23 қарашада Құлсары қаласында жергілікті кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының облыстық филиалы және «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының өкілдерімен кездесуі өтті.
Бәрінен бұрын бизнесмендердімоноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында қандай мүмкіндіктер берілетіндігі қызықтырды. Себебі, Құлсары қаласы да моноқалалар тізіміне енгізілген.
– Бұл бірінші мемлекеттік бағдарлама емес. Басқалары да болды, жекелей алсақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы, ол іс жүзінде біз үшін әкімдік пен банк арасында нәтижесіз жүріске салып қойған бағдарлама болды. Банктер қалай болғанда да бас тарту үшін себеп табады. Мәселен, кепілдікке салатын зат жеткіліксіз деп тұрып алады. Немесе сені үміттендіріп келеді де, дәл ақша алардан бір күн бұрын қайтаруға тиісті соманы менің жылдық табысымның жаба алмайтындығын мәлімдейді. Егер кәсіпкерде бастапқыда осындай сома болған болса, онда ол несие алар ма еді? Ал, моноқалалар бағдарламасы туралы әзірге тек әңгімелер ғана айтылып жатыр, - деді өз жобасы аталмыш бағдарламаға енгізілген кездесуге қатысушы кәсіпкерлердің бірі.
«Даму» қорының Атырау филиалының жетекшісі Ербол ҚАЙРАНБАЕВТЫҢ айтуынша, моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында қаржыландыру 2013 жылдан басталады.
- Банктердің қойып отырған жоғары талаптарына тоқталсақ, шынында да, олар жақында болған қаржы дағдарысына байланысты несиеге қатты қарай бастады. Енді бір мәселе, Құлсарыдағы кепілдік құнының төмендігі, Атыраумен салыстырғанда шамамен 5 есе төмен. Міне, осыдан келіп сіздерде проблема туындайды. Алайда, бұл проблеманы менің бір өзімнің шешуім мүмкін емес, мұны жоғары деңгейде шешуге тура келеді, - деп түсіндірді Қайранбаев.
Кәсіпкерлер мен аудандық әкімдік қызметкерлерінің пікірінше, бүгінгі таңдағы барлық бизнесті қолдауға арналған бағдарламалар жеке банктер арқылы қаржыландырылатын болғандықтан ақсап отыр. Екінші деңгейлі банктер көптеген талаптар қояды, оның ішінде олар жобаның сараптамасын, кепілдік құнын талап етеді және соның барлығы үшін ақы төлеу керек. Жылыойлықтар бизнесті қолдау бағдарламаларының жүзеге асуын көздейтін мемлекеттік қаржы институтын құруды ұсынып отыр. Тәжірибелі бизнесмендерді несиелеу проблемалары қызықтырса, өз кәсіптерін жаңа бастағандар кеңес алуға жүгінеді, олардың басым бөлігі әйел адамдар.
Кездесуде қала құрылысын салушы кәсіпорын ретінде ТШО-ның рөлі жөніндегі тақырып та қозғалып өтті. «Атамекен» ҰЭП Атырау облыстық филиалының төрағасы Асылбек ЖАКИЕВТІҢ айтуынша, ірі табиғат пайдаланушылар айналасында «шағын және орта бизнес айлақтарын» құру жөніндегі президенттік тапсырманың орындалуы барысында ТШО компаниясына жергілікті кәсіпорындардың (тігін, кондитерлік цехтар, қонақ үйлер және т.б.) тізімі жолданған. Олар Теңізшевройлға қызмет көрсете алады. Құлсарылық кәсіпкерлер өздері үшін шамаларына қарай ТШО сатып алулары мен қажеттіліктері жөнінде ақпарат беруге ұсыныс жасады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА