
Алматыда қайыршылар мен қаңғыбастарды іздеу шаралары басталды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Қалада карантин енгізілгеннен кейін көшеде жүретін қаңғыбастар мен қайыршылар ізім-ғайым жоғалған. Шенеуніктер де олардың қайда кеткенін білмей отыр. Қазіргі кезде үйсіз-күйсіз жүрген азаматтарды іздеу шаралары басталды. Өйткені олар қауіпті инфекцияны таратып жүруі мүмкін. Қаңғыбастар үшін арнайы ғимарат дайындалды.
"Бізге әкімдіктен Көксай кентіндегі 20 адамға арналған үй-жайды бөліп берді. Енді, өтініштер түсетін болса, біз ондай адамдарды алдымен тексеріп шығамыз. Содан кейін жатқызамыз. Карантинге дейін бізге келген адамдар көп болды. Біз олардың бәрін қабылдадық", - дейді бейімдеу орталығының директоры Харсан Таранов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Алматыдағы бейімдеу орталығында 120-дан астам адам жатыр. Олардың бәрін тексеріп, оқшаулап тастаған. Мекемеде күшейтілген жұмыс режимі енгізілді. Орталық аймағына бөтен адамдарға кіруге тыйым салынған.
"Алайда қала бойынша әлеуметтік қызметкерлердің мобильді тобы жұмыс істеп жүр. Олар күнде иесіз тұрған нысандар, саябақтар мен жылу желілерін аралап, қаңғыбастарды іздейді. Әзірше, ешкімді таппады", - деп атап өтті Таранов.
Шенеуніктердің болжамы бойынша үйсіз жүргендер карантинге дейін қала аумағынан шығып кетуі де мүмкін. Жалпы, Алматы бойынша нақты тұрғылықты жері жоқ азаматтардың саны 200-ден асқан.
Дереккөз: Sputniknews.kz
В Атырау 0