Атырау, 5 қазан 11:17
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Жайық әзірге Каспийге құйылып жатыр

3 417 просмотра

Мәселенің түйіні тарқатылды

ҚР премьер-министрінің атына парламент мәжілісінің жаңа сайланған депутаты Талғат ЕРҒАЛИЕВТІҢ (бүгінгі күні іздеуде жүрген Аманжан РЫСҚАЛИДЫҢ орнына «Ақ Жол» депутаттық фракциясының тізіміне енгізілген) Жайық өзенін құтқару тақырыбына қатысты депутаттық сауалы біздің аймақтан сайланған мәжілісмендердің тарапынан қолдау емес, түсінбестік тудырды.

 

«ОЛ ЖАЙЫҚТЫ МҮЛДЕМ КӨРГЕН ЕМЕС»

Жекелей алғанда, Ерғалиев өз сауалында Ириклин су қоймасынан (Ресей) жіберілетін суға қатысты мәселелерді қарастыруды өтінді және Жайық акваториясына ерекше қорғалатын табиғат аумағы мәртебесін беру, мелиоративті жұмыстарға қаржы бөлу жөніндегі мәселені қарауды, сондай-ақ, аймақтағы балық инспекциясы штатын көбейтуге ұсыныс білдірді.

Сауалнамаға қол қойғандардың арасынан (ал, оған қол қойғандар Азат ПЕРУАШЕВ жетекшілік ететін «Ақ Жол» партиясындағы Ерғалиевтің серіктестері) біздің облысымыздан сайланған бірде-бір депутаттың табылмауы бізді таң қалдырды. Біз олардың бірі – «Нұр Отан» ХДП фракциясы мүшелерінің бірімен (ол неге екені белгісіз өзінің атын-жөнін атамауды өтінді) байланыстық. Ол бізге мынаны айтты:

- Шынымды айтсам, бүгінгі отырыста осы депутаттық сауалды естіп мен қатты таң қалдым. Соңғы үш жылдың ішінде біздің облыстан сайланған депутаттар бұл мәселені президентке дейін жеткізіп, көтерген болатын. Ал, міне, жақында ғана келген және өмірінде Жайықты көрмеген депутат келіп, мынадай сауал жолдайды. Оның сауалындағы айтылған мәселелері күлкілі. Егер осы мәселелерге қатысты нақты айтатын болсақ, трансшекаралық өзендер бойынша мемлекетаралық комитет құру жөнінде арнаулы президенттік тапсырма бар және ол тек Жайықты ғана емес Ертістің де проблемаларымен айналысады. Сондықтан да қазір бұл ең басты мәселе болып отыр. Депутат атап отырған Ириклин су қоймасына қатысты проблема  - бұл ескі ақпарат. Біз оралдық және атыраулық депутаттар бұған таңданып қалдық...

Біз өз тарапымыздан парламентте ауылшаруашылық министрлігі, экология, экономика және көлік министрліктерінің, сондай-ақ, Орынбор облысы өкілдерінің қатысуымен мемлекетаралық орган құру мәселесі бойынша дөңгелек үстел өткізуді көздеп отырмыз.

Ал, депутаттың балық инспекторларының штатын көбейту жөніндегі ұсынысынан бекіре тұқымдас балықтардың басы артып кете қоймайды, тек сыбайлас жемқорлық саны артады. Мен өзім жеке басым бізде адал қызмет еткен бірде-бір балық инспекторын ешқашан көрген емеспін. Одан да бекіре балықтарын өсіретін фермалар санын арттыру жөнінде айту орынды болған болар еді.  Жалпы, бізде бір аймақтың депутаттарына басқа бір аймақтың проблемаларына араласуға жол берілмейді.

 

«ТЕРЕҢДЕТІП ЖАТЫРМЫЗ»

Атырау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Орақ БИСЕМБАЕВ:«Жыл сайын Жайық өзенінде белгілі бір жұмыстар атқарылуда. ҚР Үкіметі Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне Жайық өзенін сауықтыру бойынша кешенді жоспар жасақтауға тапсырма берді. Біз бұл жоспарға нақты бір шараларды енгіздік. Бірақ, ресейлік тарап осы мәселеге қатысты біраз кідіртулерге жол беріп отыр. Олардың келісімін күтпестен қазақстандық тарап нақты бір шараларды алды. Мәселен, айталық 2010 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тереңдету жұмыстарына 1,7 млрд теңге бөлді. Кешенді жоспар жасақталды, бұл қаржылар 4 жылдың ішінде игеріліп болуы тиіс. (Айтпақшы, осы қаржының тендерін танымал «МұнайҚұрылысСервис» жеңіп алды. – С.Т.).  Ириклин су қоймасына қатысты мәселеге келетін болсақ,  біз трансшекаралық өзендер бойынша Ресей-Қазақстандық комиссияның мүшесі болып табыламыз, біздің пікірімізше, көктем мезгіліндегі  су ағыны бәрінен бұрын ауа-райының циклділігіне байланысты. Ириклин су қоймасы директорының айтуынша, су тасыған кезде олар суды жоғары деңгейде өткізеді. Біз оған сеніп отырмыз, өйткені, соңғы 6 жылда су азайып, тайыздалып кетті, бірақ, су тапшылығын сезіне қойғанымыз жоқ.

Депутат қойып отырған екінші бір мәселе – Жайық өзенін ерекше қорғалатын табиғи аумаққа ауыстыруды ұсынады, меніңше, оның керегі жоқ. Өйткені, ол 1974 жылдан бері Жайық қорықты аймақ болып есептеледі. Мелиоративті жұмыстар жөнінде мен айтып өттім, одан басқа, Көлік және коммуникация министрлігі жыл сайын Жайық-Каспий кеме жүретін каналды тереңдету жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөліп отырады (ол Атырау қаласынан басталып, өзен сағасына дайін және одан әрі теңізге дейін, ұзындығы 56 км дейін барады).

 

СӨЗ ЖҮЗІНДЕ ....

Жайық өзенінің проблемасы Ахметовке бізге ҚР бірінші вице-премьері болған кезінде келген сапарында қойылған еді. Оған Жайықтың гидрологиялық режимінің және оның салаларының нашарлауы және соңғы 40 жыл бойына жүргізілмеген тереңдету жұмыстары, кейбір учаскелерінің тереңдігі 1 метр болатын Жайық-Каспий кеме жүру каналдары туралы айтылды. Су тасқынының проблемаларын түбегейлі шешу үшін шенеуніктер Жайық-Көшім жүйесіне ұқсас Жайық-Ақсай суару жүйесінің құрылысын салуды ұсынды. Жоба аясында әрқайсысы 50 млн текше метр болатын 2 су қоймасын салу көзделді. Алайда, вице-премьер бұл идеяға сараптамалық баға беру үшін осы ұсыныспен ғылым өкілдеріне шығуды және қаржы жергілікті бюджеттен бөлінуі керек деген пікірін білдірді.

Осылайша, Жайық өзенінің проблемасы шешілмеген күйі қалып отыр. Алайда, депутаттар мен шенеуніктер құзырлықтарына бола санасып, өз пайдаларына асыратын болса, онда Жайық шын мәнінде Каспий теңізіне құймайтын болады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

27 қараша 2012, 16:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.