Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила БЮРАБЕКОВА онлайн-брифинг барысында Атырау облыстық ауруханасының дәрігерлері карантин талаптарына толық сай келетін қонақүйлерге, жатақхана мен тұрғын үйлерге орналастырылғанын айтты.
Естеріңізге салсақ, облыстық ауруханадан шығарылған емделушілер мен 80 медицина қызметкері «Береке» ықшамауданындағы көппәтерлі үйге көшірілді, 50 қызметкер Энергетика колледжінің жатақханасына, тағы 35-і «Престиж» қонақ үйіне жіберілді.
Қонақ үйге орналастырылғандардың ешқайсысы редакцияға шағымданған жоқ. Колледж жатақханасына жіберілген медиктердің туыстары 11 сәуір күні кешке оларға азық-түлік, таза заттар, жамылғы апарған. Оларды кіреберістен 50 метр қашықтықта қалдырып, кетіп қалған. Жалпы, «жаңа қоныстанушылардың» жағдайы қанағаттанарлық. Әрбір екі кісілік бөлмеде ас үй, тоңазытқыш, душ пен дәретхана бар. Жатақхана іші жылы, газ бар. Әр бөлмеде бір немесе екі адамнан жайғасқан. Тамағы жақсы. Ғимарат Авангардтың 4-ші ықшамауданында орналасқан, оған жету қиын емес, бұл туыстарына да қолайлы.
Шалғай жатқан Береке ықшамауданына көшірілгендерге қиындау. Түске дейін сәлем-сауқат қабылдау кестесі қолайсыз, сағат 11-ден 12-ге дейін: таңғы ас үшін кеш, түскі ас үшін ерте уақыт. Микротолқынды пеш пәтерлердің бәрінде бола бермейді, демек, адамдар үйде дайындалған суып қалған тамақты жылыта алмайды.
– Пешті ертерек орналасқандар алған. Біз Берекеге түнгі он екі жарымдарда жеттік, онда да бірден емес. Алдымен қырық минуттай сыртта автобус күттік, содан соң емделушілерді алып кету үшін бірнеше мәрте кері бардық. Келсек, шәйнек те, антисептик те, ыдыс жуатын құралдар да жоқ екен. Кейбірін өздері берсе, кейбірін туыстарымыз әкелді. Келесі күні таңғы асты сағат 11-де әкелді, содан соң үнемі сол уақытта әкелетін болды. Бізде түскі ас сағат 2-ден 3-ке дейін, кешкі ас сағат 7-ден 8-ге дейін. Бұл біз үшін қолайсыз, сағат 8-де ерте тұрамыз, басқа кестемен тамақтанып үйренгенбіз. Бірінші күні ішіміз салқын болды. Ғимарат біртіндеп жылынып жатыр, бірақ жамылғымыз жұқа. Кереуетте тақтайдың орнына ДСП материалы, матрастың орнына көрпелер салынған. Әрине, қатты төсекте ұйықтау пайдалы ғой, бірақ бізге қосымша матрастар беруін сұраймыз, - дейді медицина қызметкерлері.
Оларды бір пәтерге екі адамнан орналастырған. Бөлмеде екі кереует, тамақтанатын үстел ретінде парта және орындықтар қойылған. Көшкен кезде дәрігерлер өздері үшін ғана емес, емделушілер үшін де алаңдаған. Олардың арасында диабетиктер, жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратындар бар.
– Тәтем микроинсульт алған, ауруханада ем алып жатқан еді. Ауруханадан шыққан кейін оны Берекеге жіберді. Туыстарымыз бәріміз уайымдап жүрміз, жасы 80-де. Бірақ дәрігерлер қасына жақсы адамды орналастырыпты. Тәтемізге қол ұшын береді, тіпті жуынуына көмектескен. Бағына қарай, пәтер де біз ойлағандай салқын емес екен, тамағы да тәтеме ұнайды, - дейді қала тұрғыны Айнагүл.
Береке «тұрғындары» әсіресе интернеттің жоқтығына қиналады. Мәжбүрлі оқшаулау уақытын медицина қызметкерлері білім алу үшін пайдаланғысы келеді. Қазір кәсіби вебинарлар, онлайн-курстар көп жүргізіліп жатыр. Алайда оған қосылу көп уақыт алады. Жаңа ықшамауданға оптикалық-талшықты байланыс әлі жүргізілмеген. Сондықтан ашық түрдегі Wi-Fi байланысын қосу шешімі қабылданған. Мамандар диагностика жүргізген. 6 тірек орнатылып, оған электр сымы жүргізілуі керек. Бұл жұмысқа шамамен бір апта уақыт кетеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі облыстық штаб ұсынған суреттер