Атырауға белгілі cаясаткер, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар ТАЙЖАН (суретте) мен танымал тележурналист Қасым АМАНЖОЛ келді. Олар жергілікті қоғам белсенділерімен кездесіп, келер жылдың басында Қазақстанның Кедендік Одақтан шығуын қолдайтын референдум өткізу туралы жоспарларымен бөлісті. Біз М. Тайжаннан Кедендік Одақтың елімізге қандай қауіп келтіріп отырғанын білдік.
- Ресеймен интеграция процесі - біздің тәуелсіздігімізге өте қауіпті процесс. Оның үстіне ол бізге барлық жағынан тиімсіз. Бұрын біз ауыл шаруашылығы, макроэкономикалық, монополияға қарсы саясатымызды өзіміз жүргіздік. Ал қазір осы саясаттарды біз өзіміз дербес жүргізе алмаймыз. Тек қана еуразиялық комиссияға арыз жазып барып, сосын олардың шығарған шешімдерін күтеміз. Еуразиялық комиссияда қазір 2000 адам жұмыс істейді. 84 пайызы - Ресейдің азаматтары. Ал біз бұдан бұрын Ресейдің қарауында өмір сүрдік. Нәтижесінде, ашаршылық жылдары халқымыздың тең жартысы қырылды, Семей полигонында ядролық сынақтар жүргізілді, Арал теңізінен айрылдық. Ресей ешқашан Қазақстанмен тең қарым-қатынас құрмайды, оған сенуге болмайды. Мысалы, автобаж салығы туралы айтайын. Қазір бізде - Қазақстанда көліктерді әкелу баж салығы Ресейге қарағанда жоғары. Бізде автоөндіріс жоқ қой, сондықтан, баж салықтарынан келіп-кетер үшін ешқандай пайда жоқ. Және баж салықтарынан түскен ақшаның 89 пайызы Ресей бюджетіне кері түседі.
-Онда Қазақстан Кеден Одағын құруға не үшін келісім берді?
-Соны түсіне алмай жүрмін. Мен халықаралық экономика маманымын, бірақ, мен бізге Кеден Одағы қажет емес деп сенімді түрде айта аламын. Себебі, бұрын Ресеймен сауда жасау үшін бізде ешқандай кедергілер болған емес. Біздің Ресеймен «нулевая таможенная ставка» болды. Сондықтан, ешқандай кедергілер болған емес Ресеймен сауда болу үшін. Бізде «договор об избежании двойного налогооблажения», бізде Ресеймен «зона свободной торговли», бізде «договор о защите взаимных инвестиции» деген бар. Ол сауда, бизнес жасау үшін жетеді. Ал Кеден Одағы мүлдем басқа нәрсе. Мысалы, Кеден Одағы енгізілгелі біздің шекарамызда қазір Ресейдің кеденшілері тұр. Ол дүние жүзінде болмайтын тәжірибе. Егемен елдің шегінде басқа елдің кеденшілері тұрмайды. Біз Кеден Одағынан, бірегей экономикалық кеңістіктен бас тартуымыз керек. Осындай қадамға баруға біздің құқымыз бар. 1969 жылы қабылданған халықаралық келісімшарттар туралы Вена конвенциясы бар. Ол «хартлоу» деп аталады. Оның 60-бабында егер он екі ай бұрын ресми түрде ескертсе, әр мемлекет әр келісімшарттан шығуға құқығы бар деп жазылған. Және бірегей экономикалық кеңістік келісім шартында осындай жазу бар. Сондықтан, біз өзіміздің құқығымызды пайдалануымыз керек.
- Кедендік Одақты қолдауға келгенде биліктің пікірі ортақ па?
- Соңғы болып жатқан өзгерістерге қарасақ, билік қазір екі түрлі пікірде отыр. Мәселен, жуырдағы «Нұр Отан» партиясының Бас хатшысы Ерлан ҚАРИННІҢ сөйлеген сөзі мен Ғани ҚАСЫМОВТЫҢ сенатта осы тақырыпта мәселе көтеруін алып қарасақ, меніңше, қазір Назарбаевтың өзі де осы жағдайдан шығудың жолдарын қарастыруда. Сондықтан, біздің қарапайым халықтың міндеті - өз позициясын билікке жеткізу. Біреулер: «Бәрі жасалып қойған, енді не мәні бар» деуі мүмкін. Бірақ, бәрі де халықтың өзіне байланысты. Егер біз Ресеймен жасалып жатқан саясатқа қарсы екенімізді танытып, жұдырық болып жұмыла алсақ, оған жол бергізбейміз. Сол үшін референдум қажет.
Айнұр САПАРОВА