22 қарашада Атырауға премьер-министр Серік АХМЕТОВ жұмыс сапарымен келді. Премьердің атқосшыларының арасында Мұнай және газ министрі Сауат МЫҢБАЕВ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төрағасы Өмірзақ ШӨКЕЕВ және сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ те болды.
С. Ахметов Атырау облысына премьер ретінде алғаш рет аяқ басып отырғандықтан, мәлімдемелер мен брифингтер жасаған жоқ. Журналистерге түсіндіргендей, сапар танысу сипатында болған.
Таңертең делегация тікұшақпен Қашағандағы жасанды «Д» аралына барды. Қазіргі кезде ол жерде кемелер экипажымен қосқанда, 5,4 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Содан соң премьер Қарабатандағы «Болашақ» зауытына аяқ басты. Зауыттың жалпы құны 3,9 млрд долларды құраған. Зауытта Қашаған кенішінен экспортты КТК және Мақат – Солтүстік Кавказ тұрба құбырлары арқылы әрі қарай тасымалдау үшін мұнай мен газды дайындаудың соңғы жұмыстары жасалатын болады.
Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 450 мың (жылына 22,5 млн тонна) баррель құрайды. Бүгінде 1-ші және 2-ші құрылыс кезеңінде құрлықтағы орындалған жұмыстың жалпы көлемі 80 пайыздан астамын құрап отыр.
Премьер «Болашақ» аумағын автобуспен аралап көрді, содан кейін ол зауыттың жүрегіне – орталық диспетчерлік бөліміне барды. Әрбір басқарушы топтың жұмыстарымен «Болашақ» зауытын іске қосу жөніндегі басшысы Әлібек ТАСИМОВ (суретте премьермен бірге) таныстырды.
Көп уақытын алмай премьер қасындағы нөкерлерімен бірге Атырауға, полиэтилен тұрбалар өндіретін «Шеврон» зауытының жұмыс көруге аттанды . Түстен кейін ол Атыраудан Астанаға ұшып кетті.
Журналистер Қарабатанда шамалы уақыт болып, «НКОК» басқарушы директоры Пьер ОФФАНМЕН (суретте) қысқа ғана тілдесіп үлгерді.
Жобаның мәреге жетіп қалғанын мақтанышпен мәлім еткен Оффан оның тек техникалық қана емес, экологиялық тұрғыда да қиындығын мойындады. Ол айтқандай, кеніш «қоршаған ортаны қорғау тұрғысында өте сезімтал жерде» орналасқан екен.
Естеріңізге салсақ, Қашағанның алғашқы мұнайын 2013 жылдың наруызында өндіре бастау жоспарланған еді. Оффанның айтуынша, мұнайды тұрақты өндіруді келесі жылдың ортасында реттеу, содан соң өндірілетін мұнай көлемін (газды жер қабатына кері айдау жобасы іске қосылғаннан кейін) тәулік сайын 370 мыңнан 450 мың баррельге дейін жеткізу жорамалданған.
Болашақ жоспарларға келер болсақ, Оффан қазіргі кезде консорциумның ҚР үкіметімен басқа жобаларды жүзеге асыру туралы, атап айтқанда, теңізде Қаламқас кенішін игеру туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
- Шешім келер жылдың аяғында немесе 2014 жылдың басында қабылданатын болар деп күтудеміз. Қазір кенішті игеру тұжырымдамасы сұрыпталуда. Келер жылы базалық жобалау сатысына көшуге үміттеніп отырмыз.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор