«Алғабас-Жорық» каналында мүлдем су жоқ. Қақсыған канал бойында отырған ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер қалыпты жұмысынан айрылып қалғанына қынжылып, «АЖ»-ға шағымданған болатын.
Биыл 15 диқаншы 150 гектар жерге егін егуді жоспарлаған болатын. Алайда каналдың бойында судың жоқтығынан аудан халқын бау-бақша және ет, сүт өнімдерімен қамтып отырған дала еңбеккерлері бүгінде тығырыққа тіреліп отыр.
–Біздің ШҚ бұдан 31 жыл бұрын құрылған еді. Мал және егін өсірумен айналысамыз, – дейді «Аққу» ШҚ иесі Ирина ТЕМІРҒАЛИЕВА. – Егіншілер үшін «көктемнің әр күні-жылға азық» дегендей, биыл да алқапты жыртып, қопсытып, жүйектер салып дайындап қойдық. Ауданы 4 гектар жерге қауын, қарбыз, картоп салуды жоспарлағанбыз. 2 гектарға қарбыз егіп тастадық, екі-үш жапырақ көгеріп жатыр. Бірақ қазіргі күйімізбен еккендеріміздің бой алып кететініне сенімсізбіз. Өйткені, каналда су болмағандықтан Жайық өзенінен трактормен тасып, бөшкеге су толтырып, оны бақырашпен құйып жатырмыз. Оған балаларым көмектесіп жатыр. Енді қауын, картоп егейін десем су жоқ. Су болмаса біз егін еге алмаймыз, онда осыған дейінгі бүкіл еңбегіміз зая кетейін деп отыр.
Бөдене ауылдық округінен 12-64 шақырым қашықта жатқан «Ақбұлақ», «Қалыбай», «Дәрі», «Малайсары», «Базарбай» котловандарында да су жоқ.
-«Алғабас-Жорық» каналындағы «Ақбұлақ» котлованын былтыр суға толтырған, оны мал ішіп тауысты,- дейді «Болашақ» ШҚ басшысы Салауат ЖҰБАНҒАЛИЕВ.. - Оның үстіне қардың болмауы, жауын-шашынның аздығынан каналдағы су таусылып, ұйма балшыққа айналған. Үлгерсек, батпаққа батқан малды құтқарып аламыз. Ал үлгермесек, құлындар өздігінен шыға алмай, өліп жатыр. Сонда түз малы осылайша қырыла бере ме?
КОРОНАВИРУС ӨЗГЕРІС ЕНГІЗДІ
Бірнеше жылдан бері «Алғабас-Жорық» каналы мүлдем жөндеу көрмей, азып-тозып тұр еді. Өткен жылдың маусымында оны қайта жаңғырту жұмысына бюджеттен 450 млн теңге бөлінді. Мердігер «СұңқарҚұрылыс Ltd» ЖШС бұл қаржыға каналдың бойын тазарту, тереңдетіп қазу, қалқымалы су сорғы стансасын қондыру, т. б. жұмыстарды жасайды деп көзделген. Келісімшарт бойынша канал осы жылдың 24 сәуірінде пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда әлі біткен жоқ.
«СұңқарҚұрылыс Ltd» ЖШС-нің директоры Бақытбек ТАНКЕЕВ:
-Негізі каналды жаңғырту ісі толық бітіп тұр. Тек Жайықтан каналға су айдайтын қалқымалы су сорғы стансасын орнату жұмысы қалды. Қазақстанда ол жасалмайды, сондықтан біз қаңтар айында Ресейге тапсырыс бергенбіз. Қазір ол дайын, бірақ елдегі ТЖ-ға байланысты шекара жабық болғасын кейін жеткізілетін болды. Яғни, бұл жерде біздің кінәміз жоқ.
«КазСушар» РМК-ның Атырау филиалы Индер аудандық учаскесінің басшысы Сайлау БАЙБОСЫНОВТЫҢ өз айтары бар:
-Канал жұмысы толық біткен жоқ, шлюз қою, 15 метр жердің плитасын төсеу, кейбір котловандарды тазарту жұмыстары қалып тұр. Мердігер осы жұмыстарды толық бітірмейінше, біз каналға су бере алмаймыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор