Атырау, 27 желтоқсан 02:01
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Назарбаев жауапты хатшы мен мемлекеттік органның басшысы өкілеттіктерін бөлді

2 408 просмотра

«Осы Жарлықты қабылдау кәсіби мемлекеттік аппарат құру жөніндегі Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы басымдығы шеңберінде Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жаңа моделі тұжырымдамасын іске асырудың іс жүзіндегі қадамы болып табылады», деп түсіндіріледі сейсенбіде ресми басылымдарда мәтіні жарияланған құжатта.

Жарлық жауапты хатшы мен мемлекеттік орган басшысының өкілеттігін нақты межелейді. Аппараттың қызметі мен кәсіби жұмысын ұйымдастыру жауапты хатшының негізгі міндеті болады. Ол үшін оған қажетті өкілеттілік беріледі.

Осылайша, жауапты хатшы кадр, қаржы, заңгерлік, әкімшілік, құжаттамалық, ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы құрылымдық бөлімшелер қызметіне, сондай-ақ орталық атқарушы органда мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі бірыңғай саясаттың іске асырылуына жетекшілік етеді.

Мемлекеттік сатып алу саласында жауапты хатшының өкілеттіктері (мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын, конкурстық ко¬мис¬сияның құрамын және конкурстық құжат¬та¬ма¬ны бекіту) сатып алуды ұйымдастыру мәсе¬ле¬леріне қатысты болады. Жауапты хатшының өзі жүргізетін мемлекеттік сатып алу тиісті атқарушы органның қызметін материалдық-тех¬никалық қамтамасыз ету бойынша ғана жү¬зеге асырылады.

Жарлыққа сәйкес жауапты хатшыға мемлекеттік орган басшысының міндетін, сондай-ақ жауапты хатшының міндеттерін мемлекеттік органның басшысына және оның орынбасар-ларына жүктеуге жол берілмейді. Жауапты хатшыға сәйкес келмейтін функциялар мен тапсырмалар беру мүмкіндігі болдырылмайды.

Жауапты хатшы уақытша болмаған кезеңде (демалыстар, іссапарлар, сырқаттану және т.б.) тиісті бұйрықпен оның өкілеттігі өзіне қарасты департамент басшысына жүктеледі.

2030 жылға дейінгі Стратегияны іске асыру шеңберінде орталық атқарушы органның кәсіби кадр құрамын қалыптастыру жауапты хатшының шешуші міндеті болып табылады. Осыған орай, Жарлыққа сәйкес кадр жұмысы, қызметкерлерді лауазымға тағайындау және босату толығымен жауапты хатшыға жүктелетін болады. Бұған лауазымға тағайындау және босату өкілеттігі заңдарға сәйкес мемлекеттік орган басшысына немесе басқа лауазымды тұлғаға бекітілген жағдайлар қосылмайды. Мысалы, «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Әділет министрі ведомство басшылары мен олардың орынбасарларын лауазымға тағайындайды және босатады.

Жауапты хатшы аппарат жұмысына, атқарушылық және еңбек тәртібін қоса алғанда, еңбек жағдайларын ұйымдастыруға, іссапарларға, демалыстарға жіберуге, аттестация өткізуге, біліктілікті арттыруға, тілдерді дамытуға, ынталандыру пакетін және іс жүзіндегі кадр резервін қалыптастыруға, сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге, жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарауға, электрондық құжат айналымын енгізуге, жоғары тұрған лауазымды тұлғалардың тапсырмаларын уақтылы орындауға, тәртіптік жауапкершілікке тартуға және т.б. жеке жауап беретін болады

Осы межелеу аппараттың тұрақтылығын арттыруға және ынталандыруға, кадрлық шешімдерді уақтылы қабылдауға жағдай туғызатын болады. Жауапты хатшыға мемлекеттік органның аппаратын жедел басқаруды жүктеу арқылы бірінші басшылардың қызметі салалық саясат пен заңнаманы қалыптастыруға және тиімді іске асыруға шоғырланатын болады.

Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік органның құрылымын негізсіз қайта құрудан қорғауға бағытталған норма Жарлықтың маңызды жаңалығы болып табылады. Атап айтқанда, мемлекеттік органның, ведомстволардың, аумақтық органдардың құрылымы мен штаттық санына өзгеріс енгізу қажеттілігі қайта құру, функциялар өзгерген, сондай-ақ тиісті нормативтік құқықтық акті қабылданған жағдайда ғана мүмкін бола алады.

Жарлықта жауапты хатшының өкілеттіктерін екінші мерзімге ұзарту мүмкіндігімен 4 жылға тағайындау көзделген. Бұл орайда, жауапты хатшы Үкімет немесе орталық атқарушы органның басшысы отставкаға кеткен жағдайда өз өкілетігін тоқтатпайды.

Жарлыққа сәйкес жауапты хатшының жұмысын кешенді мониторингілеуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мемлекеттік органдардың қызметі тиімділігін жыл сайынғы бағалау негізінде жүргізетін болады. Сондай-ақ, жарты жылдың қорытындысы бойынша жауапты хатшының қызметі туралы есепті Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ұсыну қажеттілігі белгіленіп отыр. Мемлекеттік органның жұмысы тиімділігінің көрсеткіштері төмендеген, сондай-ақ, жетекшілік ететін салада ахуал нашарлаған жағдайда, жауапты хатшының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтата отырып, тиісті шаралар қолданылатын болады.

Бірінші басшы тарапынан мемлекеттік органның қызметіне бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Жарлықта жауапты хатшының жұмысын бірінші басшыға қарасты ішкі аудит қызметі арқылы жедел мониторингілеу көзделген. Аудиторлық есеп негізінде атқарушы органның басшысы жауапты хатшының жұмысындағы кемшіліктер жөнінде Премьер-Министр мен Президент Әкімшілігін ақпараттандыра алады.

Дереккөз: newskaz.kz

20 қараша 2012, 12:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.