Атырау, 11 қараша 03:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Даңқ сәті бізге де туады

4 245 просмотра

Біздің командамыз «Минута славы» шоуының қазақстандық аналогы «Аймақтар аламаны» жобасының финалына өтті. Қатысушылардың барлығы өздерін лайықты көрсете білді. Алайда облысқа танымал трюк шебері Темірлан ЕСДӘУЛЕТ ерекше көзге түсті.

Дегенмен сайыс басталар алдында біздің қатысушыларымызға ыңғайсыз сәтті бастан кешіруге тура келіпті. Қазылар алқасы Атырау командасын құрамы аз және нашар ұйымдасқан деп ұялтқан:

- Ең кішкентай команда біздікі болатын, - дейді жобаға қатысушылардың бірі Жантөрин атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Хамиль СҮЙЕКБАЕВ. – Қалған облыстардан 25 адамнан келді. Барлық командалар өте жақсы дайындалған, оларда әрбір номинация бойынша шоу, қала таңбасы салынған жалау ұстап, футболка киген өз жанкүйерлері болды. Ал бізден бар болғаны 4 адам еді, әрбір номинацияға бір қатысушыдан, оған Темірланның екі көмекшісін қосыңыз. Бізге интернеттен тез арада Атыраудың таңбасын тауып, жазу жазылған футболкаларға тапсырыс беруге, жанкүйер болу үшін студенттерімізді іздеуге тура келді. Астанаға пойызбен жеттік, бізге хореограф екеуміздің сапарымыз бен тұру ақысын облыстық филармония төледі.

Жүргізуші «қане, Атырау, жоғалып қалмаңыздар» деп әзілдеп қойды. Бірақ біз ескерту жасалған кезде қазылар алқасына: «Бастысы – сан емес, сапа» деп жауап бердік.

«Аймақтар аламаны» жобасына 14 облыс қатысты. Қатысушылар 4 номинация бойынша: вокал, би, таланттар сайысы мен қазақша күрестен өнер көрсетті.

Хамиль Сүйекбаев қаламызға танымал сазгер Болат ҚОХАМАНОВ пен ақын Шынарбек ҚАБИЕВТІҢ әнін орындап, «вокал» номинациясы бойынша қатысқан. Би номинациясы бойынша ұйғыр және қытай билерін билеген халықаралық сайыстардың жүлдегері, Жантөрин атындағы облыстық филармонияның хореографы Назгүл ЖҮСІПОВА шықты. Қазақша күрестен дзюдошы, спорт шебері Дастан БАҚТЫБАЙ қатысты.

Темірлан Есдәулет ең қызықты «Таланттар шайқасы» номинациясы бойынша өнер көрсетті. Трюк шебері қалыңдығы 10 сантиметрлік тақтайға жалаңаш қолымен шеге қағып, жалаңаш қолымен оларды кері суырып алды. Таңданған қазылар алқасының алдында тіліне қызған темірді тақап, оны тісімен майыстырып, тірі нысаналардағы қиярды қылышымен тураған және т.б.

Нәтижесінде біздің командамыз 108 балл жинап, Орал (107 балл), Павлодар (108 балл) және Ақтаумен (109 балл) бірге финалға өтті. Сайыс финалы 4 желтоқсанда өтеді. Қазір өнерпаздар нөмір дайындаумен, сондай-ақ, ұйымдастыру мәселелерімен және демеушілер іздеумен айналысуда.

- Біздің командамыз қалайша қолдаусыз қалып, сахнада жұпыны көрінген?

- Бұл сұрақты ішкі саясат басқармасына қойған жөн болар, - дейді Х.Сүйекбаев. – Жалпы, жобаға қатысуға шақыртудың өзі облыстық мәдениет басқармасына келген. Ол жақтан облыс әкімінің атына жіберілді.

- Бастапқыда облыстық әкімдікте маған бұл сапардың шығынын төлегісі келмеді, - дейді Темірлан. – Олар соңына дейін созып, көмекшілердің қажеті қанша, өзің бар деді. Ал мен жалғыз өзім ол жерде не істеймін? Сөйтіп тек екі адамның ғана жолын төледі (маған және екінші көмекшіме), екінші көмекшім өз есебінен барды. Бізге неліктен осылай атүсті қарайтынын түсінбеймін, біз өзіміз үшін емес, облыс намысын қорғау үшін барамыз ғой. Ақтөбелік командаға әкімдіктерінің қалай қолдау көрсеткеніне таң қалдым. Үстеріндегі костюмдерін, жолдарын төлеген. Жеңіліс тапқандарына қарамастан, олардың ұшақпен бару-келу жолдарын төлепті. Тек біз ғана бейшаралар сияқтымыз. Қазір әкімдік тағы да үнсіздік танытып отыр. Егер бізге жолымызды төлемесе, біз финалға бара алмай қаламыз.

Біздің жастарымыздың өнерін 16 желтоқсанда «Хабар» арнасынан көре аласыздар.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

21 қараша 2012, 21:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.