Атырау, 21 желтоқсан 02:54
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Жоғарыдан бәрі көріне ме?

3 032 просмотра


Атырауда Қазақстан және Ресей ғалымдары ұшақпен бақылау арқылы есепке алынған итбалықтың алдын-ала көрсеткіштерін бұқараға жария етті. Естеріңізге салсақ, ұшақпен шолу жасауды  2005-2012 жылдар аралығында  NCOC ұйымдастырып, қаржыландырған еді. Кейін түрлі себеппен итбалықты есепке алу жұмысы тоқтап қалды. Ал биыл қайта қолға алынды.

NCOC-дің өндірістік-экологиялық бақылау және биологиялық әралуандылық бөлімінің бастығы Ержан ҚУАНЫШЕВТІҢ айтуынша, компания Солтүстік Каспийде 1993 жылдан бері экологиялық зерттеу жүргізіп келеді.

-Соңғы онжылдықта ауа мен су  температурасының көтерілуі,  теңіз деңгейінің төмендеуі, оның тұздылығы, қыс мезгілінде мұз қататын жерлерінің азаюы секілді табиғи өзгерістер тіркелген. Осы факторлар көп ретте итбалықтарға да әсер етеді. Ал итбалықтың жағдайына қарап, Каспий теңізінің ахуалын білуге болады.

Қуанышевтың айтуынша, Каспий итбалығының популяциясы ХХ ғасырдың басында 1 миллион болса, ХХІ ғасырдың басында 100 мыңға дейін азайып кеткен.

- Әуе кемелерінің ұшуына әртүрлі әкімшілік кедергілер болуына байланысты 2012-2019 жылдары компания зерттеу жүргізбеді. Былтыр бізге ресейлік Северцов институтының мамандары жолығып, зерттеуді бірге жүргізуге ұсыныс жасады. Біздің есебіміз бойынша итбалықтың популяциясы 100 мың бас болса, ресейлік әріптестер 270 мың деп есептеген. Бұл жердегі сонша үлкен айырмашылықты  есептеу әдісінің және әртүрлі мамандар мен қолданылған технологияның ерекшеліктеріне байланысты деп түсінген жөн. Осының бәрін ескеріп, нақты көрсеткішке жету үшін серіктестік келісімге келдік. 5 жылға бағдарлама жасалып, қол қойылды. Оның негізгі шарттарының қатарында әуе арқылы есептеу де бар. Соған сәйкес өткен жылдың соңы мен осы жылдың басында ұшақпен шолып қайттық.

Зерттеу жұмыстары Солтүстік Каспийдің қазақстандық секторының акваториясында Piper PA-34 ұшағының бортында жүргізіледі. Неге тек қазақстандық секторы дейсіз ғой? Климат ауытқып, қыстың жылы өтуіне байланысты Солтүстік Каспийдің Ресей бөлігінде мұз қатпаған. Сондықтан желтоқсанның аяғына келетін төлдеу уақытында олар бізде жиналған.

Ұшақ авитүсірілім жасайтын күрделі аппаратура кешенімен жабдықталған: GPS геолокация жүйесі, инфрақызыл тепловизор, алыстан анық түсіретін фото және видео жабдықтар, аспаппен және көзбен шолу арқылы ақпарат жинайтын борттық автоматты жүйе.  Аспаппен және шолу арқылы ақпарат жинайтын борттық автоматты жүйе көмегімен жүргізілетін әуе есебі арқылы көрінген итбалықты есептеп, құжатқа тіркеп, салыстырып, топтасқанда саны қанша болатынын дәл анықтауға болады.

ҰШУДЫ ЖАЛҒАСТЫРАМЫЗ

Теңіз биологы, «Қолданбалы экология Қазақстандың агенттігі» ЖШС-нің өндірістік экологиялық бақылау департаментінің директоры Федор КЛИМОВ бастапқы нәтижелермен бөлісті:

- Әуеден бақылау арқылы итбалықтың желтоқсан айының соңғы онкүндігінде төлдейтіні анықталды. 2020 жылғы 7 қаңтардағы мәлімет бойынша әуебақылау маршрутында 2082 итбалық тіркелді, оның 1167-і ересек және 915-і ақүрпек. Ал 12 ақпанда 9993 итбалық тіркелді: 5753 ересек және 4240 күшік. Мұзжарғыш кемесі арқылы ақпараттарға сәйкес, 8 ақпанда 26 бас, 13 ақпанда 129 итбалық тіркелген.

Қазір Каспий итбалығының популяция аналығы мен төлдер санын әуе арқылы есептеу жұмыстары жүргізілуде. Компания итбалықтың көктемгі жатақтарын әуеден түсіруді де жоспарлап қойды. Егер қазіргі қолданыстағы сынақтан өтіп жатқан зерттеу жұмыстары, итбалық басын санау әдістемесі сәтті шықса, бұл жұмыстар ұзақмерзімді бақылау тәжірибесіне енгізіледі.

Көптеген адамдар итбалықтың қырылуын Қашаған кенішіндегі мұнай өндірісімен байланыстырады. Бұл шарада да осы мәселе көтерілді. Ғалымдар бұл жағдайда кейін қалпына келетін теңіз ағзаларына қысқамерзімді әсер ғана болуы мүмкін деп жауап берді. 

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

24 ақпан 2020, 12:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.