Мұнай компанияларының экологиялық талаптарды елемеуіне қатысты соңғы жанжалдарға («АЖ» №42, 18 қазан 2012 ж., «Тамұқтан келген улы су» мақаласын қараңыз ) қарап, кейде шетелдік және ұлттық менеджерлердің маңызды нәрселерге бейқамдықпен қарайтындығына таң қалумен келемін. Дегенмен іс жүзінде олар жобаның барлық әлсіз тұстарын жақсы біледі, бірақ сыр бермейді-ау деген күдігім бар.
«ҚЫСТА ТІПТІ ОҢАЙЫРАҚ»
Биылғы жылдың қаңтарында «АЖ» қысқы уақытта Қашағанда мұнай төгіндісі орын алуы мүмкін екендігі туралы мәселе көтерген болатын («АЖ» №4, 26 қаңтар 2012 ж., «Аралдағы апат туралы» мақаласын қараңыз). Естеріңізге салсақ, атыраулық мұнайшылар мен экологтар кеніш аумағын мұздың қалың қабаты жапқан кезде Солтүстік Каспийде мұнай төгіндісі орын алуы мүмкін екендігіне қатысты едәуір қауіптеніп отырғандарын айтқан еді. Сол кезде редакция мұндай жағдайда қандай шаралар алатындығы туралы NCOC консорциумынан анық жауап ала алмаған болатын. Биылғы жылдың қыркүйегінде өткен НКОК-тың 2013 жылға табиғат қорғау шараларының жоспары жөніндегі қоғамдық тыңдауларда біз сұрақтарымызды компания өкілдеріне қайталап қойған едік.
«Аджип ККО» қызметкері Марк ШЕПЕРТ жауабы:
– Қысқы маусымда мұнай төгіндісіне қарсы әрекет ету жылы уақытқа қарағанда қиын емес. Оның үстіне, оның өзіндік артықшылықтары бар. Өйткені, мұз қабаты астында ластанудың таралу аймағы әжептәуір аз болады. Әрекет ету уақыты оқиға орнына да байланысты болмақ. Әр нысанда тиісті жабдықтар болады, осылайша біз төгіндіге қарсы әрекет ету уақытын әжептәуір қысқартамыз.
Біз аджиптік менеджердің оптимизмін бөлісе алмай, толық жауап беру өтінішімен НКОК-қа: Неліктен мұнай төгіндісін қыста жойған оңай болады? Егер мұнай мұз бетіне емес, мұз астына төгілсе, компания қандай шара қолданады? Бұл жағдайда төгілген мұнайдың қанша пайызы түбіне тұнып қалады? деген сұрақтарды қайта қойдық.
«РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ БАСТАМАЛАР»
Жауап бір жарым айдан кейін келді. NCOC мұз жағдайында апат төгінділерін жоюдың кешенді жоспарын жасақтап шығарғандығын растады. Жоспар 3 негізгі стратегияға негізделген. Олар, оператордың пікірінше, бүгінгі күнді әйгілі ең үздік тәсілдерді қамтыған.
Бірінші – ластанған учаскедегі мұздың табиғи жолмен сынуын пайдаланып және/немесе қажетінше – жеткілікті тереңдіктегі су учаскелерінде мұз қабатын жарып, мұнай жинау үшін мұзжарғыштарды пайдаланып, мұнайды жайылдырмау және жинау.
Екінші – «мұз сынықтарында» тұйықталған мұнайды жағу. Бұл әдіс қажет болғанда және мемлекеттік органдардың басшылық етуімен қолданылатын болады.
Үшінші – мұз астында тұйықталып, түбіне тұнған мұнай төгілген учаскені бағалау және оның мониторингісі, сондай-ақ, мұз қабатының еруіне қарай мұнай дағының әрекетіне бақылау жасау және ол қозғалысқа түсіп, жинауға қолжетімді болған кезде арнайы жабдықтарды қолдану арқылы жинау.
Консорциум сендіргендей, бүгінде ол «арктикалық/мұзды жағдайларда мұнай төгіндісін жою үшін аталмыш әдістерді жетілдіруге бағытталған жаңа революциялық бастамаларға» қатысады екен.
«Каспийге қол сұғуға болмайды!» деген жергілікті экологтардың пікірі бізге аян. Ал таяу уақыттан бері оларға Астанадағылар да құлақ сала бастаған. Соңғы уақыттардағы экологиялық «шабуылдар» кезекті экономикалық бопсалау боп шықпаса екен деп тілейміз.
Аталмыш әдістерге келсек,«Каспий табиғаты» ҮЕҰ жетекшісі Махамбет ХАКИМОВТЫҢ пікірінше, қысқы уақытта, оның үстіне Солтүстік Каспий жағдайында олардың бірде-біреуі қолайсыз әрі тиімсіз екен.
МЕРЗІМІ ШЕКТЕУСІЗ
Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) «Арктикалық теңіздердегі мұнай төгіндісінің салдарын жоюға байланысты проблемалар» деп аталатын қызықты есептемесі көзімізге түсті. Ескерте кетейін, есептемеде қарастырылған Арктикадағы төгінді тәуекелдері бізді тек қысқы уақыттағы Каспийге сәйкестігі тұрғысында ғана қызықтырады.
Сонымен, мұнай-газ секторының экологиялық саясат жөніндегі Ресей WWF бағдарламасының үйлестірушісі Алексей КНИЖНИКОВТЫҢ айтуынша, мұнай кенішін игеруші бірде-бір оператор мұнай төгіндісі болмайтындығына 100 пайыз кепілдік бере алмайды екен.
Арктикадағы төгінділерді жою қиындықтарының қатарында апат болу ықтималдығын арттыратын мұздардың қозғалуы, температураның төмендігі, едәуір жылдамдықтағы желдер мен дауылдар аталады, бұлар мұнай төгіндісіне апарып соқтыруы мүмкін. Мұның бәрін Каспий жағдайына да жатқызуға болатынымен келісерсіз. Төгінділердің ықтимал салдарына келер болсақ, арктикалық (біздің қысқы жағдай деп оқыңыз) жағдайда төгілген мұнай анағұрлым ұзақ сақталады. Өйткені, оның булануы өте баяу жүреді немесе ол бактериялық ыдырау үшін қолжетімсіз болып, мұзда немесе мұзасты құрсауында қалуы мүмкін. 1989 жылы Аляска штатында Принц Уильям шығанағындағы қайраңға қайырлап қалған Exxon Valdez мұнай танкерінің апатқа ұшырауы нәтижесінде қоршаған ортаға осылайша түскен мұнай бастапқы болжамдарға қарағанда анағұрлым ұзақ уақыт қалған. 2005 жылы мұнай төгілген аймақ маңындағы жағалауда мұнайды сәл ғана жел қаққаны анықталды. Қалдық мұнай өзінің уытты қасиетін сақтап, биологиялық белсенді боп қалады. Ал ғалымдар мұндай беткі қабатта қалған мұнай топырақта ондаған жылдар бойына қалуы мүмкін екенін болжап отыр. Есептемеге 2001 жылғы уақытпен белгіленген, жағалаудың ластануынан зардап шеккен мұнай құйылған кішкентай шұңқырлардың суреттері тіркелген. Сол кезде апаттың орын алғанына 12 жыл болған.
Мұнай төгінділері қалдықтарының әсері Массачусетс штатындағы Кейп-Код жартыаралынан да байқалды. Онда Вудс Хоул Океанографиялық институт жариялаған таяудағы зерттеу жұмыстары 1969 жылы төгілген мұнайдың кейбір жағалау жазықтарының шөкпе қабаттарында қалғанын көрсетті.
МЕКСИКА ШЫҒАНАҒЫ ОЙНАП ҚАЛАДЫ!
Экологтардың ортақ пікірінше, бүгінде дүние жүзінде мұздағы мұнай өнімдерін тазалаудың тиімді әдісі жоқ екен. Апатты жоюдың соңғы тәжірибесі Норвегияда болыпты. Бірақ онда да ең соңғы заманауи әдістерді қолдана отырып, тек төгілген мазуттың жартысын ғана жинай алған.
Естеріңізге салсақ, биылғы жылдың күзінде «Гринпис Интернэшнл» халықаралық табиғат қорғау ұйымының ізбасарлары 2012 жылдың тамызында оны басып алу әрекетін жасағаннан кейін ресейлік Газпром «Приразломная» мұнай платформасында мұнай өндіруден бас тартқан еді. Мұнай-газ алыбы бұрғылау қауіпсіздігі жетілмегенін және мұнай өндіру қауіпті болуы мүмкін екенін мойындауға мәжбүр болды. Газпром Арктикада мұнай өндіру жоспарын тоқтатқан соңғы компания болды. Одан бұрынырақ мұны Баффин теңізінде (Канада) ВР, Аляскада Shell, Гренландия жағалауларында Cairn Energy компаниялары жүзеге асырды.
Қазақстанға келер болсақ, биылғы жылдың ақпанында қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан ҚАППАРОВ:
– Қашағанда мұнай өндіру 2013 жылы басталады. Ал мұнай төгіндісіне қатысты дайындық жоқ. Егер мұнай төгілсе, онда апат Мексика шығанағында болған апаттан да ауқымды болуы мүмкін, - деп мәлімдеген еді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА