«Мәңгіге аты қалған, Мақаш әкім!». Қарашаның 25-і күні Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрында атақты Мақаш әкімнің 180 жылдық мерейтойына орай сахналанған қойылым осылай аталды. Ұзақтығы қырық минутқа созылған моноспектаклді тамашалауға Мақаш әкімнің үрім-бұтағы Алматыдан арнайы ат жектіріпті.
Моноспектакль Бекмұхамедов Мақаш Шолтырұлының ел басқарған жылдардағы ерлік істерін насихаттайды. Басты рөлде Мақаш әкімнің бейнесін сомдаған ҚР мәдениет қайраткері, актер Елтай ШАМАНОВ.
Бірінші көрініс - Мақаш әкімнің ауыл ақсақалының батасын алып, Астрахан губерниясының Володар, Қызылжар аудандарын қазақ жеріне кері қайтаруға аттанған сапарынан басталады. Сараптама комиссиясына екі ауданның қазақ еліне қарасты екендігін ондағы қазақ молаларының жатқандығымен дәлелдеп шығарып, кері қайтарып алады. Бірақ, Мақаш әкім қайтқан соң, революция басталып, Патша өкіметі аталмыш екі ауданды қазақ халқынан кері тартып алады. Қойылымға жалғыз бұл жайт емес, Теңіз ауданындағы балықшылар өмірі мен күй атасы Құрманғазының тағдырына қалай араша тұрғандығы да арқау болған.
Аз уақыттың ішінде сахнаға қойылған туындының сценарийін театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, жас қаламгер Артур ЯХУДА жазған.
Моноспектакльді сахналаған – режиссер Жаннат ТЕЛТАЕВ. Ол биыл Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы театр және кино институтын бітіріп келген жас маман. Ең бастысы, сценарийшіге режиссердің тапқырлығы ұнапты. «Оқиға желісін ондағы кейіпкерлер монологы арқылы әрмен қарай өрбітіп отыру - жаңа ерекшелік, жақсы өзгеріс» деген пікірде Артур.
Мақаш Шолтырұлының үшінші ұлы Фазылдан тараған ұрпақ, яғни шөбересі Еркін БЕКМҰХАМЕДОВ (суретте) спектаклді тамашалады. Ол бала күнінде үлкендер жағының бай тұқымынан екендігін жасырып, жастар жағын Алматыға оқуға жіберіп отырғандығын әңгімеледі. Және бабасы Мақаштың өз қолымен жазған үш томдық жинағы қайда жоғалып кеткенін тапқысы келетінін сөз етті. Еркін ағаның өзі мамандығы бойынша агроном. Ол Жамбыл және Алматы облыстарындағы құмды жерлерде қияқ өсімдігін еккен. Кейін Мақаш бабасының да Атырау облысының Нарын құмында осы өсімдікті тура жүз жыл бұрын егіп кеткендігін білген. «Бұл менің маңдайыма жазылғаны болар. Мен осы өсімдік бойынша ғылыми жұмысымды қорғап шықтым. Қазір еңбек демалысындамын» деді ол.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Суретті түсірген автор