Атырау, 27 желтоқсан 07:32
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Жайықтағы із кесу

4 552 просмотра

Полицей бекетінен жиырма метр жерде жылы камуфляж киген бір топ адам үкіден ау қайырып жатып, «Түс, балығым, түс, - деген сөздерді айтқан болар... Өткен сенбіде «АЖ» тілшісі Жайық сағасына барып, браконьерліктің бұрынғыша өркендеп жатқандығына көз жеткізіп қайтты.

ТЕГІС ЖОЛДАҒЫ КЕДЕРГІЛЕР

Соңғы рет осы секілді аралау сапарына бес жыл бұрын шыққан едік. Ол кезде мұз құрсанған Жайық өзені кешкі Бродвейді еске түсіретін. Бірінде нөмірлері бар, енді бірінде нөмірлері жоқ ондаған машиналар мен мотоциклдер топ-тобымен және жеке-жеке теңізді бетке алып қозғалып, кері келіп жататын. Мұндай сапарлардың мақсатын түсіну үшін ерекше көрегендіктің қажеті шамалы. Содан бері қарай мүлдем ештеңе өзгермегені анықталды.

Шаңқай түсте сенімді әрі тәжірибелі жол бастаушы Исатай балық қорғау инспекциясы бөлімінің жетекші маманы Бауыржан БИМУРЗИНМЕН жолға шықтық. Бұл сапарымыз туралы санаулы адам ғана білетін. Тіпті балық қорғау қызметінің басшылығы да бейхабар, әйтпесе осынау ұлттық балық аулау ерекшелігін көзімізбен көре алмас едік.

Алдымен Дамбы поселкесінен төменгі жақтан «Ақжайық» қорығының инспекторлар тобы жеке көліктерімен кездесті. Айта кетелік, Жайықтың екі жағалауында қорықтық аймақ туралы ескерту тақтайшалары жазылып тұрады. Резерват инспекторлары қорықтық аумақты тәулік бойына күзетеді. Сол мезет балық жүретін каналдан бізге қарай тікелей ескі «семерка» шыға келді. Жүргіншілерден ешқандай заң бұзушылықтар анықталмады.

Осы уақыт бойына қары тегістелген жолдың екі бағытынан кесіп өтіп жатқан жаңа машиналардың барлық легін фототілшінің объективі үздіксіз түсіріп жатты.

Айтпақшы, алдымыздан балық қорғау бекеті көрінді, одан байқатпай өтіп кету мүмкін емес еді. Мұздан шығып тұрған шоқ қамыстар мен машина дөңгелектері кедергі болатын. Тек шлагбаум арқылы ғана өтуге болатын. Ал бірер шақырымнан кейін осындай кедергілерге толы су полициясының Пешнойдағы бекеті орналасқан. Алайда бекеттегілермен керемет қарым-қатынас орнатқан сансыз келушілер кедергісіз өтіп кету құқығына ие болған секілді. Рас, олардың бір бөлігі қызметтік көліктің жетіспеушілігінен өздерінің жеке көліктерін пайдалануға «мәжбүр» болған инспекторлар мен полицейлердің өздері шығар.

ҮКІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕ

Кейінірек анықталғандай, баспасөздің қатысуымен рейд болып жатқандығы туралы ақпарат тез тарап кеткенге ұқсайды (бұл жерде «Dalacom» байланысының арқасында ұзынқұлақ жақсы жұмыс істейді). Балықшылардың бір бөлігі балық өтетін каналдардың қамыс өскіндерінде жасырынуды жөн көрген. Алайда, бәрі бірдей жасырына қоймапты.

Су полициясының Пешнойдағы бекетінде бір топ адам үкіден ау тарта бастады. Күн сәулесімен сазанның, көксеркенің, қарагөздің қабыршақтары жалт-жұлт етіп жатты. «Ойпыр-ай, браконьерлердің тапа тал түсте басынып, полицияның дәл танауының астынан ау тартып жатқаны ма? – деп таң қалып, - «Аламыз!, - деп шештік. Машинаның әйнегі арқылы оншақты фотосуретке түсіріп алып, жақындап бардық. Сөйтсек, бұлар су полициясы екен. Сол сәтте олар Бимурзинмен сөзге кеп қалды. Шыңылтыр ауада біздің фотоаппараттың сартылы естіліп жатты.

- Сен не түсіріп жатсың? – деп ұмтылды біреуі. – Тоқтат түсіруді!

- «Ақ Жайық» газеті, - дедім мен қызметтік куәлігімді көрсетіп. – Өздеріңізді таныстырсаңыздар.

Көрсеткен қызыл кәртішкелерінен білгеніміздей, алты адамның екеуі Хаметов пен Ермұратов деген полиция қызметкерлері боп шықты. Осынау қызық жағдайда қалған тәртіп сақшылары балық қорғау қызметкеріне иесіз ау құралын тауып алғанын түсіндіріп жатты (иә деген, көзімізді бақырайтып қойып). Содан кейін «көгілдір тұңғиықтың еңбеккерлері» ауды көтеріңкі көңіл күймен шығарып алып, жақындап келген «десятканың» жүк салғышына салып, көзден таса болды.

Алдымызда жағалай тоқтап тұрған автокөліктердің жанына адамдардың топталып қалғанын көрдік. Олар да екі бекеттен кедергісіз өткен еді. Бізге бұдан бұрын кездескен сұхбаттасушылардың бірінің айтуынша, ол жерде прокуратура қызметкерлері демалып жатқан көрінеді. Қадағалау органы өкілдерінің халдерін неге біліп шықпасқа...

Аталмыш жерге сәл жақындап, «Нива Шевролеттің» жанына тоқтадық. Ал оның жолаушылары балық аулап жатқан еді. Сол кезде көліктердің қасында тұрғандардың ішінен екі адам бізге қарай бет алды.

- Қане, фотоаппаратыңды әкел бері, - деді олардың бірі машинамызға келіп ентелеп. – Осы жерде түсіргендеріңнің бәрін жойып таста. Менің көзімше жой!

- Не үшін жоюымыз керек, құрметтім? – деп араластым мен. - Өзіңізді таныстырсаңыз.

Әлгі жауап бермей, жылыстап кеткенді жөн көрді.

БАЛЫҚ ҚАЛАҒА ДЕЙІН ЖЕТПЕЙДІ

Әрі қарай, ашық теңізге шығар жерге жақын маңда әр жерде мұз бетінде қарабалық түскен аулар үйіліп жатты. Шамасы, аулардан уақытында шығарып ала алмағандықтан, мұз боп қатқан балықтарды тастап кетуді ұйғарған болса керек. Жемтікке айналған олардың үстінен құстар айналып ұшып жүрді.

Айтпақшы, күзде балық қорғау қызметінің қызметкерлері дәл осы жерлерден жарты тоннадай балығы бар ондаған ау-торларды тапқан еді. Өзен сағасында мұндай аулар өте көп. Мұз астынан балық аулауға әуесқойларға қала маңынан балық аулаудың мәні жоқтығы, ал «Көктем» базарында бір қарагөздің бағасы 200 теңге болуы осыдан екен ғой. Балыққа бай өлкенің өзінде осындай болса...

Астанада балық саласының апатты ахуалының себебін кеш түсінген еді. Оны өзінің Атырауға келген сапарында премьер-министр Кәрім МӘСІМОВ мәлімдеген болатын. Бұған себеп - браконьерлерді қолдап отырған жергілікті құқыққорғау органдарының сыбайластығынан деп атады ол. Бұл сала криминалданған жүйеге айналғаны соншалық, жыл сайынғы түрлі деңгейдегі «браконьерлікпен қатаң күресті» бастау туралы айбарлы уәделер іс жүзінде бос сөз боп қалады.

Және ешқандай да «Пиранья» көмектеспейді. Мен өткен жылы облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ ресейлік арнайы «Пиранья» жасағы секілді браконьерлікпен күресетін арнайы жасақты су полициясының немесе балық қорғау қызметінің базасында құру туралы ұсынысын айтып отырмын. Осынау жыртқыш балықтың қомағайлығын ескерсек, бұл атау екіұштылау естіледі екен. «Бұрын балық аулау жұмыс болатын, ал енді бұл облыстағы барлық күш құрылымдарының өкілдері араласқан бизнеске айналған, - деп әңгімелеген еді бірде осы іске қанық адамдардың бірі. – Енді қалған балықты тезірек аулау ғана қалды».

Лев ГУЗИКОВ

Суреттерді түсірген В.Истомин

P. S. Сейсенбі күні «АЖ» біздің «тосын» рейдіміз туралы Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекциясының бастығы Амантай АЙЖІГІТОВКЕ хабарлап, барлық көргендерімізге комментарий беруді өтінген еді.

«Иә, мен сіздердің сапарларыңыз туралы біліп отырмын. Автокөліктердің бекеттер арқылы еркін өтіп кетуі мүмкін емес. Олар Еркінқала жақтан балық жүретін каналдар арқылы өткен шығар. Қазір анықтап жатырмыз. Содан соң сіздермен хабарласамыз», - деп жауап берді ол.


23 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.