатерге тікті. Мен қарсылық білдіріп, айқай шығарып, талап етіп қоймағасын, оны бірнеше күннен кейін жеке палатаға ауыстырды. Ал енді бізден 14 күн үй карантинінде боламыз деп, қолхат беруімізді сұрап отыр. Егер біз бәріміздің деніміз сау болса, неге қолхат жазуымыз керек? Мен де заңсыз зардап шектім – полиция бөлімшесінде түнеп, маған айыппұл тағылды. Қазір менің отбасыма жан-жақтан қысым көрсетіп жатса да, бұл істі бей-жай қалдыра алмаймын. Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының әрекеттеріне, сондай-ақ менің атыма ресімдеген екі әкімшілік хаттамаға қатысты наразылық білдіремін, - дейді Е. Әміров. 

Зульфия ИСКАЛИЕВА

15 мамыр 2020, 12:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.