Атырау, 10 желтоқсан 10:26
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Жем бағасына кім бақылау жасайды?

7 860 просмотра

Алдымен облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ жеке блогындағы мына бір жазбаға үңілейік: «Мен сізге анамның өтініші бойынша шағымданып отырмын. Оның жасы 82-де, 25 мың теңге зейнетақы алады. "Дина" базары маңындағы жеке меншік үйде  өз қажетттілігі үшін ұстап отырған сиыры мен аз-мұз үй құстары бар. Құрама жемді "Дина" ауданындағы Хозторг базарынан сатып алады. Алайда биыл жем бағасы адам айтқысыз аспандап кетті. Кебектің 1 қабы -1000 теңге тұрады, ол былтыр бар болғаны 300 теңге болған еді. Неге? Жемнің бағасы да күн сайын көтеріліп отыр. Бидай дақылы - 3000 теңге тұрады. Жем мен шөптің  бағасының қымбаттылығы салдарынан Елшібек, Геолог поселкелеріндегі мал басы толық жойылып бітті» - деп жазады Жаннат ШАЯХМЕТҚЫЗЫ.

Шаруа қожалығының иесі Махмұт ҚАБДРАХМАНОВ та тек кебектің өзінің бағасының 4-5 есе өскенін айтып, уайымын ортаға салды. Оның айтуынша 15-20 л сүт беретін сауын сиырдың бір тәуліктік азығы үшін 12-13 кг жем керек екен. Ал бидайдың Атырау базарындағы кг- 70 теңгеден, құрама жемнің бағасы 60 теңгеден екендігін ескерсек, мұндай бір ғана сауын сиырының айлық азығы 27300 теңгеге шығатынын есептеу қиын емес. Ал егер сиыр саны  бес немесе он болса ше? Әрине шаруаларға мұндай шығынға батқаннан оларды сойып тыныш тапқан артық емес пе?

- Премьер-министр Кәрім Мәсімов былтыр шілде айында Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарын аралаған жұмыс сапарында астық өсірумен айналыспайтын облыстарға 400 мың тонна бидай беруге уәде еткен еді. Оның Атырау облысынан исі де сезілмейді,-дейді Махмұт Қабдрахманов.

Жем-шөптің бағасының күрт көтерілуі облыстық ауыл шаруашылық басқармасындағыларға аса батып отырғаны байқалмайды. Оған беретін жауаптары да дайын екен. Яғни бәрі – былтырғы болған қуаңшылықтың салдары дейді олар.

Облыстық ауыл шаруашылық басқармасы бастығы орынбасары Ермек ҚАЙРОЛЛАЕВТЫҢайтуынша, жем бағасы жалғыз біздің облыста ғана емес, барлық аймақта қымбаттап жатыр. Бұдан әрі ол әңгімені «Атырауагросервиске» сілтеді, жем сатумен айналысатын солар дейді.

- Біздің шаруа қожалықтары көбіне ірі сабақты мал азығын дайындайды. Облыстағы малдың көбі, 90 пайызы жеке секторда. Ал жем мәселесімен «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы  айналысады.

-Дегенмен бұл әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация былтыр әкімшілік қарамағына өткен жоқ па?

- Оны біздің басқармаға берген жоқ. Содан соң оның өз айналымында ақшалары бар ғой. Ал біз өз тарапымыздан облыс әкімі шешімімен шаруа қожалықтарына қуаңшылыққа орай қолдау көрсету мақсатында қайтарымсыз субсидия бергенбіз. 121 шаруа қожалығы дайындаған шөп қорына орай 91 млн. теңге көлемінде субсидия алды. Ал жем болмағандықтан малдың жаппай сойылуы деген бос әңгіме,-деді ол.

Ал әңгіменің барысын естіген «АтырауАгросервис» ЖШС директоры Асқар БЕЙСЕНОВ бірден шаруа қожалықтарын кінәлай бастады. Оның ойынша адамдар өз шаруаларын реттеп, қыстың қамын ерте күзде ойлауы керек еді. Ал жеке меншік мал иелері керісінше «ас ішерде керек...» дегендей аузына салып бергенді күтіп отырады, мемлекеттік мекеме болғанымызбен әкеліп беруге міндетті емеспіз деп ренжіді ол. Дегенмен құрама жемге деген сұраныстың биыл ерекше болғанын жасырған жоқ. Мәселен, былтыр оның 200 тоннасы сатылса, биыл 1216 тонна сатылған екен. Оның өзінде көбіне тапсырыс берушілер бордақыда мал ұстайтындар, - дейді ол.

Оның айтуынша алдын болжағандар екі вагоннан сатып алған. Ал бір вагон 64 тонна.

Асқар Бейсенов арзан бағамен лизингке тараттым деп ауыз толтырғанмен оған да екінің бірінің қолы жете бермейтіні анық. Тағы қарапайым арифметикаға жүгініп көрелік, екі вагон құрама жемді «АтырауАгросервис» бастығы айтқан 38 теңгемен сатып алу үшін 4 млн 864 мың теңге керек екен. Оған кімнің әлі жетеді?

Өткен аптада ҚР Статистика жөніндегі агенттігі республикадағы дәнді дақылдар қоры жайлы есебін таратты. Қаңтар айында дәнді дақылдар қоры 689 514 тоннға,яғни 7,4%-ға азайған. «Казах-Зерно» ақпараттық агенттігі жасаған баға мониторингіне сүйенсек, дәнді дақылдар бағасы өсуі тоқтар емес. Мәселен, биылғы қаңтардың 31 мен ақпанның 14 аралығында бидай бағасы аймақтарда 7 пайызға өскен. Астық нарығы сарапшылары астық бағасының өсуі ақпанның аяғында тағы 20 пайызға көтеріледі дейді. Арпа Қазақстан аймақтарында 1,8-2 мың теңгеге дейін қымбаттап отыр.

Сәния ТОЙКЕН

23 ақпан 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.