Атырау, 26 қараша 02:57
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Теңізде 4,1 баллдық жер сілкінісі орын алды

4 754 просмотра

21-ші ақпанда Теңіз кенішінің аумағында жер асты дүмпуі болған. Батыс Қазақстандағы жерасты дүмпуі туралы ақпарат алдымен ресейлік және шетелдік сайттарда пайда болды. Қазақстандық сайттарда бұған қатысты әзірге ештеңе айтылмайды. Ал облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке хабарласу мүлдем мүмкін болмады. Баспасөз хатшысы ауырып қалған, ал оның орнын алмастырған қызметкердің телефоны жауап бермеді.

Сейсмологиялық орталықтың Еуропалық-Жерортатеңіздік ресми сайтында (www.emsc-csem.org) Теңізде қарқыны 4,1 баллдық жер қыртысының тербелісі жайлы хабарланған. Батыс Қазақстанның сол ауданындағы жер сілкінісі туралы ақпарат Ресей Ғылым Академиясының геофизикалық қызметінің сайтында орналасқан. Онда ондаған халықаралық сейсмикалық стансалардың Батыс Қазақстаннан 4,3 баллдық дүмпулерді тіркегендігі хабарланған.

Дүмпулер 21-ші ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 14.03-те 30 км тереңдікте болған деп тіркелген. Ал отандық сайттарда мұнайды қарқынды өндіріп жатқан аудандардағы жер сілкінісі туралы ешқандай ақпарат жоқ. Бір қызығы, бұл туралы ұлттық Арнайы сейсмикалық ақпараттарды жинау және өңдеу орталығы да жақ ашпай отыр.

Шетелдік сейсмологиялық орталықтар жер сілкінісіне төмендегідей сипаттама берген:

Аумағы:4,1 мб

Болған жері:Батыс Қазақстан

Күні мен уақыты:2011-02-21 09:03:21.0 UTC

Орналасқан жері:45,91 N; 53,53 E

Тереңдігі:30 км

Қашықтығы: Атыраудан 184 км (поп-146433; жергілікті уақыт бойынша 14:03:21.9 2011-02-21)

123 кмS Құлсары (поп-41108; жергілікті уақыт бойынша 14:03:21.9 2011-02-21)

60 кмS Қаратон (поп-8905; жергілікті уақыт бойынша 14:03:21.9 2011-02-21).

12 баллдық Медведев-Шпонхойер-Карник шкаласы бойынша деңгейі 4 баллдық жер сілкінісі қарқынды деп сипатталады. Теңіздегі дүмпуді кәсіпшілікте, яғни тікелей Теңіз кенішінің аумағында жұмыс істейтін ТШО қызметкерлері сезген. Олардың айтуынша, олар креслоның өзінен өзі сырғанағанын бақылаған. Ал екінші буынды зауыт қызметкерлерінің бірі сол кезде көшеде болған. Ол бір секундтай аспан орнынан қозғалып кеткендей болғанын әңгімеледі.

Белгілі атыраулық эколог  Махамбет ХӘКІМОВ бұған еш таң қалмайды:  

- 90-шы жылдардың басында Теңізде күн сайын 2-3 баллдық дүмпулерді тіркеп отыратын сейсмикалық стансалар бар болатын. ТШО келгеннен кейін сейсмостансаларды жауып тастады. Осы жер сілкінісінің барлығы – кенішті қарқынды өңдеуден туындаған техногендік сипаттағы құбылыстар. Қазіргі кезде ол жерде 40-тай ұңғы бұрғыланған. Алайда, егер техногендік жер сілкінісі жер қыртысының табиғи шөгуімен сәйкес келіп қалса, ең қорқыныштысы сол болмақ. Өйткені осы ауданда оңтүстік және орта Каспийді жалғайтын суасты жотасы өтеді. Ол жер сілкінісі орын алуы мүмкін табиғи эпицентр боп табылады. 2000 жылы осы жерде Атырауда 4 баллдық дүмпулерді туғызған 7 баллдық жер сілкінісі болған еді. Техногендік факторлардан туындаған мұндай жер сілкіністері кезінде Сахалин мен Өзбекстанда орын алған болатын.

Ал академик Мұфтах ДИАРОВ бұған дейін «Атырау облысының аумағы Каспий су айдынын қосқанда Рихтер шкаласы бойынша магнитудасы 6 баллдық жер сілкінісі орын алуы мүмкін жер қыртысының учаскесіне жатқызылған. Ірі мұнайлы Қашаған, Қайраң, Ақтоты, Королевское және Теңіз тұзды мұнай және газ кеніштері жер қыртысының тектоникалық белсенді учаскелерінде орналасқан» деген болатын.

Р.S. Сәрсенбі күні белгілі болғандай, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне ТШО менеджерлерінің бірінен ресми хат келген. Онда 21-ақпанда жекелеген оңтүстік учаскелердегі жұмысшылардың кейбірі тербелісті сезінгенімен, құрал-жабдықтар мен техникалық желілердің істен шыққаны тіркелмеген деп хабарланған еді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

24 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.