Атырау, 21 желтоқсан 03:30
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Экология министрі балықшыларды қуантты

3 757 просмотра


Отандық балық және балық өнімдері нарығының көлемі екі есе – қазіргі 66 мыңнан 120 мың тоннаға дейін - артуы мүмкін. Бұл туралы Атырауда өткен кеңесте ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзом МЫРЗАҒАЛИЕВ мәлімдеді.

-Каспий теңізінің ресурстарын игеру есебінен балық аулау көлемін 45 мыңнан 60 мың тоннаға дейін ұлғайту, ал балық өсіруді 7 мыңнан 60 мың тонаға дейін көбейту мүмкіндігі бар, - деді М.Мырзағалиев. – Бұл Қытай мен Ресейге экспорт көлемін өсіруге жол ашады. Ресей балықшыларына қарағанда біздің балықшылар Каспий теңізінде балық аулауды 11 күн кеш аяқтайтыны ескеріліп, балық аулау мерзімі де ұзартылады. Сондай-ақ, Жайық өзенінде балық аулау мерзімі 15 мамырға дейін созылады. Осы мәселелер туралы бұйрық жақында шығады.

М.Мырзағалиевтің айтуынша, бұл шаралар  көктем мезгіліндегі балық аулау көлемін 7 мыңнан 10 мың тоннаға дейін жеткізеді.

Сонымен қатар, аумақтық инспекцияларға табиғи-климаттық жағдайға байланысты балық аулау мерзімін ауыстыру туралы жедел шешім қабылдау құқығын беру жоспарда бар. Бұл норма қазір Парламент Мәжілісінің қарауындағы заң жобасына енгізілген.

Министрдің айтуы бойынша, балық ресурстарын пайдалану төлемі де қайта қарастыруды  қажет етеді:

-Мысалы, бір келі көксеркеге бізде бизнес 35 теңге төлесе, Ресейде – 6 теңге төлейді. Біздің бизнестің қаржылық жүктемесін төмендету қажет.

Мырзағалиев бізде де Ресей Федерациясындағыдай түнгі уақытта балық аулауға рұқсат беру, сондай-ақ «Ақжайық» табиғи резерваты арқылы өту үшін төлейтін төлемдерді алып тастау мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Қазір балықшылар күніне бір адамға 265 теңге төлейді екен. Министр балық шаруашылығын көтеру үшін бірқатар шаралар белгіленгенін, атап айтқанда, Өзбекстанда және Қырғызстанда қолданылып жүргендей су қорғау аймақтарында балық өсіру шаруашылықтарын орналастыруға рұқсат беру керектігін, сондай-ақ суару саласындай емес, барлық суды кері қайтаратын балық өсірушілер үшін су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемді есептеу тетігін өзгерту қажеттігін айтты. Сондықтан судың тек булану және сүзу кезіндегі шығындары үшін ғана төлем қарастырылады. 

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

3 наурыз 2020, 13:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.