Атырау, 12 қазан 15:50
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Басынан бағы тайған Балқұдық

9 442 просмотра

Құрманғазы ауданына қарасты Азғыр өңіріндегі Балқұдықтың басынан бақ тайғалы бірнеше жылдың жүзі болды.

Азғыр округі, Балқұдық ауылында 635 отбасы 498 үй тұрады.  Округ әкімшілігінен алынған мәлімет бойынша тұрғылықты халықтың басты күнкөрісі мал. Ауылда бюджеттік мекемелерде ғана жұмыс жасайтындар болмаса, былайғы жұртшылық үшін жұмыс орны жоқ десе болады. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар бар. Десе де ауыл  бойынша 95 адам ғана жұмыссыздар қатарына ілігіп тұр. Округ әкімінің айтуынша, аштан қатып, көштен қалып жатқан отбасы жоқ, ел қатарлы күнкөріс деңгейінде. Бірақ аудан орталығынан 280 шақырымда жатқан Балқұдықта тұратын жұртшылық қиындықпен өмір сүріп жатқан көрінеді.

‑ Біздер аудан орталығынан шалғайда орналасқандықтан проблема деген жетерлік. Іргелі шаруашылықтың іргесі сөгілгеннен кейін жағдайымыз тым нашарлап кетті. Бізге ауданнан гөрі Ресей жақын орналасқан, ең жақын қаласы алпыс шақырым қашықтықта жатыр. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса сол жаққа шұбырамыз. Тіпті босанатын әйелдер де жақын жерге барғысы келіп тұрады. Өйткені ауданға барудың өзі ақирет, жолдың қашықтығы мен жайсыздығынан осылай амал жасауға тура келеді. Бірақ кедендік өзгерістерге байланысты Ресейге барып, емін‑еркін жүре алмайтын күйге түстік. Бар‑жоғы үш күннен кейін кері Балқұдыққа оралуың керек. Және Ресейдің қай жеріне барсаң, содан бағытыңды өзгертуге болмайды, онда заңға қайшы әрекет жасағаның,‑дейді жергілікті тұрғындар.   

Сырқаттанған адамдар Ресейдің Қарағайлы қаласындағы ауруханадан тек үш күн ғана емделіп, кері шығып кетуі керек екен. Осындай қиындық салдарынан балқұдықтықтар әре‑сәре күйді басынан кешіргеніне біраз болып қалыпты. Қай жағдайда болмасын осы азғантай күнде сырқатыңнан жазылуың мүмкін еместігі еңбектеген балаға да белгілі. Бәрінен бұрын жас босанған әйелдерге қиын тиюде. Азық‑түлікті де жергілікті саудагерлер Ресейден тасиды. Малын пұлдап сатса да сонда барады. Мал өсіру де жылдан‑жылға қиындап отырғанын олар жасырмайды. Әуесқой аңшылардың басын құрап түз тағысын аулауда жұмылған жұмыс жоқ.

Ауылда ауыз су қат. 2004 жылы басталып, 2006 жылы жұмысы тұрып қалған Қоянды топтық су құбырының сәтсіз жұмысынан кейін Балқұдыққа құбыр жетпей қалды. Қояндының суын пайдалану үшін екі бағытта, Балқұдық пен Сүйіндікке желі тартыла бастаған. Бірақ Сүйіндік ауылына келгеннен кейін жұмыс мердігерлердің салақтығынан кілт үзіліп қалған болатын. Балқұдыққа дейінгі үзік‑үзік су құбырлары иесіздік қамытын кигелі бірнеше жыл болды. Ал республикалық бюджеттен бөлінген қыруар қаржылар желге ұшып кетті десе болады. Бейресми ақпар бойынша қаржыларды талан‑таражға салғаны үшін Батыс Қазақстандық «РАСК» ЖШС басшылығы істі болған деседі. Одан кейін су құбырын жүргізуді қолға алған мердігер де қарасын батырған. Сонымен бесінші жыл Қоянды топтық су құбыры мәресіне жетпей үзіліп қалды. Айналғанда үш шақырым жердегі құдықтан водовозбен ауыз суды тасымалдап ішіп отырған балқұдықтардың өкпесі қара қазандай.  Үш тонна суды 1500 теңгеге сатып алып отырған жергілікті тұрғындар ауылға таза су қашан келеді деген сұрақты жыл сайынғы жиында айтып‑айтып аузы шаршады. Бұған билік басындағылар жарытымды жауап бере алмай отыр. Егер Қояндыдағы жерасты суын тиімді пайдаланса бірнеше жылға жетеді деген есеп бар. Бірақ сол су қорын пайдаланудағы шалағайлықтардан ауыл бұдан қағылып отыр. Ал ауыл ішіндегі жерасты құдықтарындағы су ащы, малды содан суарады. Су тапшылығы салдарынан бұл ауылдағылар ертеңгі күндеріне күдікпен қарауда. Осы Азғыр округіне қарайтын Азғыр ауылы да суды 25 км. тасып ішеді. Бір водовоз су - үш мың теңге.

‑Ауыз судың жайы сонымен бұлыңғыр күйде қалып тұр.Жол жағдайы да басты проблема болып отыр ғой. Жолдар тым нашар, грейдер жоқ. Қара жолмен жүру оңай емес, әсіресе лайсаң күндері тым қиын. Отыз км. жолды құм басып қалған. Осы құмды кешіп өту үшін жүргізушілер көп тер төгеді. Негізі ауылды бара‑бара құм басып қалу қаупі бар. Оның алдын алу шаралары қолға алынбауда. Қаржы болса құм тоқтатар ағаштарды егіп тастаса жақсы болар еді. Жолдың ұзақтығы мен нашарлығынан қатынас үзіліп қалып отыр деуге болмайды, облысқа, аудан орталығына УАЗ‑дар кестемен жүруде. Жол салу жайы айтылғанымен оған көп қаржы қажеттігі анық. Ең болмаса грейдер төселсе деген тілегіміз бар. Негізі жол білмейтін, осы өңірде тұрмаған адам үшін қыс көзі қырауда жолға шығу оңай емес,‑дейді Азғыр селолық округінің әкімі Нұрсұлтан МҰҚАНБЕТОВ.

Әкімнің бұдан әрі әңгімелегеніндей Балқұдықта әлеуметтік жағдайлар мүлдем нашарлаған десе болады. Бірақ қанша қиындықты бастан кешірсе де ауыл жұртшылығы аудан, облыс төңірегіне көшуді қолдап отырған жоқ. Туған ауыл топырағынан безіп отырғанды көрмейсің. Ауыл қи жағып күнелтуде. Бұл ауылға газ тарту орындалмайтын арман болып қалған. Негізі газ құбырының ең жақын жері 170 шақырымдағы Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Ал ауданнан жеткізу үшін бұдан екі есе жол қашықтығын қосқанда қыруар қаржыны керек етеді. Сол себептен Балқұдық ауылы тезектен құтылмайтыны белгілі болуда. Үш мың теңге тұратын газ баллоны да ауылға келе бермейді, қат.

Ауылдың мешеу қалған мәселелеріне қан жүгіретіні жөнінде Құрманғазы ауданы әкімі А. Тәкешов бұдан бұрын айтқан болатын. Соның орындалуы қандай күйде екенін білмек болып, оған сұрақ қойдық.

Былтыр Қоянды топтық су құбырының жұмысын жалғастыру үшін қаржылар бөлінетінін айтқансыз? Яғни, тендер өткізілетіні айтылған болатын. Бірақ ауыз судың проблемасы сол күйінен өзгермегені қалай?

‑ Негізі су жайы өткір күйінде тұр. Қаржы бөлінеді, тендер өтеді деген әңгіме болғаны рас, бірақ соның бірі де болған жоқ. Ал бұрын Қояндыдан құбыр тарту ісі де мердігерлердің жауапсыздығынан кілт тоқтап қалғанына бірнеше жыл болды. Осы су құбырына қанша қаржы бөлінгенін де өз басым білмеймін, қаржы республикалық бюджеттен қаралды. Негізі судан басқа ауыл тұрғындарын қинап тұрған жайттардың бірі ‑ кедендегі келеңсіздік. Ауыл адамдары ауданға, болмаса облысқа келгеннен гөрі, Ресейдің ең жақын қаласына барып емделгісі келетіні шындық. Бірақ үш күннің ішінде емделу мүмкін де емес қой. Жол және газ жайы да, экология мәселесі де толғандырып жүрген сұрақтың бірі. Осы бірер күндікте осы жайларды оң шешу жолдарын қарастыру үшін Министрліктен кісілер келмекші. Қалай еткенде Азғыр өңіріндегі ауылдардың проблемалық мәселелерін шешу жайы қаралады дегенге үлкен үміт артып отырмыз. Бұл өңірде тек Балқұдық ауылы ғана емес, он мың халық тұрып жатыр ғой. Ал оларды толғандырып жүрген мәселелер бір деңгейде. Тіпті Азғыр полигоны турасындағы әңгімелер де жерлікті тұрғындар үшін белгісіз болып қалып жатыр ғой, бірақ жақындағы басқосуда бұл айтылады деп отырмыз,‑дейді Құрманғазы ауданы әкімі Аманжан ТӘКЕШОВ.

Балқұдықта қоян жылының қысы бірқалыпты өтіп жатыр. Бірақ тобықтан келер қардан басқа бірнеше күнге созылған қатты жел қыстың қаһарын екі еселетіп жіберген. Жоғарыдағы күрмеуі келмейтін мәселелерді бастан өткізген шалғайдағы Азғыр өңіріне қашан жан кірерін ешкім дөп басып айта алмай отыр...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА     

24 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.