Зардабы зерттелмеген зобалаң
Облыстық әкімдікте Құрманғазы ауданындағы тоқтатылған «Азғыр» полигоны бойынша кеңес болып өтті. Полигон аумағында 10 тәжірибе алаңдары орналасқан. Онда 1966-1979 жылдар арасында түрлі қуаттылықтағы 17 жерасты жарылыстары жасалған. Содан бері бөлінген бәленбай миллион бюджет қаржысына қарамастан, «ұйқыдағы» полигон қауіпсіз боп қалған жоқ, азғырлықтардың өмір сүру жағдайлары да жақсарған жоқ.
2008-10 жылдары Азғыр аймағында кешенді инженерлік-геологиялық түсірілім жасалған. Онда геоэкологиялық жағдайлар бірнеше көрсеткіштер бойынша апат шегінде тұрғанын көрсетті. Жерасты суларында химиялық элементтердің бірқатарында (кадмий, литий, мыс, марганец) шектеулі мөлшер коэффициенті 2-5 есеге асып кеткен.
Жақын күндері полигонға аяқ басып, ауылдық округ тұрғындарымен кездескен сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ медиктердің олардың қандарынан ауыр металлдарды анықтағандығын әңгімеледі. Азғырлықтардың өмірі, сенатордың айтуынша, сапалы ауыз судың жоқтығынан да қиындап отыр. Олар «ЗапКазНедра» аймақаралық аумақтық департаментінің хатына сәйкес, зиянды заттардың шектеулі мөлшер коэффициенті нормадан жүз есе асатын жерасты құдықтарының суларын ішіп отыр.
Құрманғазы ауданының әкімі Аманжан ТАКЕШОВТІҢ айтуынша, медиктер судың құрамында магний, калий, кальций, литий, никель және берилийдің көп мөлшері бар екендігін анықтаған. Осы себепті халық арасында асқазан-ішек аурулары, жүрек-қан тамырлары аурулары кең тараған. Ал Қоянды топтық су құбырының құрылысы тоқтап қалған. Мердігер компанияға қарсы қылмыстық іс қозғалып, ал әрі қарай құрылысты қаржыландыру кейінге қалдырылған. Әкім де Азғырдағы жер әлі күнге дейін радиациядан жапа шегіп келе жатқанын еске салды. Цезий-137 33 жылдан кейін, стронций 90-100 жылдан соң ғана ыдырайды, ал 239-изотопты плутонияның ыдырау мерзімі - 242 жылдан 6000 жылға дейін екен.
Ядролық физика институтының директоры Әділ ТӨЛЕУІШЕВ 1995 жылдан бастап полигонның Ұлттық ядролық орталықтың құзырында екендігін хабарлады.2001 жылдан бастап ол жерде радиациялық бақылау, 2002 жылдан радиоактивті дақтарды жою жұмыстары жүргізіледі екен. Ол сондай-ақ, олардың зерттеулері полигонның радиациялық ахуалға әжептәуір теріс әсерін анықтамағандығын мәлімдеді. Алайда, оның айтуынша, зерттелген судың беткі қабаты мен сумен қамту көздері ауыз су үшін жарамсыз екен. Әрі қарай Ә.Төлеуішев қарама- қайшы түйіндер келтірді: полигонның маңындағы аумақтар мен елді мекендердегі радиациялық ахуал қалыпты, бірақ ядролық жарылыстар болған жерлердің барлығы радиациялық қауіпті деп табылады және үнемі бақылауды талап етеді деді. Ал анағұрлым қауіптің ықтимал механизмі – радионуклидтердің жерасты суларымен таралуы екен.
Баяндама аяқталған соң ядролық қару шығарушыға сұрақтар жауды. С.Еңсегенов осыншама жыл ішінде полигон алаңы неліктен бетондалмағандығын сұрап, бүгінде оның әдеттегі металл сыммен қоршалғандығын, оны өріске шыққан малдың таптап, радиация жұққан жерге жайылатындығын айтты. Төлеуішев болса, полигонның тіркелген нормаларға сай қоршалғандығын, ал қауіп жер бетінде емес, жер астынан болатынын айтып, қорғанып бақты.
Облыстық мәслихаттың депутаты Мағауия ШЫРДАБАЕВ:
- Өз зертханаларыңызға су сынамасын қандай жағдайда тасымалдайсыздар? Неліктен сіздің зерттеулеріңіз «ЗапКазНедра» ұсынған нәтижеден өзгеше жақсы нәтиже берген?
Оның үстіне «ЗапКазНедраның» бұл зерттеуді ұлттық ядролық орталықтың өзінің зертханасына тапсырыс беріп жасатқаны және екі қорытындыдағы айырмашылықтар түсініксіз боп қалды.
Ядролық орталық өкілдері жерасты суларының барлық сынамалары зерттеуге автокөлік арқылы Ақсайдағы (Батыс Қазақстан облысы) зертханаға жеткізілетіндігін мәлімдеді. Ал Алматыға күрделі талдаулар жасау үшін аз ғана партиясы жіберіледі екен. Олар сондай-ақ, ядролық орталықта жүргізілген зертханалық зерттеулердің дұрыстығына кепілдік беретіндіктерін мәлімдеді. Алайда зертхананың мұншалықты түрлі айырмашылықтағы қорытынды жасағандығын түсіндіре алмады. Атыраулық оппоненттер Ақсай зертханасының зерттеу сапасына күмән келтірді. Олардың айтуынша, өз аймағында ол осы секілді нысандар жұмысын игере алмай отырған көрінеді. Тіпті Ә.Төлеуішевті де жалған айтып отыр деп айыптады.
Облыстық төтенше жағдай қызметінің бастығы Жасұлан ЖҰМАШЕВ көлік жолдары арқылы ықтимал қауіпті заттарды тасымалдайтын институт неліктен өз әрекеттерін төтенше жағдайлар департаментімен бірде бір рет мақұлдамағандығын сұрады? Ядролық орталық өкілдері олардың полигоннан алынатын және тасымалданатын барлық сынамаларының қауіпсіз екендігіне сендіре бастады. «Егер олардың радиоактивті емес екендігіне алдын ала көздеріңіз жетсе, онда оның сынамасын зертханаға жіберудің мәнісі қандай еді?», - деп зал шулай жөнелді. Ядролық орталық өкілдері осы айыптаулардың барлығын жөнсіз деп атады. Олардың айтуынша, су сынамасы жылдың әр уақытында ерекшеленуі мүмкін, ал зерттеулердегі айырмашылық халықаралық атом энергиясы агенттігі бекіткен шкалаға сәйкес өзгеруі мүмкін екен.
Ал 2009-2011 жылдары Ұлттық ядролық орталыққа Азғырды зерттеуге бөлінген қаржыландыру көлемі 74 млн. теңге құраған. Ал жергілікті бюджеттен радиоактивтік ластану учаскелерін жою жұмыстары үшін, Ә.Төлеуішевтің айтуынша, соңғы жылдары 20 млн-дай теңге бөлінген.
Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің вице-министрі Мәжит ТҰРМАҒАМБЕТОВ алдыңғы жылдары құрылған көптеген комиссиялар алдарына қойған міндетті орындамағандығын айтты:
- Мен мәселені дұрыс қоймай отырмыз деп есептеймін. Ең алдымен полигонның адамдарға әсерін зерттеу керек.
Соңында эколог Махамбет ХӘКІМОВ ядролық орталық өкілдерінен, Қазақстанның ядролық банктің халықаралық жобасына кіруі Азғыр аумағынан басқа елдердің радиоактивтік қалдықтарын көмуге арналған қорым жасауға әкеп соқтырмай ма деп сұрады?
Ә.Төлеуішев ядролық отын банкі қалдықтарды көмуге емес, уранға бай сенімді елде «банк депозитінің мысалы бойынша» орналастыруға арналғанын мәлімдеді.
- Қазақстанда ядролық қалдықтарды орналастыру қарастырылмаған, - деп ол жиынға қатысушыларды «тыныштандырды».
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА