Менің екі құрбым көп жылдан бері шетелде – бірі Израильде, екіншісі Ұлыбританияда тұрып жатыр. Күнде хат алмасып тұрамыз, әңгіме қайткенде де Covid-19 төңірегіне келіп тіреледі. Израилдықтар мен ағылшындардың қазіргі тыныс-тіршілігі қандай екені «АЖ» оқырмандарына да қызық болар.
Виктория ЛИ «АЖ» газеті ашылғалы бері алғашында тілші, кейін редактордың орынбасары болып жұмыс жасады. Біздің оқырмандарымыз оны ұмытпаған болар. Қазір Вика отбасымен Израильдің солтүстігіндегі Наария деген шағын қалада тұрады.
ИЗРАИЛЬДЕГІ ЖАҒДАЙ
Вирус жұқтырғандар саны әлі де көбеюде – күніне (орта есеппен 15 мың сынама-тест жасағанда) 200 жағдай тіркеледі, - дейді құрбым. – Наурыздың басында күніне 800 жағдай анықталатын. Бір жағынан тәулігіне жұқтырғандардан гөрі сауығып шыққандар саны көбейіп келеді. Соған сәйкес емделушілер де күн санап азайды. Қазір 15100-дің 6000 емделген, ал 193 – көз жұмды. Карантин режимі бәсеңсіп, біртіндеп дүкендер ашылып жатыр. Бірақ, адамдар бұрынғыша үйден шықпай, жұмысты үйден жасап, тек аса қажетті жағдайда сыртқа шығып келеді. Көпшілігі ақысыз демалысқа шығып, жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы алып отыр.
ПЕСАХ БҰРЫНҒЫДАЙ ЕМЕС
Қарбалас наурыздың басында басталды. Көпшілік шаралардың барлығы тоқтатылды. Әдетте мерекенің көбі наурыз бен сәуірде өтеді, оның ішінде діни мерекелер де бар. Осы кезде израилдықтар отбасымен жиналып, шағын той-томалақ ұйымдастырады. Осының салдарынан инфекция жұқтырғандар көбейіп кетті. Жиналудың қаншалықты қауіпті екенін түсінгенде, үйлерінен шықпайтын болды. Денсаулық сақтау министрлігінің ұйғаруымен басқа елдердегідей карантин шаралары енгізілді: тек азық-түлік алып, дәріханаға баруға және үйден 100 метр жерге дейін серуендеуге болатын. Көлікте тек екі адам болу керек. Мереке күндері тәртіпті күшейтіп, тіпті дүкен мен дәріханаға шығуға тыйым салды. Бірінші рет Песах мерекесінде екі күнге қолданды, апта өткеннен кейін тағы екі күн, енді Тәуелсіздік мерекесіне тағы үйден шығуға тыйым салады. Тәртіп бұзғандар да аз болған жоқ. Орманға барып, теңіз жағалауында қыдырғандарға 500-ден 5000 шекелге (60 мыңнан 607 мың теңгеге) дейін айыппұл салынды.
ДӘРЕТХАНА ҚАҒАЗЫ ЖЕТКІЛІКТІ ЕКЕН
Карантин енгізілгеннен кейінгі алғашқы күндері бізде де халық жапатармағай дүкен сөрелерін босатып әкетіп жатты, бірақ бұл көпке созылған жоқ. Себебі Биби (Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху. – С.Т.) байбалам салудың қажеті жоқ деп мәлімдеме жасады. Елде қор жеткілікті, тауарлар уақытылы жеткізіліп тұр. Ауылшаруашылық өнімдері Израильдің өзінде өндіріледі. Ең көп сұранысқа ие болған дәретхана қағазы қанша сатып алынса да, біткен жоқ. Неге екені белгісіз, жұмыртқа тапшылығы байқалды, ол да ұзақа созылған жоқ. Дезинфекция құралдары да жеткілікті. Әрине, әншейінде тиын тұратын масканың бағасы өсті, бірақ сатып алуға қиналатындай қымбат емес. Халық дезинфекциялау құралдары, спирт негізіндегі салфеткаларды және т.б. көп алды. Маска мен антисептиктер жеткілікті. Ең қауіпсіз деген №95 маска 50 шекел (6000 теңге) тұрады, ал кәдімгі мата масканың 10 данасы – 10 шекелден (1200 теңге) сатылды.
ҚОЗҒАЛЫС ТУРАЛЫ
Бұрын бізде әдейі рұқсат қағаз болмайтын. Тек тіршілікке қажетті мекемелерге бару үшін рұқсат алу керек болатын. Оны муниципалдық органдар емес жұмыс беруші жазып береді. Халықтың дені шектеу шараларына түсіністікпен қарады.
БӘРІ МАСКАМЕН ЖҮР
Дүкендерде 2 метр ара қашықтықты сақтау үшін аяқ астына арнайы белгі жабыстырып қойған. Бәрі маска тағып жүреді – тақпаса, 200 шекел (24300 теңге) айыппұл төлейді. Қолғап киіп жүру міндетті емес. Дүкеннің бәрінде қолғап қорабымен, спирттелген салфетка және дезинфекция құралдары қойылған. Ішке кірерде дене қызуын өлшейді, ал халық көбейіп кетсе, шағын топпен кіргізеді.
ТЕК ШҰҒЫЛ ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛАДЫ
Бізде ауыр науқас қабылдайтыннан басқа тіс емханасының бәрі жабық. Тек аса қажетті жағдайда болмаса, жоспарлы операция жасалмайды. Емхана кезек күттірмейтін науқастарды ғана қабылдайды. Ал рецепт жазып беру және басқа да қызметтер телефон немесе интернет арқылы жүзеге асырылады.
ЕШКІМДІ ҰМЫТПАҒАН СИЯҚТЫМЫЗ
Эпидемия кезінде жұмыстан бос қалғандар жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы алады. Халықтың кей бөлігіне, мәселен, енді жұмыс табуы қиын жағдайдағы егде жастағы адамдар үшін 500 доллар көлемінде бір реттік қосымша жәрдемақы қарастырылған. Шағын және орта бизнесті қолдау қорлары бар. Қарт адамдарға муниципалитет жан-жақты қарасып отыр – ыстық тамақ, азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтиды.
ЗІМБІР МЕН ЛИМОНҒА ШАПҚАН ЖОҚ
Зімбір мен лимонға ешкім таласқан жоқ, кез-келген жерде толып тұр, бағасы да бірқалыпты. Лимонды өздері өсіретіндер оны дорбаға салып, ауланың сыртына іліп, тегін алуға мүмкіндік жасады. Бағаның өскені байқалған жоқ.
Жанар ЧАХАРОВА көптен бері Лондонда жұмыс жасап, Солтүстік Йоркширде тұрады.
«АЗАЙДЫ ДЕП АЙТЫП ЖАТЫР»
ВВС-дің хабарлауынша, Covid-19 азайып келеді. Статистика бойынша 8 сәуірде өлім саны көбейіп, қазір барлығы 20 мың адам өлген (эпидемия басында британдық мамандар өлім санын 20 мыңнан төмен деңгейде ұстап отырсақ, «жақсы болар» еді деген. – С.Т.). Жұқтырғандар саны қазір 148 мың адам. Мұнда сынама-тестіні тек медиктерге, негізгі қызметкерлерге немесе ауруханаға өте ауыр халде түскендерге жасайды. Қатты ауырып тұрмасаң, ауруханаға келудің қажеті жоқ, телефон соғыңыз деп өтінеді. Өзімізде күнделікті өмірден көп айырмашылық жоқ – қонаққа бармаймыз, азық-түлікті аптасына бір рет алып келемін.
ДЕМАЛЫС ЕМЕС ЕКЕНІН ХАЛЫҚ ТҮСІНДІ
Карантин енгізген кезде ағылшындар алғашында мұны демалыс деп қабылдап, жағажай мен саябақта қыдырып, дүкен аралап жүрді. Сондықтан локдаун енгізді, енді оны күшейтуі мүмкін деген ақпарат бар. Қазір бізде тек азық-түлік алуға және салауатты өмір салтын ұстану үшін күніне бір рет жүгіріп немесе велосипед теуіп келуге рұсат етілген. Қатаң бақылау жоқ, бірақ менің ойымша, халық та түсініп, аса қажет болмаса шықпауға тырысады.
БҰЛ ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЕМЕС, БІРАҚ ОДАН БЕТЕР БОЛУЫ МҮМКІН
Карантин жарияланбас бұрын әсіресе оңтүстіктің халқы өздеріне қор жинап алуға кірісті. Дүкен сөрелері бірден сабын, дәретхана қағазы, күріш, макарон және ұннан босап қалды. Мұзбен қатырып қойған тамақтарды да көп алды. Қазір бәрі де бар, жеткілікті.
ДЖЕНТЛЬМЕНДЕР ҒОЙ
Бұл ретте ағылшындар өте ұстамды, тіпті ер адамдар да көбіне қол берісіп амандаспайды, ара қашықтықты сақтауға тырысады. Маска кимейді, қолғап кигендер де көп емес. Тепловизор еш жерде жоқ.
Антисептик пен маска карантинге дейін жоқ болып кетті.
Басқа медициналық көмекке қатысты айтар болсақ, бізде барлық емдеу орындарында тек өте ауыр халдегі науқастарға көмек көрсетіледі деп хабарлады, оның ішінде тіс дәрігерлері де бар.
МІНЕ, МЕМЛЕКЕТ НЕ ҮШІН КЕРЕК
Жұмыстан шығармас үшін мемлекет £2500 - еңбекақының 80 пайызын вирустың кесірінен жұмыстан босағандарға төлеп отыр. Ал жұмыста жүргендер толық еңбекақысын алады. Бірақ қазір халықтың көбі үйде отырып, сол 80 пайыз ақшасын алып отыр.
БОРИС ДЖОНСОН ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
Борис Джонсон (Ұлыбританияның премьер-министрі) ауырып қалғанда, бәрі оның тез сауығып кетуін тіледі. Ол жансақтау бөлімшесіне түскен күні кеште бәрі көшеге шығып, оның құрметіне қошемет білдіріп, қол шапалақтады. Дәл осындай құрмет-қошеметті қолдау ретінде дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне де білдіріп отырады. Оларды құдайындай көреді. Барлық жерде, тіпті үйдің терезелерінде «Рахмет, NHS» (National Health Service) деген жазуы бар плакат ілулі тұр. Олар вируспен күресу үшін майданда жүрген сарбаздар секілді. Кемпірқосақтың суреті де алғыс айтудың символы іспетті, көшеде келе жатсаң, терезеде балалардың салған суретін тамашалауға болады.
Бейнежазбада көршім аңызға айналған Somewhere over the Rainbow әуенін гитарада ойнап тұр.
Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА