Өткен жылы Индербор кентінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Болашақ» ықшам ауданында екі пәтерлік 23 үй пайдалануға берілген болатын. Бұл баспаналарға бүгінде аз қамтылған, көп балалы 45 отбасы (бір пәтер әзірге бос) қоныстанып отыр. Содан бері жыл өтпей жатып «АЖ» поштасына үй сапасыздығынан зардап шеккен тұрғындардың шағымы түсе бастады.
Конкурс тәртібі бойынша жеңген мекеме жеке қаражатына үй (әрқайсысы 200 шаршы метр) салады, кейін оны жергілікті әкімдік 28 млн теңгеден сатып алады. Ол үшін бюджеттен 630 млн теңге бөлінді. Конкурсқа баламасыз негізде түскен жеке кәсіпкер С. Әбулхайыров жеңімпаз танылды. Ол өткен жылдың мамырынан бастап үй құрылысын жүргізіп, күзде жаңа пәтерлердің кілтін тапсырды. Айта кету керек, жеке кәсіпкер қуат көзін, су, газ, канализация жүйелерін өз қаражаты есебінен жүргізген болатын. Бастапқыда жалдамалы пәтерлерге көп балалы 15 отбасы қоныстанып, артынша бұл сан 45-ке дейін жетті. Сыртынан қарағанда, үйлер тым жақсы - үш бөлмелі, ауласы қоршалған жаңа пәтер. Алайда, тұрғындар қыс түсе біраз қиындықтарға тап болды.
- Менің туып-өскен жерім осы Индербор. Менен кейінгі інім үйленген соң отбасыммен бөлек шығып, бірнеше жылдан пәтер жалдап жүр едік. Отбасында жеті баламыз бар, келіншегім сегізіншісіне аяғы ауыр, - дейді Алтынбек САТАНОВ. - Ақпанда жаңа пәтердің кілтін алғанда, бала-шағамызбен қатты қуандық. Осы үйге кіргенімізге үш ай болды, ал көргеніміз қорлық. Жел тұрған күндері керілмелі төбе (натяжной потолок) төмен түсіп, салбырап тұрады. Неге бұлай екенін білмек болып шатырға шықтық. Шатыр жиегі мен қосылған бұрыштарының (конек) жан-жағы ашық-шашық, дала көрініп тұр, жалғанған стропилдер, тіреуге қойылған тақтайлар сирек орналастырылған. Төбенің дұрыс жабылмағасын шатыр мен қабырғалардан су кетіп, дымқылданып тұрады. Наурызда жеке кәсіпкер жөндеп береміз деген, әлі жоқ. Жасаған күннің өзінде технадзор мамандарын шақырғымыз келіп отыр, төбесін ашып, қайтадан жабу керек.
Айтпақшы, Сатановтың өзі құрылыс маманы, қазір прораб болып жұмыс жасайды.
-Балалар жөтеліп, жиі ауырып қалады. Қыс бойы әжесінің үйінде болдық. Бір кезек желдетіп алайық десек, керілмелі төбе жабысып, астындағы шеге көрініп тұрады. Ал жыртылып кетсе қайтеміз?
Бес баланың анасы Элеонора МУХИТОВАНЫҢ айтуынша, бірінші кірген үйі салқын әрі жылу қазаны дұрыс жұмыс жасамағандықтан екінші үйге көшіріліпті.
-Бірақ одан өзгеріп кеткені шамалы. Шатырдан бөлек, әжетхана мен ас үйде булық жоқ. Осы үйді тапсырғанда әкімшілік қалай қабылдаған – түсініксіз. Сосын бізге неге үй құжатын бермейді, тіркеуге отыруымыз керек қой.
«ҚАБЫЛДАҒАНДА КЕМШІЛІК БОЛҒАН ЖОҚ»
-Жалпы 2019 жылы аз қамтылған, көп балалы отбасыларға арналып 678 млн теңгеге 53 пәтер сатып алынды, оның 8-сі көп қабатты үйлерден, ал қалған 45 пәтер жаңа құрылыстан берілді. Жеке кәсіпкер үйді салды, біз бюджет қаржысына сатып алдық. Қазір ол үйлер кент әкімшілігінің балансында. Құрылысы біткен жаңа үйге қоныстанушылар тарапынан үйдің іші сыз тартып, шатырынан су кетеді деген шағымдар жиі түсе бастады. Анықталған кемшіліктер бойынша жеке кәсіпкер өз қаржысына жөндеу жүргізуге келісім беріп отыр.
- Неге сапасыз құрылысты қабылдап алдыңыздар. Ол өз қаржысына салғанымен ол үйлер бюджет қаржысына сатып алынды ғой. Ол аз да қаржы емес.
- Біз қабылдап алғанда, ол үйлердің сапасында кемшілік болған жоқ.
Кейін бізге ЖК Саламат ӘБУЛХАЙЫРОВ хабарласты:
- «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша біз барлық инфрақұрылымы бар дайын жерге үйдің құрылысын жүргізуіміз қажет еді. Бірақ оның бірі болмаса да тоғын, суын, газын жүргізу мен қосу үшін өз қалтамыздан қаржы шығаруымызға тура келді, оған 55 млн теңге кетті. Ол демеушілік көмегіміз болды. Негізі бұл үй өте сапалы, керемет жасалған, қабырғасы қалың, қымбат есіктер қойып, еденге ламинат төселді. Енді тұрғындар үйдің сапасына шағымданып отыр. Мен өз есебімнен кішігірім жөндеу жасауға дайынмын, ал олар шатырды түгел ауыстыруды талап етіп отыр. Оған мен келіспеймін – шатырда мін жоқ. Сіз мені дұрыс түсініңіз, осы отбасылар баспаналы болсын деп қыруар қаражатымды жұмсадым, сонда менен жаман адам жоқ. Тіпті, көңілім қалды. Егер бұл үйлер салынбаса, әлі күнге дейін пәтер жалдап, көшіп-қонып жүрер еді. Мен қазір аудандық құрылыс бөлімінен жөндеу жөнінде ресми хатын күтіп отырмын. Егер тұрғындар келіссе, онда жұмысты бастаймын. Егер бас тартса, онда өздері білсін, сол күйінде қалады.
Қазір аудандық құрылыс бөлімі үйдегі ақаулықтарды жою туралы келісім парағын жасап, тұрғындардан қол жинап жүр. Бірақ олардың басым бөлігі келісім бермей отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор