Ауа-райының қолайлылығына байланысты атыраулықтар саяжай жұмыстарына биыл ертерек кірісіп кетті. Наурыз айының ортасынан өз учаскелеріндегі жерді тазалап, қопсытып, әртүрлі көшет отырғызуды бастады. Бірақ, Covid-19 өз өзгерістерін енгізді. Қазір карантин бау-бақша иелерінің осынша еңбегін еш кетіргенімен қоймай, күзде өнім жинау мүмкіндігінен де айырып отыр.
Өз бақшасынан жинап алған көкөніс пен жеміс-жидек бірқатар атыраулықтар үшін таза өнім мен үнемдеудің бір әдісі іспетті. Әсіресе зейнеткерлерге дұрыс тамақтанып, қысқы азық жинап алу үшін өте тиімді шаруа. Ал қазіргі ТЖ байланысты көтерілген бағалар қала тұрғындарының өзіне бақша салу туралы ой тастағандай.
Көктемнің әр күні жылға азық деген сөз бар. Жұмыстың едәуір бөлігі сәуірде жасалатынын осындай шаруамен бұрыннан айналысатындардың көбі жақсы біледі. Мамыр айында күн ысып, қаланы айнала маса қаптағанда, бақша түгілі далаға шығудың өзі мұң.
Облыс орталығын бүгінде полицияның жаяу наряды күзетуде, көшелерде тосқауыл, қаладан шыға берісте жабық бекет орнатылған. Ол жерде саяжайға барам деген жүргізушілерге айыппұл салып жібереді. Себебі, карантин режимі күшейтіліп, жеке көлікпен жүруге тыйым салынған. Кейін ҚР Бас санитарлық дәрігері А.ЕСМАҒАМБЕТОВА түзету енгізіп, шаруа қожалығы иелеріне егін алқабына баруға рұқсат етілді. Бірақ, өкінішке орай, саяжай бірлестіктері туралы бұл қаулыда ештеңе айтылмаған.
Әлеуметтік желідегі шағын сауалнама арқылы егінді суарудан басқа да мәселелер бой көтерді. Қалада қамалып отырған тұрғындар енді тек саяжайдағы егін емес, ол жердегі иесіз тұрған үй-жайлар қараусыз қалғанына қынжылады. Ұры түсіп, бұзып кетуі де ғажап емес. Ал кейбіреулері саяжайда қамауда қалған ит-құстарын шөлдеп, аштан өледі-ау деп уайымдап бітті. Тағы бірінің онда туысқандары отыр, оған әлсін-әлі тамақ апарып беру қажет.
«АДАМДАР ӨЛУ КЕРЕК ПЕ?»
Xena Urynbassarova: Мен биыл жеміс ағаштарын көп отырғыздым. Бұрыннан өсіп тұрғандары да бар. Жүзге жетіп қалады. 29-ында үйге келдім, 30-нда шығайын десем, Алмалының тұсынан өтуге болмайды деп, кері қайтарып жіберді. Қала әкімдігіне бірнеше рет өтініш жазғанмын, жауап жоқ. Әкім орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВПЕН сөйлескенімде, ол «сол жерде тұрып жатқандарға суарып тұруды өтініңіз...» деп жауап берді.
Менің жерім жәй ғана бақша емес және ауылдан 2 шақырым қашықта. Ал ауыл тұрғындарының өзі де мал мен егіннен босай алмайды. Тоқетері, жұмсайтын адам жоқ. Ең болмаса аптасына бір рет немесе екі аптада бір рет барып, талдарды суарып келуге жіберуді өтінген едім, жібермеді. Биыл өнім шамалы болатын болды. Жаппай тиым салу дұрыс емес. Учаскеге қатысты біздің құжаттарымыз бар емес пе, сонда барлығы көрсетілген. Жалпы, баланы алдағандай қарым-қатынас сияқты.
Надежда Пырьева: Қызым Курилкинодағы саяжайда тұрады, бірақ қалада менің үйімде тіркелген. Дәріханаға жете алмай отыр. Қалаға өткізсе, кері шығармай қояды. Ол жерде тірі жандар бар, қараусыз қалады ғой. Ал мені өткізбейді. Сонда адамдар өлу керек пе?
Ерлан Хаджиев: Біздің саяжайымыз Алмалы ауылдық округінде орналасқан. Ол жерде тауық пен бөдене ұстап отырмын. Құс өсіруді жаңадан бастаған едім – 2018 жылдан. Негізгі мақсатым – жұмыртқа мен құстың еті секілді экологиялық таза өнім тұтыну. Былтыр жеміс ағаштарын ектік. Биыл шағын бау-бақша жасап, қызанақ, қияр, қызыл бұрыш, т.б өсіруді жоспарлаған едім. Қаладағы жұмыстан кейін құстарды баптап, жер қазып, шеге қаққанның өзінен ләззат аламын. Карантинге байланысты Алмалыға жету қиындап кетті. Рұқсат алу үшін ТЖ штабына жолығуым нәтижесіз қалды. Бүгін нартәуекел деп, азық-жем сатып алдым да Алмалыға қарай тарттым. Бағыма қарай, ешкім тоқтатпады. Барлық жағдай жасалмаса да, қалаға бармай, осында қалуыма тура келді. Билік қалай еткенде де, күніне бір рет қала сыртындағы учаскемізге баруға мүмкіндік берер деп үміттенемін. Енді жападан жалғыз отырмын, отбасым қалада қалды.
Әлеуметтік желі осы секілді хабарламаларға толы. Саяжай иелері жыларман күйде, учаскелеріне жету үшін әкімдікке хат жазып, патрульдерге жалынып-жалпайып әлек. Алайда ешқайсысы да олардың сөзін құлақтарына ілмейді. Айта кету керек, бағбандардың көбі карантиннің қажетті шара болғандықтан енгізілгенін жақсы түсінетін парасатты жандар. Олар өте мұқият болуға: медициналық маска тағып, қолғап киіп, аса қажет болмаса ешкіммен байланыс жасамауға сөз береді. Дегенмен де, бұл мәселені билік шешеді.
БӘЛКІМ ОМБЫ МЕН ТОМСКДЕГІДЕЙ ЖАСАУ КЕРЕК ШЫҒАР
Көрші Ресейде саяжай иелерінің пайдасына шешім жасалған. Мәселен, Томск облысының тұрғындары бақшаларына жеке көлігімен шығуға рұқсат алады. Омбыда да солай. Сол қаладағы туыстарым қалада шектеулі уақыт аралығына рұқсат қағаз алатындарын айтты: егер түнеуге немесе саяжайда бірнеше күнге қалатын болса, бір бағытта қысқа мерзімді рұқсат қағазын ресімдеуге болады. Содан кейін қайтар бағытқа ресімдейді. Оның үстіне, оларда қазір бағбандарды азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамту мәселесі қарыстырылып жатыр екен.
Бурятияда саяжайға шығар кезде өзімен бірге саяжайға иелік ету құқығын растайтын құжаты болуы керек. Талап еткен жағдайда сол құжатты көрсетеді. Ал интернет-порталдағы форумда аты-жөні, жолға шыққан уақыты, жасы, қозғалған орны мен жүру бағыты көрсетіледі. Сонымен қатар, барлық қажетті санитарлық шараларды сақтауға келісімі расталады.
Қазір еліміздегі саяжай иелерінің барлығында да осындай проблема. Бірақ Қостанайда, мәселен, өз мүлігіне алаңдайтын саяжай иелерінің тілегін назарға алған қоғам төрағалары жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, учаскелерді аралап шығады.
Ал бау-бақша қоғамдары суару жұмыстарын бастап кетті. Саяжайда тұратындар бұл қызметті барынша пайдаланып отыр. Көршісінің қураған талына жаны ашитындар суды олардың кеберсіген бақшасына бұрып, суарып тұрады. «Құлпынай бой көтеріп қалған», - дейді жылап тұрған смайл белгісін қойып, әлеуметтік топта жазба қалдырған саяжай иелері.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттерді түсірген автор