Ресейдің гидрологиялық институтының болжамы бойынша, 2010-2040 жылдар аралығында Жайық өзенінің жылдық ағысы нормадан 10%-ға артып, жылдың суық кезеңінде климат жылып, ылғалдылық көбейеді. Алайда осы уақыттың алғашқы он жылдығы өтсе де, Атырауды суға қарық қылмады.
Ресей ғалымдары Башқұртстанда Жайық сағаларында гидротехникалық нысандар құрылысының қарқынды өсу фактісін айтып отыр. Соңғы жылдары өзеннің оң жағалауында жалпы көлемі 100 млн текше метрден асатын 5 су қоймасы салынды. Жайық суы көлемінің жартысын қамтитын негізгі саласы - Сақмар өзенінің реттелуі алаңдаушылық туғызады. Сонымен қатар, бұл ағыстың бойында күрделі жөндеуді қажет ететін жүздеген көне бөгеттер бар. 2020 жылы Донгуз су қоймасын күрделі жөндеу жоспарлануда.
Жайық – жалпы халқы 4,5 миллион адамды құрайтын 70 қалаға су беретін Еуропадағы көлемі жағынан үшінші өзен. Ірі су қоймалары мұнда ХХ ғасырдың 30-50 жылдары өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін салынған. Бөгеттердің тұрғызылуы тасқын су басу қаупін төмендетті, бірақ Жайық суының көлемін азайтып, экологияға зияны тиді. Қазақстан аумағында Оралдан төмен қарай Жайыққа бір де бір ағыс қосылмайды және Каспий теңізіне жеткенше судың 20%-ы жойылады.
Жайық өзеніндегі ірі су қоймалары мен су тораптарынан басқа, Ресей мен Қазақстан шегіндегі шағын өзендерде 3 мыңнан астам жер бөгеті салынды, олар көп су келетін жылдары 40-50%-ға дейін, ал су аз мезгілде 85%-ға дейін көктемгі өр суын бөгейді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ