Атырау, 29 қараша 10:38
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Дзюдо мықтылары – Қызылқоғадан

5 068 просмотра

Бүгінгі таңда дзюдодан облыс құрамасының 90 пайызы Қызылқоға ауданының спортшыларынан құралған. Біз осы және басқа да тақырыптар төңірегінде облыс құрамасының жаңа аға жаттықтырушысы Талап МҰҚАНОВПЕН әңгімелестік.

«АУЫЛДА ТАҢДАУ ЖОҚ»

- Бірден айта кетейін, бұл жерде қызылқоғалықтарды ешкім де алға тартып отырған жоқ. Күрестің аты – күрес. Кімнің дайындығы күшті - сол жеңіске жетеді. Ал, Қызылқоға ауданындағы күреске келсек,  оларда оның озық тұрғаны шындық. Менің өзім 1977 жылы қазақша күрес секциясында Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Мәлік Сүлейменовте жаттықтым. Миялыдан қалаға оқуға келгенімде дзюдо секциясына ауысып кеттім. Бұл жолдан көптеген қызылқоғалық спортшылар мен жаттықтырушылар өтті.

Институттан соң мен Махамбет ауданының Алмалы поселкесінде бес жыл дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасадым, балаларды самбоға жаттықтырдым. Республикалық, одақтық турнирлердің жеңімпаздары болған өз тәрбиеленушілерімді мақтан етемін. Олар Асылбек Құсайынов, Бақтыбек Сисенов, Марат Айтмағамбетов және басқалары. 1993 жылдан бастап қаладағы №1 олимпиадалық резервтегі облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Садыржан Жекеновтің басшылығымен жұмыс жасадым. 

1999 жылы облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы болып тағайындалған Қазбек Иманғали  дзюдо үшін көп нәрсе жасады деп есептеймін. Оның осы қызметке келуімен біз облыстық чемпионат өткізіп, таңдаулы деген спортшыларды іріктеп алдық. Біз бастаған күрестегі талантты деген жастарды іріктеу саясаты  бүгінгі күнге дейін өз жемісін беріп келеді. 2005 жылы Атырауда бірінші рет 1989-91 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Бұл додада Еділ Берденов чемпион атанды, ал, Асхат Тельманов, Ержан Қабделов, Наурызбек Майлашев, Фархат Меңдіғалиев және Ерлан Қаратаев қоланы иеленді. 2006 жылы Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында біздің балалар 4 алтын медальды иеленіп, бірінші командалық орынды жеңіп алды. Айта кету керек, біздің облыс Қазақстанда ешқашан дзюдодан бірінші болып көрген емес. Әдетте, дарынды балаларға арналған спорт интернаттары мен базалары бар Жамбыл, Павлодар, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының құрамалары мықты болып саналатын. Менің білуімше, мұндай интернаттар қазір тек Маңғыстау облысы мен біздің облыста ғана жоқ.

2008 жылы Тельманов, Қабделов және Майлашев Қазақстан чемпионы мәртебесін дәлелдеді. Серікбол Нұралин пен Болат Жауыров жүлдегер атанды. Келесі жылы біздің спортшыларымыз Таиландта өткен әлем чемпионаты мен Йемендегі Азия чемпионатында бақ сынады, медаль алмағандарымен, тәжірибе жинақтап қайтты. 2010 жылы Ливанда Тельманов пен Майлашев Азия чемпиондары атанды. 2011 жылы Наурызбек әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды.

Тельманов, Майлашев, Берденов – Қызылқоғадан келгендер, Қабделов –  аққыстаулық. Мәселе олардың қай жақтан келгендерінде емес, жаттықтырушылары дұрыс таңдау жасаған. Ал, қалалық балалар туралы айтсам, оларда таңдау көп, олардың басым бөлігі күрестен бастап, кейін тхеквондо немесе боксқа ауысып кетеді. Ал, ауылда мұндағыдай таңдау жоқ.

 

ОЛАР БІЗДІҢ БАЛАМЫЗДАЙ

- Жақында өткен Қазақстан чемпионатында Наурызбек бірінші жекпе-жекте-ақ сүрінді. Не болды?

- Иә, оның түрі шаршаңқы көрінді. Менің ойымша, ол жарысқа баратын уақыт жақындаған кезде салмағын тез тастаған секілді. Бізде дзюдода тәрбиеленушінің жаттықтырушымен бірге тұруы жиі кездесіп отырады, жаттықтырушыға екінші баласындай болады. Жаттықтырушы оның тамақтануы мен сабағын бақылауға алады. Асхат Тельманов Қызылқоғадан келген кезде менің үйімде, ал, Наурызбек жаттықтырушы Аманбай Қыздарбаевтың үйінде тұрды. Өткен жылы Наурызбек үйленіп, Нұрсаядан пәтер алды. Меніңше, бұл жолы Аман Наурызбекті қатаң бақылауға алмаған болар деп ойлаймын.

- Құраманың биылғы жоспары қандай?

- Қазір Тельманов пен Майлашев Алматыға оқу-жаттығу жиындарына жүріп кетті. 28 қарашада Тельманов Токиоға «Гран-Слам» санатының турниріне барады. Одан кейін Қырғызстанда- Ыстықкөлде ұлттық құраманың тағы бір оқу-жаттығу жиыны болады. Майлашев та Қазақстан чемпионатындағы сәтсіздігіне қарамастан барады. Жаттықтырушылар оның шеберлігі мен қол жеткізген табыстарын біледі.

Келесі жылы «Гран-при» санаты бойынша 11 және  «Гран-слам» санаты бойынша 4 халықаралық жарыс болады. Тельманов пен Майлашев бұл жарыстарға Қазақстан құрамасымен қатысатын болады. Келер жылы біз өз облысымызда, республикалық жарыстарды қосқанда, 10 турнир өткізуге тиіспіз. Бұл турнирлерге біз әрбір салмақ дәрежесі бойынша 7-8 спортшыдан шығаратын боламыз. Қазір облысымыз жасөспірімдер арасындағы жарыстарда 16-шы орынды иемденіп келеді. Уақыт керек. 1996-98 жылы туған жасөспірімдер арасында мықты деген спортшыларымыз бар. Олар: Сұлтан Өтешев, Диас Шеркешбаев, Сейілхан Қанат және басқалары.

 

РИНАТ ӨЗ БАБЫНДА

- Біздің олимпиадалық спортшымыз Ринат Ибрагимовтың жағдайы қалай?

- Ринат қазір өзінің бабында. Үйлену тойына байланысты ол қазір демалыс алған болатын. Ол құрамада. Келесі жылы оған 81 келіге дейінгі салмақ бойынша белдесуге тура келеді. Жаңа салмағы оның өзіне лайық.

Айта кету керек, облыс құрамасында екі қызымыз бар -  Назгүл Құбашева және Фаиза Әділбаева, олар жақында өткен Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, олар облыстық бюджет қаржысымен халықаралық жарыстарға қатысатын болады.

Суретті түсіргенҚанат ЕЛЕУОВ

21 қараша 2012, 22:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.