Атырау, 22 қараша 08:12
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Абысын

6 914 просмотра
Көрнекі сурет

Қай кезде де қайғы-қасіретке қарамастан отбасының мүддесін бәрінен жоғары қойып, ошағын сақтап қалуға тырысатын біздің қазақтың әйел-аналарының даналығы мен көрегендігіне басымды иемін. Солардың төзімділігі мен жауапкершілігінің арқасында біз, қазақтар, ауыр күндерді бастан өткеріп, ұрпағымызды сақтап, жалғасын таптық.

Менің Жетірудың Тама руынан өмірі көрмеген екі нағашы атам және бала кезімде мені тәрбиелеп өсірген екі нағашы әжем болды.

Бірінші жолдасынан айырылғанда Ажар әжемнің жасы 25-те болыпты. Ахмет атам 1942 жылы Сталинград түбінде хабар-ошарсыз кеткен. Ахметпен бірге інісі Рахмет те Сталинградтағы сол сұрапыл соғыста қаза болған.

Ахмет пен Рахметтің жұбайлары абысынды-келінді Ажар мен Тәті олардан бір уақытта  айырылып қалды. Ажардың қолында 5 жасар қызы мен емшекте жастағы ұлы қалды, ал Тәтінің 3 жасар қызы болды.   

Аяушылықты білмейтін соғыс олардың шаңырағын шайқалтса да, екі жас жесірдің сағын сындыра алмады. Бұдан былай екеуі бір үйде тұрып, бірге өмір сүруді ұйғарды. Қолдарында көз құрғатып, ұлдарын жоқтаған қарт енесі қалды. Қос құлынын енді қайтып көрмейтініне көзі жеткен кейуана Жеңіс күнінен кейін бақилық өмірге аттанып кете барды.

Азаматтарының жоқтығынан қиналса да, әйелдер тіршіліктерін жалғастырды. Балаларын келініне қалдырып, Ажар алыстағы темір жол стансасына барып, омырауының сүтке толғанына қарамастан, қапшықтап бидай тасыды. Сөйтіп, бір күнді бір күнге жалғап өмір сүріп жатты.

Соғыс аяқталғаннан кейін 1947 жылы Ажар қазақтың әмеңгерлік салтымен соғыстан тірі оралған жолдасының немере ағасы Артығалимен қайта шаңырақ құрады. Әжемнің жаңа отбасындағы өмірі басталып, дүниеге екі қыз әкеледі.

Бір қарағанда, екі абысын үшін ортақ қайғының жарасы біртіндеп жазылып, уақыт өте келе ұмытыла бастағандай еді.

Тәті өз абысынына өткен-кеткенді есіне түсіргісі келмей, қызымен бірге қыстаққа көшіп кетті.

Ажардың бағы ұзаққа шаппады, Артығалидың майданда алған жарақаттары сыр беріп, он жылдан кейін ол да көз жұмды.

Тәті қайтып тұрмыс құрған жоқ. Қызы аяқ-астынан қайтыс болғанда, жападан жалғыз қалды.

Ажырағандарына 15 жыл өткеннен кейін Ажар абысынын өз қолына, өз қамқорлығына алды. Тіпті өзінің бір немересін Тәтінің бауырына басты. Оны ол өз ұлындай тәрбиеледі. Солай екеуі тату болып, бірін-бірі құрметтеп, аман-есен өмір сүріп, қартайды.  Біз, немерелері Ажар әжемізді - «Үлкен мама», ал Тәті әжемізді – «Кішкентай мама» деп өстік. Ал қабырғада мұрт қойған жас Ахмет пен ат жақты сержант Артығалидың суреттері ілулі тұратын. Әжелеріміз солардың аманатын орындаған еді.

Әжелеріміз арасына бірер жыл салып, бір мезгілде қайтыс болды. Олар қалдырған өсиеті бойынша қатар жерленді. Алдында Ажардың, артында Тәтінің зираты тұр. Бір-біріне сенім артып, бүтін бір әулетті сақтап қалған абысындар.

Өткен заманда қалыпты болып есептелетін, ал қазір сирек кездесетін бұл екі әйел арасындағы қарым-қатынас осылай жалғасты. Қазір ата-ене мен ерінің туысқандарын сыйлауды айтпағанда, бөлек тұрса да, абысын арасында мұндай жарасымдылық сирек кездеседі.

Ол кезде заман қиын, ал адамдары мейірімді, адамгершілігі мол болған, деп біреулер менімен келіспеуі де мүмкін.

Әйелдеріміз өзгерген болса, онда біз, қазақтың азаматтары, бойымыздағы маңызды, киелі қасиеттерімізді жоғалтып алдық-ау.

Азамат МАЙТАНОВ

1 мамыр 2020, 23:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.