Атырау, 22 қараша 08:43
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Карантин деп жүргенде, қатты күйік алған науқас туыстарынан басқа ешкімге керек болмай қалды

8 074 просмотра

Борис ЖАНЖОЛОВТЫҢ жағдайы өте ауыр, оның терісінің 10 пайызы емес, едәуір жері күйген. Бас пен қолдың жарасы іріңдеп, қолының саусақтары таңғыш шүберекке жабысып қалған. Оған үйде жасай алмайтын толыққанды ем қажет.

Бұл туралы оның қарындасы Лариса АСАНОВА телефон арқылы жеткізді. 17 сәуірде ағасын ауруханадан үйге шығарған. Көпшілікке Б.Жандоловтың жағдайы туралы әлеуметтік желіден, яғни Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ өзінің жеке парақшасына оның жантүршігерлік суреттерін жариялағаннан кейін белгілі болды. Ол өз кезегінде «Атырау дәрігерлері» тобындағы Лариса Асанованың жазбасына назар аударған. 

Сәл кейінірек біреу топтағы бұл жазбаны жойып жіберді. Есесіне облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасы пайда болды: «1955 ж. т. емделуші Б. Жанжолов облыстық аурухананың нейротравматологиялық бөлімінде 26 наурыздан 8 сәуірге дейін «Жалын салдарынан алған беттің II-III дәрежелі термиялық күйігі, шашы, екі қолы, дененің 10%-ға жуығы күйген (T3 1.1)» деген диагнозбен ем алған. Жағдайы жақсаруына байланысты емін аяқтай жүріп жалғастыру үшін ауруханадан шығарылған. 3 сәуірде Атырау облыстық ауруханада карантин енгізілуіне байланысты 8 бен 12 сәуір аралығында науқас стационардың карантиндік аймағында болған. 12 сәуір күні ол Береке ықшамауданындағы карантинге жатқызылып, Геолог емханасы қызметкерлерінің бақылауында болды. 14 сәуірде кешкісін науқастың сөйлеу мен есту қабілеті нашарлауынан бақылау қиындағасын және үнемі күтім мен таңып отыру  қажеттігіне байланысты науқас облыстық ауруханаға кері жеткізілді. Терінің зақымдануы, оның ішінде күйік алған емделушілер жедел кезеңде тәуліктік стационарда ем алады. Жалпы жағдайы тұрақталып, анализдері  бірыңғайланғаннан кейін амбулаториялық емдеуге жіберілуі тиіс. Жараны амбулаториялық жағдайда емхана қызметкерлері таңып береді. Мұндай жаралардың жазылуы ұзаққа созылады, тұрақты таңып отыру қажет,  бірақ стационарда тек сол үшін жатқаны орынсыз. 17 сәуірде науқасты үй күтіміне жіберуге мүмкін болғандықтан, ол туыстарына тапсырылды. Барлық қажетті ұсыныстар емделушіге шығарарда берілген тұжырым құжатында көрсетілген. Денсаулық сақтау жүйесінің әр түрлі буындарына медициналық көмек көрсетуде сабақтастық принципін назарға ала отырып, емделушіге күтім бойынша қандай да бір мәселе немесе қиындық туындаған жағдайда тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінуіне болады, қажет болған жағдайда емделушіні  хирург тексеріп, таңу материалдарымен қамтамасыз етуі тиіс».

- Мен өз жазбамды жойған жоқпын. Онда мен біз қандай қиындыққа тап болғанымызды егжей-тегжейлі жаздым. Ағамның құлағы бала кезден нашар естиді, соған қарамастан  табыс тауып, құрылыста жұмыс жасады. Бір үйдің құрылысында жүргенде өрт шығып, содан зардап шегіп, құжаттары түгел жанып кеткен. Ауырсынып, есінен танып қалғандықтан, тіпті сөйлей алмай қалды. Келесі күні аурухананың медбикелерінің бірі оны танып қалып, бізге хабарлады, - дейді Лариса. – Бауырымызға жолығуға барсақ, карантин деп кіргізбеді. Төсек тартып жатыр дегесін, келесі күні памперс, дәрігер тапсырған қажетті жақпамай мен спрейлерді әкелдік. Бірақ сол күні карантинге байланысты үйден зат қабылдамайтын болды. Ағамды көрген жоқпыз, тек телефон арқылы дәрігерлермен сөйлесіп тұрдық. Аяқтай өзі жүріп жүр, өзі тамақтанады деген дәрігерлердің сөзіне сендік. 8 сәуірде бізге оны ауруханадан шығарамыз деді. Алып кетуге барсақ, оны Берекеге көшіріпті. Бірнеше күннен кейін қайтадан ауруханаға жеткізіпті.

Ақыры, 17 сәуірде Борис Жанжоловты үйге шығарды. Оның жағдайының «жақсарғанын» көріп, туыстары қатты таң қалды. Лариса әлеуметтік желіде пост жариялады. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасынан қоңырау шалып, жедел жәрдем көлігін жіберді, ол Бористі №7 емханадағы хирург-травматологқа жеткізді. Жарақатты көрген ол: бұл амбулаториялық жағдайда емделмейді, ауруханаға жатқызу керек және күн сайын стерильді жағдайда таңып, емге антибиотик қосу керек деп мәлімдеді. Ал оның  қолында мұндай препараттар жоқ. Туыстары жарақатты өңдей алатын медбике іздеуге тырысқан, бірақ табу қиын болды. Күйік салдарынан іріңді жараларды таңудан тәжірибесі бар мамандар аз, негізінен медбикелер тек екпе егумен шектеледі екен. Біреуін тапқан, алайда ол қаланың басқа бөлігінде тұрады, ал қазір қала бойынша қозғалыс шектеулі. Жараның суретін көріп, ол да туыстарына ауруханаға жатқызуға кеңес беріп, күрделі және жүйелі ем қажет, бұл жара тек таңумен жазылып кетпейді,  іріңдеп тұр, антибиотик алу керек деді. Олар жеке емханаларға да хабарласып көрді  - сенбі күні, 18 сәуірде тек біреуі жұмыс жасайды, бірақ ондағы хирург сол күні демалыста екен.

- Облыстық денсаулық сақтау басқармасында барлық стационарлар карантинге жабық деп, бауырымды қабылдаудан бас тартып отыр. Бірақ хирургия бөлімшесіндегі емделушілер енді теміржол ауруханасына жіберілетіні туралы жазған еді ғой. Менің ағамды да сонда қабылдап, жараларын емдейді деп үміттенемін, - дейді Лариса Асанова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті Б.Жанжоловтың туыстары ұсынды

18 сәуір 2020, 20:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.