Атыраулықтар пандемияның бастапқы кезеңінде коронавирус жұқтыру қауіпін қалай қабылдады, олардың қаражат қоры қандай, билік елдегі жағдайды дұрыс ұйымдастырып отыр ма – осы және басқа да өзекті мәселелер апта сайын azh.kz сайтында жүргізілген соңғы кездегі сауалнамалардың негізгі тақырыбы болды.
Коронавирус туралы ең алғашқы сауалнаманы елде аурудың алғашқы оқиғалары анықталмас бұрын және ТЖ жарияланғанға дейін жүргізгенбіз. Елде коронавирус инфекциясы таралған жағдайда Наурызды және дәстүрлі көрісу мерекелерінен бас тартуға қаншалықты дайынсыз деген сұраққа 54% денсаулықты күтіп, отбасымен үйде боламыз деп жауап берді; 33% қонақтық пен дәстүрлі отырыстардан бас тартпауға, отбасымен серуенге, ағайын-туыс, достармен араласуды жалғастыруға ниет білдірді; 11% коронавирус ойдан шығарылған нәрсе депті.
Наурыз айында біздің басымызға тек COVID-19 ғана емес, теңгенің құнсыздануы да тап болды. Сіз үшін қайсысы қорқынышты - ақшаның құнсыздануы ма, әлде коронавирус па деген сұраққа сауалнамаға қатысқандардың 42%-ы - теңгенің құнсыздануы деп жауап берген, сонда да 18 пайызы вирус жұқтырудан қорыққан, ал 38 пайызы екеуі де жақсы емес деген.
Наурыз айының соңында олардың әсері әлі де байқалмады, себебі ТЖ басталғаннан бері көп уақыт өте қойған жоқ еді. Респонденттердің 63 пайызы бұрынғы жалақымен қашықтан жұмыс істеуді жалғастырды, 18%-ы ақысыз демалысқа, 10%-ы ең төменгі жалақымен демалысқа жіберіліп, 7%-ы қысқартуға ұшырады.
Қаржы тапшылығы сәуірдің басында біліне бастады, өйткені, сауалнамаға қатысқандардың 50%-ында ешқандай жинақ қоры болмаған, 21%-ында әрі кетсе бір айға жететіндей жинағы бар, 12%- ы - үш айға дейін жетеді деген нұсқаны таңдаған болатын. Бізде жинақ қоры жарты жылға дейін жететіндері де бар – 14% осылай жауап берген.
Бұған дейін осындай жағдайды басынан өткермеген адамдардың мемлекеттің көмегіне үміттенуі заңды құбылыс. ҚР қандай билік органдары өздерін пандемия жағдайында салыстырмалы түрде әрекет етуге қабілетті деп көрсетті? 21% Президент деп ойлайды, 3%-ы Үкімет пен Қауіпсіздік кеңесін таңдады, 1%-ы Парламент деп, 4%-ы әкімдіктерді таңдаса, көпшілігі - 66%-ы ешкім мақтауға лайық емес деп есептеді.
Оқшауланудың пайдасы қандай? Жауап бергендердің 28 пайызы отбасына көп уақыт бөлуге жақсы мүмкіндік деп есептесе, 14%-ы білімін тереңдетіп, кітап оқуға және фильмдерді көруге уақыт табылды деп жауап берген, ал 14%-ы, тіпті, өз өміріне басқа қырынан қарауды таңдапты. Бірақ 43%-ы бұл жағдайдың еш артықшылығын көрмей отыр, нашар дейді. Олай демегенде ше, сәуірдің 22-сіндегі «отбасыңызға азық-түлік алу үшін ақшаңыз жеткілікті ме?» деген сұраққа жауап бергендердің 38%-ы ғана жетеді деген болса, ал 61%-ы "жоқ" деп жауап берген.
Тек ересектерге емес, балаларға да оңай болған жоқ. Сұраққа жауап берген ата-аналардың 44%-ы оқушыларға WhatsApp арқылы мектеп бағдарламасын меңгеру қиын деп санапты. Ал 22%-ы бұл жағдай оларға еш қиындық тудырған жоқ, себебі балалар негізінен карантинге дейінгі сияқты өз бетінше сабағын оқуды жалғастыруда деген. Ал ата-аналардың үштен бірі - 33%-ы карантин ұзартылған демалыс сияқты болды деп санайды.
Міне, әбден жауыр болған несие тақырыбына да жеттік. Біреуі емделу үшін, ал енді біреуі жаңа гаджет сатып алу үшін банктен қарыз алады. Бірақ қарыздың аты қарыз. Бұл туралы жақында Президент те еске салды: қарызды бәрібір қайтаруға тура келеді деді. Жауап бергендердің арасында қарыз алмағандар да болды (19%), 18% банк алдындағы өз міндеттемелерін орындауға дайын екенін білдірді, ал 61% қазір төлем жасауға қабілеті жоқ екенін мойындады. Біз үшін карантин кезеңі қандай ауыр тисе де, одан кейінгі мезгіл оңай болмайтыны анық.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА