Атырау, 27 желтоқсан 02:05
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Батыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында табыстар да, толғақты мәселелер де бар - Исмадияр Жұмабаев

7 391 просмотра

ОРАЛ. 18 қараша. ҚазАқпарат - Жыл сайын қарашаның үшінші жексенбісі елімізде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтіледі. Осыған орай Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Исмадияр Жұмабаев аталмыш саладағы жетістіктер, кейбір толғақты мәселелер, алда тұрған мақсат-міндеттер жөнінде тарқатып айтып берді.

- Елбасымыздың Жолдауында көрсетілгендей, мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде 2014 жылға қарай ішкі рыноктың 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс. Бұл ретте инвестициялық жобалардың іске асуы облыстағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін зор ықпал етеді, деді ол. Өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінде соңғы үш жылда жалпы құны 10 млрд. теңгеден астам 20 инвестициялық жоба іске асырылды. Атап айтқанда, «Агротраст» ЖШС және «Аққайнар» АҚ-ның диірмен кешендері, «Батыс күнбағыс» АҚ-ның өсімдік майын шығаратын зауыты, 500 басқа арналған «Ақас» ШҚ-ның сүт-тауар фермасы, 8640 басқа арналған «Кроун Батыс» ЖШС-ның мал бордақылау кешені, «Ликорис Қазақстан» ЖШС-ның мия тамырын өңдеу зауыты және басқа да ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеу кәсіпорындары бар. Қазіргі таңда жалпы сомасы 8,3 млрд. теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 7 жоба жүзеге асырылуда. Олар: жылыжай кешені, шұжық, спагетти және жайма, кондитерлік өнімдер өндіретін цехтары, көкөніс сақтау қоймасы, ал сүтті қайта өңдейтін цех жаңғыртылуда.

- Кейбір мал өнімдерін өңдеу мен өткізуде әлі де болса қиындықтар кездесіп отыр. Осы мәселенің түйіні қалай шешілуде?

- Облыста мал шаруашылығының ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу мен оларды өткізу бойынша қиындықтар жоқ. Кәсіпорындарда бұл өнімдерді қайта өңдеу көлемі жыл сайын артып, жаңа өндіріс орындары да ашылуда. Ал жүн және тері шикізаттарын қайта өңдеу мен өткізу мәселелері бойынша бірқатар мәселердің бар екені рас. Облыс бойынша жыл сайын 1600 тоннадан астам жүн (барлық түрі), 180 мың ірі қара малының және 400 мың ұсақ малдардың терісі өндіріледі. Жүнді өткізуге келер болсақ, бұл мақсатта республикалық бюджет есебінен биязы жүннің 1 келісі 105 теңгеден субсидияланады. Аталған жүнді өндірумен Қазталов ауданында орналасқан «Жаңа тұрмыс» ӨК айналысып, жыл сайын 12,0 тонна биязы жүнді қайта өндеу кәсіпорындарына тапсырып келеді. Ал қылшық жүнді қайта өңдеу «Аяз» және «Надежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің еншісінде. «Аяз» ЖШС-ның қуаттылық күші жылына 700 тонна болса, қазіргі уақытта не бары 150 тоннаны құрайды. Фабрика байпақ және киіз өндіреді. «Надежда» серіктестігі көрпе жасап шығарады, оның өндіру қуаттылығы жылына 50 тонна шамасында. Ал теріні қайта өңдейтін тек бір ғана «Аист» ЖШС, оның қуаттылығы төмен болғандықтан жылына бар болғаны 10 мың дана теріні қайта өңдейді. Қазіргі таңда Ақтөбедегі жүнді алғашқы өңдеу фабрикасын қайта жандандыру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Егер бұл фабрика іске қосылған жағдайда облыс аумағында өндірілген жүндерді аталған фабрикаға тапсыруға мүмкіндік болады.

- Биылғы жылы батысқазақстандық диқандар егіннен дұрыс өнім ала алмады. Бар шыққан өнім ысырапсыз жинап алынды ма?

- Үстіміздегі жылы жалпы облыс бойынша 407,9 мың га немесе өткен жылғыдан 13,9 мың га артық дәнді дақылдар егілген болатын. Алайда ағымдағы жылдың көктем-жаз айларында ауа райы өте ыстық болып, қуаңшылық жағдай қалыптасты. Батыс Қазақстан гидрометеорология орталығының мәліметі бойынша 1 мамырдан 10 шілдеге дейін ауа температурасы +41 градусқа, ал топырақ температурасы +65 градусқа дейін жетіп, тиімді мөлшерде жауын-шашын жауған жоқ. Бұл өз кезегінде барлық дәнді дақыл алқабының 41%-ның немесе 167,2 мың га егістіктің, оның ішінде 8,6 мың га күздік дәнді дақылдардың және 158,6 мың га жаздық дәнді дақылдардың күйіп кетуіне әкеліп соқтырды.

Облыс бойынша 240,7 мың га алқаптың егісі орылып, гектарына 5,4 центнер өнімділікпен 129,7 мың тонна астық (бункерлік салмақта) жиналды. Жақсы өнім күздік дәнді дақылдардан алынды. 53,4 мың га алқаптан әр гектарынан орташа 10,2 га өнімділікпен 54,3 мың тонна астық (бастапқы салмақта) алынды.

Жалпы, егінді орып-жинау жұмыстары өз уақытымен, оңтайлы мерзімде жүргізіліп, өнім жауын-шашынға ұшырамай, ысырапсыз жиналып алынды.

- Осы жағдайға қарап алдағы уақытта облысымызда күздік дәнді дақылдар алқабының көлемі ұлғаяды деп айтуға бола ма?

- Ағымдағы жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі пен облыс әкімдігі арасында 2012-2016 жылдарға арналған егіс алқабы құрылымын әртараптандыру бойынша меморандумға қол қойылған болатын. Аталған меморандумға сәйкес, дәнді дақылдар көлемін жыл сайын 400 мың га шамасында қалдыру жоспарланған. Алайда сол көлемдегі жаздық дақылдар алқабын азайтып, есесіне күздік дәнді дақылдар үлесін арттыру қарастырылған. Өткен жылы күздік дәнді дақылдар 62,03 мың га алқапқа егілген болса, биылғы жоспар 80 мың га болып белгіленді. Ал нақты егілгені 88,9 мың гектар, жоспар 111%-ды құрады, оның ішінде күздік бидай - 63,3 мың га, күздік қара бидай - 25,6 мың га. Егісте күздік бидайдың «Жемчужина Поволжья», «Саратовская-90», «Куйбышевка», «Лютесценс-72», күздік қара бидайдың «Саратовская-4», «Саратовская-5» сияқты өнімділігі жоғары сорттары пайдаланылуда. Сонымен қатар Бөрлі ауданында майлы дақыл - күздік арыш 6200 га алқапқа егілді.

- Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге халықты бау-бақша өнімдерімен қамту мәселесі де кіреді ғой. Облыс тұрғындарын көкөніспен қамту жайы қалай?

- Жалпы картоп және көкөніс-бақша дақылдары өндірісін ұлғайту есебінен облыс тұрғындарының қажеттілігі өзімізде өндірілген өнімдермен қамтамасыз етіледі. Тек ерте пісетін көкөністер мен пиязға (қамтылу 43%) деген қажеттілік сырттан әкелінетін өнімдермен жабылады. Жекелеп айтсақ, облыс халқының картопқа деген қажеттілігі 43 мың тоннаны құрайды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, биыл 53,9 мың тонна картоп өнімі жиналды. Бақша дақылдарына деген қажеттілік 15,2 мың тоннаны құраса, бүгінде облыста 24,6 мың тонна бақша дақылдары өндіріліп отыр. Көкөніс өнімдерінің қажетілігі 46,2 мың тонна, алынған көкөніс өнімі 50,4 мың тоннаға жетті.

- Өңірімізде жылыжай шаруашылығы қаншалықты деңгейде дамуда? Көкөніс сақтау қоймаларының жай-күй қалай?

- Облыс тұрғындарын ерте пісетін көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында соңғы үш жылда жаңадан 34 жылыжай салынды. Бүгінгі таңда олардың саны 38 жетіп, жалпы аумағы 15,4 мың шаршы метрді құрап отыр. Жылыжай шаруашылықтарында 2011 жылы 163 тонна ерте піскен көкөніс өнімдері, қызанақ пен қияр алынса, үстіміздегі жылдың бірінші дақыл айналымында 129 тонна өнім алынды. Қазіргі уақытта Зеленов ауданының «Көкөніс» ЖШС-ында 2,2 гектарлық ірі жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жылыжай кешені қуаттылығы 54 МВт газтурбиналық бекетінен пайдаланылған бу күшімен қамтылатын болады. Оның құрылысы толығымен біткенде жылына 770 тоннадан астам көкөніс өнімдерін өндіреді деп күтілуде.

Көкөніс сақтау қоймаларына келер болсақ, ондай нысанның көп болғаны жақсы. Себебі ол жеміс-көккөніс өнімдерінің құнын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Маусымаралық сақтауды ұйымдастырудың арқасында көкөніс өнімдері биыл соңғы 2-3 жылдағы ең төмен бағаны құрады. Күз-қыс уақытында картоп, сәбіздің 1 келісін 45-50 теңгеден, қырыққабатты 25-35 теңгеден, қызылшаны 50 теңгеден алуға мүмкін болды. Қыс мезгілінде бағаның күрт өсуі болған жоқ. Жалпы облысымызға сыйымдылығы 37,8 мың тоннаны құрайтын көкөніс сақтау қоймалары қажет. Қазіргі уақытта облыс бойынша маусымаралық уақытта жеміс-көкөніс өнімдерін сақтайтын жалпы сыйымдылығы 33,1 мың тонна болатын 28 көкөніс сақтау қоймасы бар, олар қажеттіліктің 87,3%-ын құрайды. Соңғы жылдары сыйымдылығы 15,8 мың тонна 6 заманауи типтік қоймалар салынды. Олар: «Аттис-Орал Агро» ЖШС-на қарасты 4 мың тонналық, «Десумбаев» ШҚ-ның - 2,4 мың, «Кублей» ЖШС-ның - 4 мың, «Предко» ШҚ-ның - 2,0 мың, «Август» ШҚ-ның - 2,0 мың, «Гудилов» ЖК-ның - 1,4 мың тонналық қоймалары. Бұлардың үшеуі неміс технологиясымен жабдықталған. Қазіргі уақытта Теректі ауданындағы «ОралАгроСервис» ШҚ-да сыйымдылығы 4,8 мың тонналық заманауи типтік көкөніс қоймасының құрылысы жүргуде. Осы қойма іске қосылғаннан кейін көкөніс қоймаларымен қамтылу 100%-ды құрайтын болады

- Исмадияр Рысқалиұлы, облыстық агроөнеркәсіп саласы биылғы жылды қалай қорытындылағалы отыр?

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша оң нәтижеге қол жеткізіліп, ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің қөлемі 2010 жылмен салыстырғанда 23%-ға артқан болатын. Бірақ үстіміздегі жылы ұзаққа созылған құрғақшылықтың нәтижесінде дәнді дақылдар алқабының 41%-ы, майлы дақылдардың 61%-ы есептен шығарылуы өсімдік шаруашылығына, жалпы өнім көлеміне айтарлықтай кері әсерін тигізді. Сол себепті жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі былтырғы жылдың деңгейінен төмен болады деп күтілуде.

- Алда тұрған маңызды міндеттерге тоқталсаңыз...

- Былтыр өткен агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумында Елбасымыз жақын арадағы перспективалық міндеттерді қойып, өсімдік шаруашылығын әртараптандырып, мал шаруашылығын дамытып, өндіріс көлемі мен ауыл шаруашылығында қайта өңдеуді дамыту қажеттігін атап айтқан болатын. Облыстың барлық ауданында мал басын арттыруға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, төрт түлік малымыздың басын көбейтіп, етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуымыз қажет.

Қазіргі таңдағы маңызды мәселенің бірі - мал қыстағы. 2012-2013 жылдың мал қыстағына бүгінгі күні облыста былтырғы жылдан қалған мал азығын қоса есептегенде 1106 мың тонна көлемінде мал азығының қоры дайындалды, ол қажеттіліктің 112%-ын құрайды.

Салада ветеринарлық қолайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін ветеринарлық-профилактикалық шаралар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген жоспарға сәйкес, толық көлемде жүзеге асырылуда.
Жаздық дәнді дақылдар тұқымын дайындауға келсек, жалпы облыс бойынша келер жылдың көктемгі егісіне жаздық дәнді дақылдар тұқымының қажеттілігі 36,3 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 29,7 мың тонна немесе қажеттіліктің 82%-ы дайындалды. Тұқым дайындау жалғасуда. Дайындалған тұқымды егу сапасына тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ келесі жаздың егісіне топырақ дайындау, яғни сүдігер жырту жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Бүгінде жоспарланған 250 мың гектардың 71,1%-ы жыртылды.

Дереккөз: inform.kz

18 қараша 2012, 02:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.