ҚР Ұлттық Банкінің Атырау филиалында заңды тұлғаларға банктік шоттардан алатын ақшаның шекті мөлшері не себептен бекітілгені түсіндірілді. Қолма-қол ақшаға айналдыру үшін соманың шекті мөлшерін белгілеу туралы ереже 2020 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енеді.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық Банк төмендегідей шекті соманы белгілеуде:
- шағын бизнес үшін – күнтізбелік 1 айда 20 млн теңге;
- орта бизнес үшін – күнтізбелік 1 айда 120 млн теңге;
- ірі бизнес үшін – күнтізбелік 1 айда 150 млн теңге.
Филиалда компанияның банктік шоттарындағы ақша қаражаты - олардың меншікті активтері екенін атап өтті. Кәсіпкерлер қажетті операцияларды қолма-қол ақшасыз есептесу арқылы жүргізуге толық мүмкіндігі бар. Жаңа ереже көлеңкелі экономиканың мөлшерін азайтуға, бизнес субъектілері жүргізетін операциялардың жариялылығын арттыруға, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы күреске бағытталған.
Бұл ретте ол жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімдерін, балық өнімдерін сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға, тамақ өнімдерімен, сусындармен, фармацевтикалық, Медициналық және ортопедиялық тауарлармен бөлшек саудамен айналысатын заңды тұлғаларға қолданылмайды.
Ұлттық банк филиалының валюталық операцияларды бақылау бөлімінің бастығы Арсен КӨБЕКОВ кейбір жағдайларда компанияларға қолма-қол ақша және белгіленген лимиттен жоғары соманы алуға рұқсат етілгендігін, бірақ ол кезде өзінің қызмет көрсететін банкіне тиісті негіздеме беру керектігін айтты, банк өз кезегінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен (МКК) операция жүргізуді келіседі.
1 маусымға дейін екінші деңгейлі банк және МКК бірлесіп кәсіпкерлердің ақпарат жеткізу және келісім жүргізу реті бойынша барлық тетіктер пысықталатын болады. Егер компания 3 жұмыс күні ішінде МКК-дан жауап алмаса, онда осы өтініш бойынша қолма-қол ақшаны алуға транзакция автоматты түрде мақұлданған болып саналады.
«БИЗНЕС ҮШІН ПРОБЛЕМА ТУЫНДАМАЙДЫ»
2017 жылы заңды тұлғалар банктік шоттардан 1,6 трлн теңге, одан кейінгі жылы – 2,4 трлн теңге, 2019 жылы - 2,8 трлн теңге түсіріп алды. Қолма-қол ақша мөлшері жылдан жылға өсуде, деп атап өтті А. Көбеков.
- Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл қаражат тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалады. Компаниялар мұндай операцияларға қолма-қол ақшасыз есептесу арқылы төлем жасай алады - ешқандай шектеу жоқ. Қазір ол үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Банк жалақы жобасын ұйымдастырып, қолдау көрсетуде, төлемді қолма-қол ақшасыз есеп айырысу, аударып жіберу үшін өте ыңғайлы жағдай жасалды. Мысалы, 2019 жылы заңды тұлғалар 65,6 трлн теңгеге тауарлар мен қызметтер үшін қолма-қол ақшасыз төлем жасаған. Бұл одан бұрынғы жылғы көрсеткіштен 14%-ға жоғары.
2019 жылы бір заңды тұлға орта есеппен жылына 9 млн теңгені немесе айына 747 мың теңгені қолма-қол ақшаға айналдырды. Біз енгізетін шектеулі сома мөлшері бұдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан, біз бизнес үшін қиындықтар туындайды деп ойламаймыз.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА